Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Қошанов не дейді, Сүлейменова не дейді?

Мәжіліс төрағасы
Фото: AMANAT партиясы

AMANAT партиясы жасанды интеллект дәуіріндегі мұғалімнің рөлі туралы уайымдап жатыр. Астанада 300-ден астам мектеп мұғалімі, колледждер мен ЖОО оқытушылары, студенттер, ғалымдарды жинап алып, «Жасанды интеллект дәуіріндегі мұғалімнің рөлі мен білім беру саласындағы инновация» деп аталатын жиын өткізіпті. 

Мұғалімдер қай уақытта да «Аманаттың» армиясы болды. «Нұр Отан» кезінен солай. Сондықтан бұл жиынға мән бермеуге де болатын еді, тек күтпеген жерден партия төрағасы, мәжіліс спикері Ерлан Қошанов мұғалімдердің жүктемесінің көптігі туралы айтып, «жаңалық ашты». Мәжіліс спикері бұрын мұғалімдер күндіз сабақ өткізіп, түнде дәптер тексеріп, журнал толтыратын, қазір жағдай одан да қиындап кетті деп күйінеді. Қошанов басты кедергілердің бірі ретінде – қағазбастылыққа қоса WhatsApp-тағы чаттар (жиналыс жасанды интеллект туралы екенін де ұмытпаңыз) көбейгенін айтады. Яғни, мұғалім қазір түні бойы WhatsApp-тағы чаттарда оқушылар мен ата-аналардың түрлі сұрағына жауап беруге мәжбүр. Мұның өзі ұстаздарға артық жүк. «Сондықтан біздің фракция депутаттары осындай «түнгі чаттарға» және мессенджерлерге шектеу қоюды ұсынбақ», – деді Е.Қошанов.

Негізі Қошанов көтеріп отырған бұл мәселелер жұрт елең ете қалатындай жаңалық емес. Бұған дейін де сан мәрте айтылған, қоғамда жиі талқыланған, тәуелсіздік алғаннан бері қазақ білімімен бірге келе жатқан мәселелер. Айтыла-айтыла әбден жауыр болған, бірақ толық шешімін таппаған түйткілдер.

Қошановтан бұрын бұл мәселені мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов те айтқан. Ол жақында «Педагог мәртебесі туралы» заңға түзетулер әзірлеп, Үкіметке жолдадық» деген. Сондай-ақ Аймағамбетов жаңа заңға айтарлықтай өзгеріс енгізілгенін, қағазбастылық, мұғалімдерді жұмысқа жегу, ұстаздарды пост жазуға немесе блог жүргізуге мәжбүрлеу сияқты мәселелерге тыйым салынады деген. Депутаттар заңды Үкіметке жіберіп, енді ресми қорытындысын күтіп отыр екен. Қошановтың «Мұғалім Talks» кейс-платформасында жаңғыртып айтқаны осы мәселе болса керек.

«Түнгі чат» туралы айтқан соң, онда қандай мәселелер сөз болатынын да айтар деп күткенбіз. Бірақ, спикер ол жағына барыспады. Тағы бір айта кетерлігі, Қошанов бұл мәселеде мұғалімдерді жақтаймын деп, ата-аналарды кінәлай сөйледі. Рас, «мұғалім тәулік бойы модератор болуға міндетті емес», бірақ, ақыры «түнгі әңгіме» айтылған соң ата-аналар неге ұйықтамайды деген мәселе де айтылуы керек еді ғой? Ал оның артын қазса, мектептегі білім сапасы мен мұғалімдердің білім деңгейіне дейін әңгіме болады. Оны спикеріміз жақсы біледі, сондықтан, соларға арналған жиын болған соң, бас жаққа барыспай, мұғалімдерге ұнайтын, арашашы болған сөзбен тоқтай салды.

Бұл жиналысқа, әлбетте, су жаңа оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да қатысты. Ол сөзін президенттің тапсырмасына сәйкес «кешенді бастамалар іске асырылуда» деп бастады. Сөйтті де Оқу-ағарту министрлігі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп «2025-2029 жылдарға арналған білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің тұжырымдамалық негіздерін» бекіткенін жеткізді. Сондай-ақ министрдің айтуынша, оқытуды дербестендіруге бағытталған AI Kitap платформасы іске қосылып, Day of AI онлайн-әдістемелік кешені әзірленіпті. Сонымен қоса, Сүлейменова бұл жиында ендігі бір маңызды шаруа «Педагогтердің жасанды интеллектті тиімді қолдану біліктілігін арттыру» мәселесі екенін баса айтты. Тіпті министрлік «біліктілікті арттыруды» бастап та кетіпті. Ол үшін «ЮНЕСКО бағдарламасы негізінде әзірленген» Acquire → Deepen → Create деп аталатын үш деңгейлі оқыту жүйесі іске қосылыпты. Ең ғажабы, Acquire деңгейіндегі онлайн курсынан 200 мыңнан астам мұғалім қазірдің өзінде өтіп үлгеріпті. Ал жоғары деңгейдегі оқытуға 15 мыңнан астам информатика пәні мұғалімі қатысып жатыр екен.

Бір қызығы, министр Сүлейменова мәжіліс спикері Ерлан Қошанов айтқан «мұғалімдердің шамадан тыс жүктемесі мен міндеттемесі туралы» мәселеге қатысты ешқандай пікір білдірген жоқ. Мұны мәжіліс спикері айтқандай, маңызды шаруа деп есептемеген сыңайлы, жаңа министрді бұдан гөрі «жасанды интеллекттіні білім беру жүйесіне қалай енгізем?» деген сұрақ көбірек мазалайтын көрінеді.

Жасанды интеллект қазір барлық салаға дендеп кіріп жатыр, оның жалпыласқаны, ел игілігіне жарағаны дұрыс-ақ, алайда білім беру ісін, оқу-ағарту саласын жасанды интеллекттінің қолына табыстамас бұрын, ең әуелі білім саласында қордаланған, осы уақытқа дейін шешімін әлі таппаған «мұғалімдердің қағазбастылығы, олардың артық жұмысқа жегілуі» сияқты мәселелерді ғана емес, оқулық мәселесін де шешіп алу керек емес пе? Ұстаздарымыз әлі де шұқиып, қолымен күнделік толтырып, оны қайтадан электронды түрде тіркеп, қосымша жұмыстарға шапқылап, әртүрлі чаттарда тынымсыз жауап жазып отыр. Ал Сүлейменова осының бәрін бір шетке ысырып қойып, бірден жасанды интеллекттіні білім беру жүйесіне енгізбекші ме?

Естеріңізде болса, 2023 жылы, 4 қаңтар күні Ғани Бейсембаев оқу-ағарту министрі болып тағайындалғанда жұмысқа білек сыбана кіретіндей сыңай танытып, уәдені үйіп-төккен. Алайда Бейсембаев министр болған 2,5 жылдан артық уақытта көзге көрінер ештеңе тындырмастан кетті. Ал Сүлейменова келгеніне екі аптадан асса да бағдарлама ұсынып, «мен мынаны өзгертем» деп көзге түспей, тым-тырыс жатып алып еді, ЖИ-мен басы қатып жүргенге ұқсайды.

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ