Қошанов орыстілді маман іздеп жатыр

Біздің мәжіліс «сюрприз» жасаудың шебері. Әдетте мемлекеттік тілдің мәртебесін көтергенде ана тілі үшін кеңірдегін жыртуға даяр тұратын халыққалаулылары былтыр 20 қарашада «орыс тілі жөніндегі ұйым құру туралы» шартты қолдап дауыс бергенде шалқамыздан түскенбіз.
Сонда төменгі палатадағы 84 депутаттың ішінен біреуі ғана қарсы болған. Мұнысын бірі «сыртқы саясат үшін керек» деп, бірі «ақпарат алуға жақсы» деп, әйтеуір небір сылтаумен тақырыпты жылы жауып тынған.
Араға біршама уақыт салып, міне, тағы төбемізден жай түсірді. Мемлекеттік тіл мәртебесі үшін күреседі деп сеніп жүрген мәжілісіміз жоқ жерден өзге бір елдің мемлекеттік тілінде сауатты сөйлеп, аса сауатты жазатын маман іздеп жатыр.
Олар жан-жаққа хабарлама таратып, орысша таза жазатын маман іздеген. Ал қазақшаны аз-маз білсе болғаны... Хабарлама мәтінін өзгеріссіз ұсынайық: «В медиа-группу при мажилисе парламента требуются SMM-специалист исключительно грамотно пишущего на русском языке, знание казахского также приветствуется». Әлеуметтік желі қолданушылары, журналистер мен филологтар, белсенділер бұл тақырыпты талқыға салып, сынап жатыр.
Мемлекеттік мекемелер «исключительно» орысша жазатын маман іздейді
«Қазақстан билігі өз мемлекеттік тілін өзі кемсітумен жүйелі түрде айналысады. Мәжіліске smm-маманы болып орналасу үшін «исключительно» орысша жақсы жазуы керек екен, ал қазақшаны білсе де, білмесе де мейлі дейді. Бұл бассыздыққа біреу жауап беруі керек сияқты»; «Мынау Қазақстанның парламенті ме? Әлде Ресей федерациясы думасының заң шығарушы органы ма?»; «Ну дұрыс қой енді. Орысша жазады, ал қазақшасын аудара салады»; «Парламенттен бөлек, министрліктердің баспасөз хатшылары да қазақша әрең сөйлейді, көпшілігі білмейді де. Өткенде біреуі қазақша айтқанымызды «түсінбедім» деді. Аударып ал дедік». Міне, осындай рационалды, эмоционалды түрде аралас пікірлер айтылып, жазылып жатыр.
«Жас Алаш» мән-жайды анықтау үшін, осы пікірлер мен посттарды жолдап, мәжілістің позициясын білуге тырысты. Парламенттің төменгі палатасынан мынадай ресми жауап келді:
«Өздеріңіз білесіздер, заман талабына сай қазір мемлекеттік органдардың, компаниялар мен кәсіпорындардың барлығы әлеуметтік желілерде жұмысты күшейтіп жатыр. Мәжіліс те депутаттардың қызметі мен заң шығару ісінің маңызды тұстарын әлеуметтік желілер арқылы халыққа түсіндіруге мән беруде.
Қазақ тілінде контент дайындайтын SММ маманы бізде бұрыннан бар. Байқап қарасаңыздар, мәжіліс сайтында, әлеуметтік желілердегі парақшаларында ақпарат әуелі мемлекеттік тілде жарияланады. Парақшалар мемлекеттік тілде жүргізіледі. Мәжілістегі отырыстар, жұмыс топтары мен комитеттердегі жиындарының барлығы мемлекеттік тілде өтеді. Сондықтан мәжілісте мемлекеттік тілге қатысты ешқандай мәселе жоқ. Енді әлеуметтік желілерде орыс тіліндегі ақпаратпен жұмыс істейтін екінші адамды қарастырып жатқанымыз рас. Ол мемлекеттік қызметші емес. Тек келісімшарт негізінде ғана жұмысқа қабылданады».
Бұл ақталу ма, әлде шын мәнінде солай ма, оны дөп басып айту қиын. Десек те, мәжілістен басқа да мемлекеттік органдар әдетте орысша білмейтіндерді жұмысқа алмайды. Қазақ тіліне аса назар аудармайды да. Оны әртүрлі платформаларда жарияланған хабарландырулар дәлелдейді. Тек медиа қызметті алып қаралық. ҚР минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы баспасөз хатшысын іздеген. Ол орысшаны дәл қазақшасы секілді білуге міндетті. Осы секілді талапты Назарбаев университеті де қойып отыр. Екеуін қатар сұрау орынды шығар. Ал орысшаң жақсы болса болды дегендерге не дейміз? Мәселен, мемлекеттік не жекеменшік екенін нақтылап көрсетпеген аурухана орыстілді SMM-маманға вакансия ашқан. Тағы бір мемлекеттік мекеме жаңалық, сараптама, релиздер мен мақалалар жазуға журналист іздейді. Талабы тек орысша. Ренжітпеу үшін «знание казахского языка будет преимуществом» деп жазып қойыпты. Әлеуметтік-саяси үрдістерді таңдау институты да қазақша мен ағылшыншаны артықшылық болады деп көрсеткен. Бұл – қазақ тілінің мүшкіл халін сипаттайтын бір ғана мысал.
Былтыр тек екі заң қазақша жазылған
«Госаппарат» қазақша сөйлемейді дейміз. Ал оларды тестілеу кезінде қазақ тілінің шекті балы қанша екенін білесіз бе? Нөл! Тіпті бір балл жинамасаң да шенді болуға еш кедергісін келтірмейді. Азаматтар мемлекеттік қызметке орналасу үшін арнайы тестілеуден өтеді ғой, сонда мемлекеттік тіл мен заңдар аясындағы біліктілігі тексеріледі. Заң бойынша мүмкін 15 балдың 5-еуін алсаң ғана тестілеуден өтесің. Ал қазақ тілі бойынша 20 балдан қанша алсаң да, нәтижесі ескерілмейді. Міне, осыдан келіп «жарты жыл берсеңіздер ана тілін үйренемін» деп орындалмайтын уәде беріп қойып, таз қалпында жүре беретін әкімдер мен министрлер пайда болады.
Ал атқамінердің бәрі орысша сөйлеп жүргенде, қазақша заң қабылданады деп күтудің өзі күлкілі. Мысалы, былтыр тек екі заң қазақ тілінде жазылған. Ол туралы экс-министр Азамат Есқараев хабарлаған еді. Ал қазіргі министр Ерлан Сәрсембаев бұл туралы сұраққа: «Конституцияға сай заң жобасы әділет министрлігіне құжат жүзінде екі тілде де келеді. Сондықтан бізге келіп жатқан заң жобалары екі тілде әзірленеді. Сараптама жасаған кезде азамат қай тілде еркін сөйлейді, сол тілде сараптама жүргізеді. Орысшадан қазақшаға аударылмауы керек деген талап қою ойда жоқ», – деп жауап берген.
Заңға қоса, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардағы құжат айналымын толықтай дерлік қазақшаландыруға, терминологиялық қор жасауға, мемлекеттік телеарналардағы қазақ тілінің үлесін арттыруға, ана тіліндегі анимациялық өнімдердің көлемін көбейтуге миллиардтар жұмсалып жатыр. Нақтырақ тоқталып өтейік. Қазақстанда тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы үш кезең бойынша жүзеге асырылса, соның алғашқы кезеңіне ғана мемлекеттік бюджеттен 19 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылыпты. Бұл бағдарлама аяғына жетіп үлгермей, 2019 жылдың соңында Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Оны іске асыру үшін мемлекет қазынасынан 17 млрд теңгеге жуық қаражат жоспарланған. Алайда бұл бағдарлама да аяқсыз қалып, былтыр қайтадан Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Оның бюджеті тиісті құжаттарда көрсетілмеген. Ал ғылым және жоғары білім министрлігі 2025 жылы мемлекеттік тілді дамытуға 1,7 млрд теңге бөлінгенін жеткізген.
Нарық көптілділікті қажет етеді, бірақ дискриминация болмауы керек
Ресурс жоқ емес. Тиісті мақсатты көрсеткіштер де бар. Біраз уақыт та өтті. «Оң өзгеріс байқалуда» деген статистикалардан жалыға бастадық. Десек те, қоғамдағы тіл мәселесі әлі де өзекті, қазақ тілінің мәртебесі қанағаттандырарлық деңгейде емес... Оны прокатқа шыққан кинотуындылардан да, жарияланып жатқан вакансиялардан да, биліктің орысша есеп беріп, заң шығаруынан да, базарлар мен дүкеннен де, медиадан да, сол секілді барлық жерден байқауға болады. Бұл туралы журналист Жәнібек Әміре былай дейді:
«Мәжілістің вакансиясын көрдік. Көпшілік әлеуметтік желіде талқылап та жатыр. Бұл биліктің қазақ тіліне деген көзқарасын көрсетеді. Қазақ тілі әлі күнге дейін екінші орында тұр. Орысша жазылған, орыстілді маман іздейтін вакансияны былай қойғанда, біздегі заңдар да орысша жазылады. Оны жазатындар орысша сөйлейді, ойланады. Мұндай жағдайда басқа нәрсе күту де артық шығар. «Форте банк» тақырыбы шу болды, қалды. Ешнәрсе өзгерген жоқ. Сол сияқты қазіргі дау да, талқылау да ешнәрсені өзгертпейді. Қазақ тілі бірінші болуы үшін ең әуелі биліктің тілге деген көзқарасы мен қарым-қатынасы өзгеруі керек».
Заң мен билік қазақшаның бар жағдайын жасайтын таңғажайып күндер туа қалса да, нарық сұраныстары бәрібір шет тілін қажет етіп тұрады. Бұл әлемнің көптеген елдерінде қалыптасып келе жатқан тенденция дейді тағы бір маман. Ол өз есімін жасырын қалдыруды сұрады:
«Өзім филологпын. Қазір мемлекеттік қызметте жүрмін. Шыны керек, документация тек орысша. Қазақша міндетті болып есептеледі дегенге сену қиын. Әйтеуір аударылып, сақталатын болуы керек. Іс жүзінде бәрі орысша жүреді. Терминология жағынан қиыншылықтар болғасын да, мамандар түпнұсқадан, орысшадан қарап, сонымен жұмыс істейді. Соның кесірінен тіліміз екінші деңгейге түсіп қалатыны да жасырын емес.
Әрине, тілді заңнамалық тұрғыда бірінші ету, жалғыз ету мәселені шешетіндей көрінеді. Алайда өндіріс пен іс барысы қазақша жүруі үшін терминологиямен, ғылыми, іс-қағаздар стилімен, жалпы халықтың психологиясымен жұмыс істеу керек шығар. Медиа мен контент жағы да маңызды.
Бір жағынан қазіргі нарықтың өзі көптілділікті қажет етеді. Әсіресе ғылым, қаржы, маркетинг, логистика, туризм, дипломатия сынды салаларда жетістікке жету үшін бірнеше тіл білу қажет. Осы сынды тезистерді әлемдік зерттеулер дәлелдей түседі. American Council on the Teaching of Foreign Languages зерттеуінің нәтижелеріне сәйкес, екі немесе одан да көп тіл білетін азаматтар басқаларға қарағанда орта есеппен 20 пайызға көп табыс табады. Тағы бір есепке сүйенсек, қазір әлемде 1,5 млрд адам ана тілінен басқа тілдерді меңгеріп жүр. Соған қарамастан, өзге тілдің сенің тіліңе қосымша, жаңа табыс көзі екенін түсіну басқаша сезім де, ана тіліңнің дискриминацияға ұшырап жатқанын түсіну мүлде басқа нәрсе».
Түпнұсқа орыс тілінде жазылады, содан кейін қазақшаға аударылады. Бұған етіміз өліп кеткен. Бірақ аударма сапасы қандай деген мәселе бар. Бұл туралы тіл мамандары айтады да жатады, түрлі медиаларда көтеріледі де жатады – өзгерген үкімет жоқ, сол баяғы шала қазақ, шала-жансар аударма. Мұнда да қазақ тіліне деген мемлекеттік қарым-қатынастың салқыны еседі.
«Елімізде қазақтілділер мен орыстілділердің поляризациясы байқалады. Олардың сентименттері де, қажеттіліктері де әртүрлі. Десек те, нарық сұранысы, жалпы сұраныс деп, оны қанағаттандыру кезінде біреуін екіншісіне бейімдеу әділетсіз. Әсіресе орысша дайындап, оны қазақшаға аудару болмауы керек. 6-7 адам орыс редакциясында отырады. Соның бәрінің жұмысын бір қазақ маман істейді. Ал айлығын естісеңіз... Дәл орыстілді мамандарға берілетін мүмкіндік, қазақтілді мамандарға да берілсе, кез келген салада қазақ тіліне деген сұраныс қалыптастыруға болады», – дейді контентмейкер Дастан Аққожа.
Баян Мұратбекқызы