Қошанов пен Аймағамбетов айтады, Сұлтанғазиев естімейді
Қазақстан билігі «еститін үкімет» деген сөзді елдегі атқарылып жатқан саяси реформалардың негізгі тетігі ретінде жиі айтады. Бұған жалғас «күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» дегені тағы бар.
Яғни, қазір үкімет азаматтардың мұң-мұқтажын естиді, құлақ түреді. Істеп отырған жұмысына жұртшылық алдында есеп береді. Алайда «еститін үкімет» деп жар салғанымен өзгере қойған көп ештеңе жоқ. Ең қарапайымы, облыс әкімдерінің өзі халықпен кездесулерін «тығылып, жасырып» өткізеді. Әкімдерге азаматтармен емен-жарқын жүздесіп, олардың арыз-арманын тыңдау – қатерлі өткелден өтумен бірдей. Сондықтан барынша «дайындалады».
Бұлай деуімізге себеп болып отырған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің халықпен кездесуі. 17 қазан күні Сұлтанғазиев Алматы облысы Іле ауданы Өтеген батыр кентінің халқымен кездесті. Алайда кездесу басталмай жатып дауға ұласты. Әлеуметтік желілерде тараған видеоларға қарасаңыз әкіммен кездесуге жиналған халықтың қарасы көп. Тіпті кейбіреулері залдан отыратын орын таппай, артқы жақта тізіліп, түрегеп тұр. Бір қарағанда қара нөпір халық жиналып, облыс әкімімен жүздескелі жатқандай әсер қалдырады. Сөйтсек, мұның бәрі, мұғалімдер армиясы болып шықты. Әкіммен кездесуге мәжбүрлеп алып келген мектеп мұғалімдері. Ал әкімнің қабылдауына бұған дейін бірнеше мәрте жазылып, жолыға алмай, ақыры «арызымды осында айтайын» деп келген қарапайым тұрғындар залдан отыратын орын таппаған.
Ең қызығы, кездесу туралы ақпарат әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшасында кездесуден 17 сағат бұрын ғана жарияланған. Сондықтан да мұндай іс-шара болатынынан көп тұрғын хабарсыз қалған. Алматы облысының әкімдігінің сайтында 17 қазан күні Өтеген батыр ауылындағы Мәдениет үйінде облыс әкімімен кездесу өткені туралы ақпарат жарияланған. Онда Іле ауданы тұрғындары облыс әкіміне 40-тан астам сұрақ қойғаны айтылған. Алайда қарапайым тұрғындар көкейіміздегі сұрақтарды облыс әкіміне қоя алмадық дейді.
Өтеген батыр кенті тұрғындарының айтуынша, Сұлтанғазиевпен кездесуге төрт мектептің мұғалімдерін жинаған. Кездесуге келген жұртшылықтың арасында әкімге арыз айта келген қарапайым тұрғын аз. Солардың бірі – Іле ауданының тұрғыны Сұлтансандуғаш Базарғалиқызы. Ол БАҚ-қа берген сұхбатында үш жылдан бері аудан әкімінің есігін тоздырып, бизнес жобасына қолдау таба алмай жүргенін айтады. Тіпті аудан әкімі «маған енді не қыл дейсіз?» деп шығарып салыпты. Ол облыс әкімі келерде аудан көшелерін түнімен тазалады дейді.
«Неге осындай шара болатынын халыққа ескертпейді? Неге бүкіл мектептің мұғалімін жинап, аузына құм құйып қояды? Осы мәселені көтеру керек. Себебі халықтың айтары бар. Облыс әкімі келерде ауданымыз қалай таза болып қалған? Түнімен тазалаған. Әкім күнде қонаққа келіп тұрса екен деп қоямыз», – дейдіСұлтансандуғаш Базарғалиқызы.
Естеріңізде болса, жуырда ғана AMANAT партиясы ұстаздарды Астанаға жинап, Жасанды интеллектке қатысты жиын өткізді. Сонда мәжіліс спикері Ерлан Қошанов мұғалімдердің жүктемесінің көптігі туралы айтып, «жаңалық ашқан». Одан бұрын мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов «Педагог мәртебесі туралы» заңға түзетулер енгізіліп, үкіметке жолданғанын, енді мұғалімдер артық жұмысқа жегілмейді деген. Алайда мәжіліс спикері айтты екен деп, «Педагог мәртебесі туралы» заңға түзетулер енгізіледі екен деп мұғалімдердің жұмысы азая қоятын түрі жоқ. Әлі де «әкімнің кездесуіне» барып, орын толтырып отыр.
Белгілі педагог Мейіржан Темірбек заң жүзінде мұғалімдерге жұмыс істетуге тыйым салғанымен, іс жүзінде ұстаздардың түрлі жұмысқа жегіліп жүргенін айтады. Оның пікірінше, қазір мұғалімдердің жүктемесі көбеймесе, азайған жоқ.
«Мұғалімдер әлі де көше сыпырып жүр, басқа да түрлі жұмыстарға жегіледі. Шынын айтқанда, бізде заң өздігінен орындалмайды. Оны орындату қажет, ал орындату үшін де айтарлықтай күш-жігер керек», – дейді ол.
Жалпы әкімқаралардың халықпен кездесулерінде мұғалімдермен, мектеп оқушыларымен, сарбаздармен залды «толтырып қою» бұрыннан келе жатқан көз үйренген сценарий. Өздігінен ізденіп қоймайтын Сұлтанғазиев те Өтеген батыр кенті тұрғындарымен жүздескенде осы дайын «сценарийді» пайдалана салған. Мұндай кездесулерде алдын ала арнайы сұрақтар дайындалып, кездесу барысында ол сұрақтарды «тұрғындар» әкімге қойып, оған әкім кеңінен көсіліп жауап береді. Алайда сұрақтардың бәрі бірсыдырғы, жаттанды, проблема айтылмайды. Сосын әкімдіктің сайтында, басқа да ақпарат көздерінде әкімнің халықпен кездескені, көптеген сұрақ қойылғаны жөнінде ақпарат тарайды. Осымен шаруа бітеді. Әкімді келесі айда тағы бір ауданда «кездесу» күтіп тұр. Сонда әкімдер неге халықпен шынайы жүздесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдауға, өңірдің түйткілді мәселелерін көпшілікпен талқылап, соны шешудің жолын іздеуге талпынбайды. Себебі өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге құлықсыз. Егер Сұлтанғазиевше көне сүрлеуден шықпай жүре берсек, тым құрыса халықпен жүздесудің, елмен шынайы пікірлесудің өзіне өзгеріс енгізе алмасақ, ең бастысы, мәжіліс спикері айтқан сөзді әкімдер естімей, кері істеп отырғанда билік «еститін, есеп беретін үкіметті» қалай құрғалы жүр екен?
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ