Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:10, 16 Қаңтар 2024

Көше шамы астында (новелла)

Есбол Нұрахмет
Фото:

Жаңа үйленген кезім. Әйелім «бірге фотосессия жасайықшы», – деп өтініп болмаған соң, әуесқой фотограф боп жүрген бір құрбысының үйіне бардық.

 Момын, ұяң жүзді сары қыз асықпай, баппен екеумізді жекелей де, бірге де біраз фотоға түсірді. Екі сағатқа таяу әурешіліктің нәтижесін көргенде қыздың еңбегі ұнап қалды. Әр фото сапалы шығыпты, жарықтың түсуі, ракурстың туралығы үлкен рөл көрсетіп тұр. Бірнеше фотода жоғарыдан түскен жап-жарық шам сәулесінің астында тұрған өзімді көргенде өзгеше бір күй биледі. Бейне жарық мені кішірейтіп, жұтып бара жатқандай. Фотоға ұзақ қарадым. Әлдебір ұлы күш бақылап тұрғандай, бір қадам аттап басуға, қимылдап қозғалуға халім жоқ сынды. Бір қарағанға өңім айбарлы, ойлы көрінгенімен, комплекске толы ішкі әлемім, барша қорқынышым осы фотода көрініс тапқандай. Барша сырымды мына момын сары қыз айтпай біліп, енді мені тұтастай өз бақылауына алған секілді. Бір ғана фотомен осынша дүниені қалай берген? Тіпті анау жарық сәуле шексіз зорайып бара жатқандай, сағаттан сағатқа, күннен күнге, айдан айға, жылдан жылға, тіпті ғасырдан ғасырға күшейіп, әрі мені барған сайын жұтып әкете беретіндей, бірақ бір жола тауыспай, құртпай, мәңгі, шексіз жұтатындай әсер етті.

Фотоларға ұзақ қарап, кеудемді қорқыныш басты. Ішімдегі үрейді барынша жасыра түсуге тырысып, байыпты бейнемен сары қызға қарадым. Қыз болар-болмас қана жұмбақ жымиды. Осыдан кейін емен-жарқын отырып шай іштік, қыздар өз әңгімелерімен болды, мен ішкі ойыммен арпалысып, бұлардан бөлек қалып қойғандай сезімде отырдым. Бағанағы фото, жұтылып, жоғалып бара жатқан мен. Жарық сәуле – құдіретті тергеушінің көзіндей өткір, ол жарық менің құр сыртыма түсіп тұрмағандай, бүкіл миымның қыртыстарын, жүрек соғысын, асқазан ішегімнің қырындысына дейін көріп тұрған секілді. Тіпті мына сары қыз соның бәрін біліп отырған шығар?..

Бұл ой мені біраз уақытқа дейін мазалап жүрді. Кейін анда-санда сол суреттерге қарап қалсам да жүрегім дір ете қалатын еді. Ақыры бұл суреттерге қарамауды үйрендім, сөйте келе бұл сезім де ұмытылып кетті...

Арада екі жылдай уақыт өткенде осы суреттерді қайталай есіме салған мынадай оқиға болды. Қаңтардың сәл жылымық күндерінің бірінде кешке қарай үйіме қалалық полицияда детектив боп жұмыс істейтін досым келді. Өткен-кеткенді айтып аз отырған соң, досым бір қызық әңгіме бастады.

– Сырлы іс боп жатыр, Нұржан. Бір қылмыскерді таппай жүрміз, қылмыскер болғанда серийный убийца, бір жылда, міне, төрт адамды өлтірді, – деді шайын сораптап отырып жайбарақат қана.

Бұрын ондай нәрселерді айта қоймайтын Талғаттың бұл мінезіне таңданып та қалдым.

– Оның серийный убийца екенін қалай біліп отырсыңдар?

– Қылмыс мәнері өзі айтып тұрады емес пе. Төртеуін де бірдей тәсілмен өлтірген.

– Мүмкін кездейсоқтық шығар…

– Төртеуі бірдей ме?

Талғат күлді.

– Сонда қалай өлтіріпті?

Әңгіме осы жерде үзіліп қалды. Көр-жерді әңгіме қылып, ана-мынаны айтысып біраз отырған соң Талғат екеуміз темекі тартпақ боп бальконға шықтық.

Талғат асықпай бір темекі тұтатты. Түтінін терең тартып, соза шығарып алып, айсыз қараңғы аспан жаққа қарап әңгімесін бастады. Ол тура бағана мен сұраған сұрақты енді ғана естіп тұрғандай жауап бере бастады.

– Оқиға көбінде осындай айсыз қараңғы түндерде болып жатады. Қылмыскер құрбанын алдымен электрошокермен талдырып құлатады, сосын бірден жүрекке пышақ сұғады. Одан кейін асықпай құрбандығының шалбарын шешіп, мүшесін кесіп алады. Осылай адам қансырап жатып өледі…

– Мүшесін?

– Иә, түбінен кеседі кәдімгідей.

Денем тітіркеніп кетті.

– Тым қатал екен…

– Иә, сексуалды зорлық көрген психотив болуы мүмкін деген жорамалымыз бар.

– Яғни кек алып жүр?

– Иә.

– Алдымен электрошокермен талдырып алатыны қызық екен.

– Қауіпсіз ғой, қарсылық жасап үлгертпейді.

– Өзіне сенімсіз, қорқақ боп тұр ғой…

– Біздің жорамалымызша, әйел адам болуы да мүмкін деп отырмыз. Оның үстіне құрбандарының бәрі ер адамдар. Ер адамдар әдетте тек нәзік әйелдің жанында ғана ешнәрседен қорықпай, алаңсыз тұра алады. Осындай алаңсыз шақта қылмыскер әуелі электрошокермен талдырып түсіреді.

– Әлсіз ер адам болуы да мүмкін, мысалы, бала кезінде педофильдің зорлығына ұшыраған ер адамдар да бар ғой.

– Иә, бар. Бірақ статистика бойынша қарасақ, көбінде қыз балалар ұшырап жатады...

– Статистикадан асқан өтірік ғылым жоқ...

– Жарайды, оны қойшы, саған бірдеңе айтса өстіп дауға сүйреп әкетесің...

– Сен де қызықсың, полиция деген сыр тартып, кісіні көп тыңдаушы еді, сен ауыз ашқызбайсың...

– Сыр тартатындай бір жасырғаның бар ма еді?

Талғат жымың ете қалды.

– Елең ете қалғанын қарашы, полициядан досың болса, қойныңда балтаң болсын деген осы ғой.

– Жазушы, жазушы дегенге мақалды да қайтадан жазайын деп жүрсің бе?

– Сендер де небір айғақтарды қалағандарыңша өзгертіп, нақақ адамға жала жаба саласыңдар ғой.

– Қой ей, мен өйткен емеспін.

– Қоя қойшы, бастығың бұйрық берсе сен де қарап қалмассың.

– Рас айтам, мен тазамын. Ондайлар жоқ демеймін, бірақ өзім аулақпын.

Талғаттың шындап кеткені көңіліме сәл күдік ұялата қалғандай болды.

– Шындап кеткеніңе қарағанда, сен де сау емессің ғой...

– Тоқташы, анау адам не істеп тұр?

Ол нұсқаған жаққа мен де қарадым. Үй артындағы ескі гараждың бұрышында, жарықтан аулақ қараңғы астында әлдебір адам сұлбасы білінді. Кішкене көз үйренген соң анық көріне бастады, сұлба әлдекімді күткен секілді, айналасына қарап мойын созып, қараңғыға үңіле қарап қояды. Бір кезде сұлбаның жанына тағы бір сұлба пайда болды. Екеуі қол алысып амандасты.

– Бұлар қараңғыда не істеп тұр? Есі дұрыс адам жарықта кездеспейтін бе еді? – дедім екі сұлбадан көзімді алмай.

– Наркотик саудалаушы болуы да мүмкін, қазір көрейік...

Талғат мойнын созып, балконнан төмен түсетін ыңғайлы жер бар-жоғын қарағандай болды. Сол аралықта электрошокердің жарқ ете қалған жарығы көрінді. Іле-шала екі сұлбаның бірі құлап түсті де, екіншісі әрі қарай сүйрей жөнелді.

– Ох, с...ка!

Талғат бірден балконнан төмен секіріп түсті, мен де төмен қарадым, секіріп кетуге батпай сәл тұрып қалдым да, сырғанай тырмысып жүріп зорға түстім. Бұл кезде Талғат қарды омбылай жүгіріп гаражға жақындап қалған. Мен артынан жеттім. Гараждың арғы қалтарыс жағында жаңағы сұлбаның бірі, ер адам шалқасынан жатыр, аяғы тыпыр-тыпыр етеді, мойнынан қара қан атқақтайды. Екі тізем дірілдеп кетті, не істерімді білмей серейіп тұрып қалдым, аяғым, денем өз ырқыма көнер емес, төбемнен бірдеңемен ұрғандай жансыздандым да қалдым.

– Тез кел, мойнын ора! Анау қашты...

Талғаттың айғайынан кейін барып есімді жиып, жалма-жан әлгі адамның курткасын шешіп жіберіп, мойнын орадым. Оған бола қанның тоқтайтын түрі жоқ, кісінің көзі алақтап, екі қолы ербеңдеп, одан арман зәремді алды. Талғат жаңағы қылмыскер қашты деген жаққа қарай тұра жүгірді. Не күш сүйрегенін білмеймін, әлде өлім аузындағы адам шошытты ма, мен де атып тұрып Талғаттың соңынан жүгіре жөнелдім. Жүгіріп келе жатып, жедел жәрдемге қоңырау шалып, мекенжайды айтып жатырмын. Бір көшені айналып өтіп, оңға бұрылғанда көше шамдары әр тұста бір жарық шашып тұрған қалтарыстау көшеге тап болдық. Қылмыскер алдымызда қашып барады. Жүгірісі физикалық жаттығудан өтпеген, қарапайым нәзік әйелді елестетті. Біз жылдамдата түстік, Талғат полицияға қоңырау шалып, көмек шақырып келеді. Әр көше шамының астынан өткен сайын қылмыскердің бір ерекшелігі білініп қалып жатты. Күләпарасы бар қара курткасы, әлде Adidas, әлде Nike, ақ красовкасы, сосын бір иығына қарай сәл қисая басатыны... бірінен кейін бірі байқала берді. Жүгірісі жаттығудан өтпегендей көрінсе де, қылмыскердің оңайлықпен шаршамайтыны біліне бастады, мені қойып, жылына стандарт тапсырып жүрген Талғаттың өзі ентігіп, демігіп кетті. Дегенмен жақындай түстік. Бір кезде өзгесінен гөрі аса жарықтау бір көше шамының астына келіп қашқынымыз тоқтай қалды, ентігіп, екі тізесіне сүйеніп тыныс алды да, бұрылып артына қарады. Осы кезде мен айғай салдым.

– Қашпа! Біз сені толық көріп тұрмыз! Жарық сені тұтас танытып тұр!

Ол енді қайтадан жүгіре беріп төбесіндегі жарыққа қарады. Қарады да қаққан қазықтай қақиып тұрып қалды. Сосын сақылдап күлді, бізге толық денесімен бұрылып қарады. Көше шамы толық түскен оның жүзін мен тани кеттім. Момын сары қыз айбарлана, қаһарлана күліп тұр. Жынданған дерсің, көкке қарап сақ-сақ күледі. Мен әрі қарай жүгірген жоқпын, аң-таң қалыпта, ентігіп қарап тұра бердім. Талғат жылдам барып оны ұстап, етпетінен жатқызып, тізесімен басып алды...

Әрине, қолға түсті, тергелді. Барлық жай анық болды. Мотив – Талғаттың күмәнімен ұқсас боп шықты. «Мұндай боларын кім білген» деп әйелім қатты қайғырды, өзі көптен танитын адамы ретінде одан мұндай әрекет шығады деп мүлде күтпегенін айтып, екі күннің бірінде көңілі құлазып, ауыр азапқа түсті. Дегенмен қоғамның өзінің әділетсіздігі, немқұрайдығы осы жағдайға алып келгенін бәріміз де түсіндік. Қыздың өзінен-өзі тұйықталып қалып, іштегі қасіретін аша алмауы, келе-келе ер адамдардан көрген қорлығы, түсіне алмаушылығы оны осындай әрекетке итермелеген көрінеді. Және бұл өзінің құрбандарын таңдағанда да келсін, келмесін таңдай салмапты, әуелі жалған аккаунт арқылы әлеуметтік желіде танысып, онымен ұзақ сөйлесіп, қандай адам, түсінігі қандай екеніне әбден көзін жеткізген соң ғана оны өлтіруге бел буған. Яғни қыздың айтуынша, өлгендер түгел әйелді зат ретінде қарайтын, оның мұң-зарын, қасіретін түсінбейтін адамдар болған. Ал соңғы құрбан тірі қалды, асығып-аптыққанда мойнын жартылай ғана кесіп үлгеріпті, ал мүшесін кесіп алуға мүлде мұрша болмай қалған, сөйтіп жігіт көп қан жоғалтып, өлім аузынан қалды. Оның куәлігі де, қызбен жазысқан хаттары да қыздың мойындауымен сәйкес келді. Бірақ жігіт өзін не үшін өлтірмекші болғанын түсіне алмады, «ұнамасам, сөйлеспей-ақ қойса болатын еді ғой, сол үшін өлтіру керек пе?» депті сотта.

Бұның бәрі, әрине, бөлек айтатын, талқылауға тұратын қоғамның басты мерездері екені анық. Алайда менің ең қатты таңданып, есімде ұзақ сақталғаны – қыздың жарыққа қарап тұрып қалған сәті еді. Бейне көше шамы оны қоршап ұстап тұрған секілді, бірде-бір артық қимыл жасамай, тырп етпей берілгені. Тура осы сәтте осы қыз түсірген баяғы фотоларым есіме түскен. Мұның жауабын да тапқандай болдым. «Жарықтың құдіретін бұл қыздан артық кім білсін!» деп ойладым, кейін өз фотоларыма қарап отырып.

Есбол Нұрахмет