«Көше сыпырғыш әкім» көшелі брифинг өткізе алмайды
Кеше Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев орталық коммуникациялар қызметінде болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады, журналистер сұрағына жауап берді.
Нәлібаевтың баяндамасын бастан-аяқ көріп шықтық. Оқшау әңгімелер айтыла ма деген үмітіміз ақталмады. Бірсыдырғы есеп-қисап, «қатырып жатырмыз, жапырып жатырмыз» деген қызыл сөз, бос уәде ғана.
Нәлібаев та басынан сын кетпеген әкім. Олай болатын себебі де бар. Жұрт Нұрлыбек Нәлібаевты еңбегімен өскен азамат ретінде емес, ағасының арқасында өскен адам деп қана мойындайды. Ағасы Бердібек Сапарбаев екенін біз айтпасақ та, оқырман жақсы біледі. Қызылорда облысының әкімі мансап жағынан ертегідегі Ертөстіктей ерте есейген жігіт. Сенбесеңіздер, биографиясын қараңыздар! Мемлекеттік қызметке келген 2005 жылы бірден Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары болып тағайындалады. Оған дейін мұнай компаниялары мен коммерциялық құрылымдарда жұмыс істеген. Ал мемлекеттік қызметке барған бірінші күні-ақ басшылық лауазымға тағайындалу қанша талантты адам болса да, ақылға қонбайтын «ақиқат».
Қызылорда облысы экологиялық апатты аймақ. Арал тағдырының өзі бір облыс емес, бір мемлекет үшін ауыр. Ал Сырдың сыры сыралғы жағдай. Жылдан-жылға тартылып, шаруалар судан таршылық көріп қағырлап отыр. Осындай апатты аймаққа Нәлібаевты тағайындаудың астарында қандай құпия болуы мүмкін? Қызылордалықтар Нәлібаевты «көше сыпырғыш әкім» ретінде ғана мойындайды екен. Өйткені қаланы басқарып тұрған кезінде таңбозынан көшені айнадай қылып сыпырып отыру Нәлібаевтың үйреншікті жұмысы болған, соған дағдыланған.
Коммуникация қызметінде есеп берген әкімге Қызылордадан шыққан бір журналист туыстарының меншігіндегі жер телімдері туралы сұрақ қойды.
– Қандай туысқанымда жер бар екен? Нақты факт болмаса, жұрт айтып жүр деген әңгімені қойыңыз! Ресми хат жазыңыз. Егер туыстарымның меншігінде жер болса, біз әкім болғанға дейін алған шығар, заңды жері шығар? – деп қызарақтап қалды.
Айтпақшы, «Жас Алаш» газетінің тілшісі коммуникация қызметінің фейсбуктегі парақшасына өңірдегі жер мәселелері туралы сұрақ қойған. «Күрішті аймақта жер мәселесі өте өзекті тақырып. Жер даулары өте көп. Жуандар мен дөкейлер әртүрлі жолдармен иемденіп алған, пайдаланылмай жатқан жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару мәселесі қалай жүзеге асып жатыр?» деген сұрақтан Нәлібаев тағы да желіп өте шықты. «157 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтардық. Биыл 200 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарамыз деп жоспарлап жатырмыз», деді, қысқасы. Әкімнің сөзіне қарағанда, күрішті аймақта жер дауы соншалықты өзекті емес көрінеді.
Қытай инвесторлары туралы сұраққа да Нәлібаев эмоциясын жасыра алмады. Оның айтуынша, Қызылордаға кім келсе де бәрібір сияқты, ең бастысы инвестор болса болғаны. Сонда Нәлібаев ақша әкелген адамның бәрін құшақ жайып қарсы алмақ па? «Қызылорда облысында 200 қытай ғана жұмыс істейді» дегені әкімнің қай сасқаны немесе Нәлібаев қытайлардың санын кемітіп айтқанда не жасырғысы келіп отыр? Онсыз да қарапайым халық Қызылорда облысындағы мұнай-газ саласында және шыны зауытында, басқа да компанияларда бірнеше мың қытайлықтың жұмыс жасайтынын жақсы біледі.
Тағы бір әріптесіміз Нәлібаевтан журналистерден неге қашатынын, ұлының тойын «Ритц карлтон» мейрамханасында не үшін өткізгенін сұрады. Қызылорда әкімі бұл сұраққа журналистерден қашпайтынын, тек асығып кетіп бара жатқанда тілшілер артынан түсіріп жариялап жібергенін айттыа ақталды. Ал ұлының тойы туралы сұраққа әкім екі жүз адам шақырмағанын, аста-төк дастарқан жаймағанын, әнші-күйші алдырмағанын айтып, сөзінің соңын мемлекеттік қызметке дейін кәсіпкер болғанымен тұздықтап, «баланың тойын дүркіретіп өткізу ата-ана ретінде парызым» деп түйді. Әңгімесінен «бір балама ақша аяйтын жайым жоқ» дегенді түсінгендей болдық.
Азық-түлік бағасы шарықтап тұр қазір. Алматының өзінде «ақ маржанның» бір келісі мың теңгеден асып жығылады. Нәлібаев Қызылордада күріш бағасы 400 теңге екенін айтып мақтанғандай болды. Сөзінің соңын күріш бағасы қымбат болуы керек дегендей емеурінмен аяқтады әкім. «Өйткені күріш өсіру азапты, ауыр жұмыс» деді.
Нәлібаевты басынан дау арылмаған әкім дедік қой. Оның таққан сағаты да, өткізген тойы да баршылықтың, астамшылықтың символындай. Ал бұған дейін «Жас Алаш» газетінде Сапарбаев пен Нәлібаевтың туысқан қарындасы қалай үйсіз-күйсіз қаңғырып қалғаны туралы материал жарияланған-ды...