Көшесі қоқысқа батқан, кітабы қапаста жатқан ауыл
Күні бүгін елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр ғой. Президенттің өзі қаланы, ауылды, елді мекендерді таза ұстау әрбір азаматтың парызы екенін айтып жүр.
«Қазақстан» телеарнасы әрбір хабардың соңын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жер-жерде қалай өтіп жатқандығы жөніндегі жаңалықпен аяқтайды да жатады.
Осы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына «үн» қоспай отырған ауыл бар дегенге біреу сенер, біреу сенбес. Ондай ауыл бар. Ол – Батыс Қазақстан облысы Бөкей орда ауданы Бисен ауылы. Жылдың жеті айы өтсе де ауыл әкімі ауылды тазалап, қоқыстарын шығаруды қолға алатын емес. Техника мәселесі мүлде шешілмеген. Қоқыс шығаруға ыңғайлы техникалар шаруа қожалықтарында. Бұрын көмектесетін, биыл қолұшын созбай отыр. Шаруа қожалықтары әкімді мойындамайды, тыңдамайды. Меніңше, қадірі кеткен, беделі жоқ әкім өз еркімен жұмыстан кетуі керек.
Ауыл қоқысқа ғана емес, адам тұрмайтын құлаған, қираған үй, сарай, қоралардың үйінділеріне толы. Ауылдық округтерге жергілікті бюджеттің бөлінгеніне жеті жылдай уақыт өтсе де, ауылды абаттандыру қолға алынған жоқ.
Ауыл әкімінен қайран болмаған соң, аудан әкімі Нұрлыбек Даумовпен соңғы кездесуде ауылдың тазалық мәселесін айтып, көмектесуін, ауылға аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станцияның мамандарын жіберуді сұраған едік, айтылған жерде қалды.
Аудан әкімінен де тауымыз қайтқасын, ауылдың жағдайын көре тұрып, үнсіз отыра беруге болмас деп, облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің өзіне хат жазуға тура келді. Хатты 2-шілде күні жаздым. Онда ауылға, шындыққа көз жеткізу үшін ауылға тәуелсіз журналист, ауылды суретке түсіру үшін фото корреспондент жіберуді сұрадым. Содан бері бір ай өтті, облыс әкімі де үнсіз.
Сонда облыс әкімінен асып, кімге шағымданамыз? Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына құлақ аспайтын болғаны ма? Облысты қандай адам басқарып отыр? Ауыл қоқысқа оранып жата бере ме? Енді соңғы үмітім – газет бетіне мақалам шықса президент әкімшілігінің назарына ілігер, содан кейін шара қолданар деген ой (президент әкімшілігі «Жас Алашты» оқитын болса). Кезінде жасыл терекке көміліп отыратын Бисенім жергілікті биліктің кесірінен қоқысқа айналып отыр. Жаның ашиды.
Облыс әкіміне осымен екінші рет хат жазыппын. Біреуіне жауап келген жоқ. Біріншісінде не жазғанымды қысқаша баяндайын, газет арқылы ең болмаса ел хабардар болсын. Ауылдағы мәдениет саласы тоқырауға ұшыраған. Ауылға жаңа жылда жаңа Мәдениет үйі (400 орындық) пайдалануға берілді. Құрылыс компаниясы Мәдениет үйіне музыкалық аппарат тарту етті. Оған дейін мәдениет үйіне аудан, ауыл әкімінен, облыстың, аудандық мәдениет бөлімдерінен қолдау болған жоқ. Қазіргі Мәдениет үйінде директорын қосқанда бес штаттық бірлік бар – көркемсөз сүйемелдеуші, әдіскер, хореограф. Құрамында домбырашы да, әнші де жоқ.
Ауыл Мәдениет үйінің салтанаты келісіп тұрса да, ішінің қаңырап бос тұрғанын, бірде-бір рет домбыраның үні естілмегенін, мәдениет үйінің халыққа қызмет көрсетуін жолға қоюын сұрағам.
Сосын, кітапхана мәселесі. Ауылдағы жалғыз орталық кітапханаға көп жылдан бері орын жоқ, бір орыннан екінші орынға көшумен келеді. Ең соңында орта мектептің бастауыш класына салынған шағын мектептің бір бөлмесіне орналасты. Осыдан екі жыл бұрын мектеп әкімшілігі кітапхананы мектептің аумағынан шығару жөнінде шешім шығарған. Содан аудандық мәслихаттың төрайымы Л.Кайырғалиеваға шағымданып жүріп, аман алып қалғанбыз. Сол кезде мәслихат төрайымы жауап хатында кітапханаға жаңа Мәдениет үйінен орын беріледі деген. Мәдениет үйінің директоры (К.Мүкешева) кітапханаға деп салынған орынды «би алаңы» жасаймын деп, кітапханаға тап-тар үш бөлме берген, кітап оқитын орын жоқ. Президент «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Кітапқұмарлық – жақсы қасиет» деп, елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар салынатынын айтқан. Ал біздің ауылдағы «кітапханаға» сыймай қалған кітаптың жартысы Мәдениет үйінің екінші қабатындағы терезесі жоқ қараңғы бөлме, тар қапаста үйіліп жатыр...
Қысқаша айтқанда, аймақ әкімдерінің жұмысы Мөңке би айтқандай: «...халыққа көк тиын пайдасы жоқ, күн сайын бас қосқан жиын болар» дегеннен аса алмай отыр.
Осы мәселелер бойынша облыс әкіміне екі рет хат жаздым, саусағының ұшын да қимылдатпады. Менің мақалам «Жас Алаш» газетіне шығып жатса президент әкімшілігінің назарына ілігіп, барлық мәселелердің шешімін табар деп сенемін.
Абылғазы Шынғалиев
Батыс Қазақстан облысы
Бөкей орда ауданы
Бисен ауылы