Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:04, 23 Маусым 2023

Көші қон: көрсеткіш жақсарып келеді

None
None

Еліміздің көші қон саясаты үнемі заңнамалар арқылы  жетілдіріліп, уақыт ағымына сай бейімделдіріліп келеді.

Осы орайда өткен жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында: «Қандастардың көшіп келуіне және ішкі көші-қонға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды» деп мәлімдеген болатын.

Мемлекет басшысының осы тапсырмасынан соң Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжы­рым­дамасы бекітілді. Аталмыш құжатта еліміздің кейбір өңірлеріндегі жұмыссыздық мәселесін ескеру, жұ­мыс күші артық оңтүстік секілді өңірлердегі тұрғындарды және елге енді көшіп келген қандастарды жұмыс күші тапшы солтүстік  өңірлерге баруға  ынталандыру, ауылдарға маман тарта отырып, кейбір жоқ мамандармен қамту секілді мәселелерге назар аударылған. Бұл мәселелер құжат жүзінде қалмасы үшін қазіргі таңда ел Үкіметі алдағы жеті жыл ішінде ауыл­дық жерлерде 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр. Бұл мамандарды алға тартуда маңызды жоба болмақ. Атап өтер жайт, жұмыс орындарының басым бөлігін солтүстік өңірлерде ашу жоспарланған. Мәселен, биыл елімізде жалпы сомасы 100 млрд теңгені құрайтын зәкірлік өн­дірістік-инвестициялық жобалар ретінде 65 тауарлы-сүт фер­ма­сын салу көзделген болса, оның 45-і солтүстік өңірлерде бой көтер­мек­ші.Бұл біріншіден ауылдарды жұмыспен қамту болса, екіншіден маман тартуға сеп болмақ. Көші қон дегенде еске түсетін тағы бір игі жаңалық биылдан бастап квота бойынша солтүстік өңірлерге орналасатын қоныс аударушылар мен қандастарды тұрғынжаймен қамтамасыз ету міндеті тұр. Осы мақсатта биыл республикалық бюджеттен 10,1 млрд теңге бөлінген. Демек бөлінген қаржы нақты мамандарға бағытталса, үй жаймен қамтамасыз етілген тұрғындар сол өңірге тұрақтанбақ.  Қазіргі таңда осыған дейін Солтүстік өңірлерден салынған үйлердің сапасына қатысты талй сын айтылған болатын. Қазір осы мәселеге қатысты да қадағалау жұмыстары күшейіп отыр. Сондықтан алдағы уақытта көші қон саласындағы мәселелер шешімін табар деген үміт зор. Еліміздегі көші қон саясатына орай экономист Дархан Сатыпалды «Еліміз Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап көші қон саясатына мұият қарады. Талай қандас елге келіп, демографиялық өсім жақсарды. Шетелден келген қандастар да қоғамға араласып, кейбірі кәсібін ашып дөңгелетіп кетті. Егер тиісті жағдай жасалмаса мұндай игіліктер орын алмас еді. Әлі де болса Үкімет алыс-жақын шет мемле­кеттердегі этностық қазақтардың ата­жұртқа оралу үдерісін мүмкіндігінше жеңілдетуге де күш салып жатыр. Одан бөлек  елге келуге ниет білдіргендердің  қандас мәртебесін алу­ға өтінішін Қазақстан Республика­сы Сыртқы істер министрлігінің шетелдегі мекемесі арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қабылдаудың жаңа тетігі енгізілді. Бұл қандастар жиі кездесіп жүрген біраз мәселенің алдын алды» дейді. Демек саладағы мәселелер шешімін тауып келеді.

Тегтер: