Қостанай облысында полиция қызметкері кісі қолынан қаза тапты

Марқұмның өліміне оның күйеуі күдіктеліп отыр
Қостанай облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, әйелдің денесі 1 қарашада таңертең өз үйінің ауласынан табылған. Оның өліміне марқұмның күйеуі күдікті деп танылып отыр. Ерлі-зайыптылардың екеуі де полиция департаментінде жұмыс істейді. Сондай-ақ олардың отбасылық қарым-қатынастары жақсы болмағаны, әрі ажыраспақшы болғаны анықталды.
«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті 25 жастағы жігіт ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін сараптама тағайындалып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», - деді полиция департаменті.
Қылмыстық істі тергеуді ІІМ өз бақылауына алды. Басқа ақпарат жариялауға жатпайды.