Қостанай облысындағы аудан әкімінің орынбасарына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр
Қостанай облысында лауазымды тұлғаға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізілуде. Сот Қарасу ауданы әкімінің орынбасарына қатысты тергеу материалдарын санкциялады. Бұл ақпаратты өңірлік прокуратура растады.
Әлеуметтік желілерде тараған дерекке сәйкес, Қарасу ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Мұхановқа қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Ол бұл қызметке 2025 жылғы наурыз айында тағайындалған. Қазіргі уақытта оның аты-жөні ауданның қолданыстағы басшылық құрамының ресми тізімінде көрсетілмеген.
Прокуратураның түсіндірмесінде тергеудің жалғасып жатқаны айтылды:
«Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», - делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Қостанай облысында облыстық әкімдікке қарасты денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы мен қазіргі басшы орынбасары ұсталған болатын. Олар өңірдегі медициналық сатып алулар жүйесінде бюджет қаражатын жымқыруға қатысты қылмыстық іс аясында тергеліп жатыр.