Қостанайда Freedom Finance филиалының бұрынғы басшысы 5 жылға сотталды

Қостанайда Freedom Finance компаниясының бұрынғы филиал басшысы Руслан Кәкенов 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот мәліметінше, ол қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, қызметкерлерге төленген бонустарды заңсыз иемденген. Судья Кузнецованың айтуынша, Кәкенов өз әріптестерін алдап, жоғары басшылықтың атынан жалған ақпарат берген және сол арқылы олардың ақшасын иеленген.
Сот шешімімен ол банктер мен қаржы ұйымдарында жетекшілік қызмет атқару құқығынан 7 жылға айырылды. Бұрынғы әріптестеріне келтірілген шығынды өтеу туралы шешім де шықты: Ержановқа – 50 млн теңге, Қаракузиеваға – 16 млн, Сақтағановаға – 8 млн теңге төлеуі тиіс.
Үкім жарияланған соң Руслан Кәкенов сот залында қамауға алынды.
Айта кетейік, 2024 жылдың аяғында аталған компанияның солтүстік өңірдегі бөлімінің жетекшісі болған Виталий Световой есімді менеджердің төңірегінде қаржылық алаяқтық фактілері әшкере болған еді. Бір топ инвестор Freedom Finance кеңсесінде менеджерлердің кеңесімен шоттарға қаражат салған. Алайда ол қаражат не инвестицияға, не биржаға жетпеген – менеджер Световой клиенттердің ақшасын жеке шоттарына аударып, талан-таражға салған.
2025 жылдың қаңтарында бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, Световой қаңтардың 23-і қамауға алынды. Тергеу барысында оның 150 миллион теңгеден астам қаржыны қолды қылғаны анықталды. Клиент ақшалары Freedom Finance-тің 9 жетекшісінің атына, әсіресе батыс өңірдегі банк филиалындағы есепшоттарға аударылғаны құжатпен дәлелденді. Ең сорақысы – Петропавл қаласының 43 жастағы тұрғыны, қомақты қаржысын сеніп тапсырған Рустам Қасымов есімді азамат ақшасын қайтара алмай, өзіне қол жұмсаған. Қысқаша айтқанда, Световойдың алаяқтығы бір адамның өмірін қиып, ондаған салымшыны зар жылатты.
Freedom Finance бұл жанжал шыққан соң, Световойды «бұрынғы қызметкер, орта буын менеджері ғана» деп, бар кінәні соның мойнына артты. Компанияның уәжі бойынша Световой клиенттерді өз бетімен алдап, ақшаны қолма-қол жинаған, 2024 жылғы тамызда бір клиенттің шағымынан кейін жұмыстан қуылып, іс материалдары полицияға берілген. Компания өзін де жапа шегуші ретінде көрсетіп, бұл «ақпараттық шабуыл, бәсекелестердің әрекеті» деп мәлімдеді.