Қостанайда қазақтарды қорлаған тұрғын сотталды
Қостанай қаласының №2 сотында 44 жастағы жергілікті тұрғын Юлия Хонға қатысты үкім шықты. Ол ұлтаралық араздықты қоздырды деп танылды.
Тobolinfo дерегінше, оқиға 2024 жылдың қараша айының басында болған. Түнгі уақытта, шамамен сағат 03:45-те, мас күйдегі Юлия Хон TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфирге шығып, пікірталас жүргізген. Айыпталушының қорғаушысы Виталий Лидің айтуынша, эфир барысында Ресей мен Украина арасындағы соғыс тақырыбы қозғалған.
Тікелей эфир кезінде әйел балағат сөздер қолданып, пікірталасқа қатысушыларды, оның ішінде қазақтарды ұлттық белгісі бойынша қорлаған. Сот бұл әрекеттерді ұлтаралық араздықты қоздыруға бағытталған деп бағалады.
Сот Юлия Хонды екі жылға бас бостандығынан айырып, ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда жазасын өтеуге үкім етті.