Қостанайдағы балалар орталығында тәрбиеші қыз баланы үтікпен күйдірген

2025 жылдың 17 наурызында Қостанай қаласындағы «Балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында» тәрбиеші қыз баланы үтікпен күйдірген. Бұл жайт тек мекеме басшысы полицияға жүгінген соң ғана белгілі болды.
Оқиға туралы Қостанай облысының Полиция департаменті хабарлады. Олардың мәліметінше, тәрбиешінің әрекетіне байланысты Қылмыстық кодекстің 110-бабы, 2-бөлігі, 1-тармағы бойынша (қызметтік міндетін атқару кезінде азаптау) қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі таңда тиісті тергеу амалдары жүргізілуде.
Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Несібелі Басенованың айтуынша, мекеме ішіндегі бейнебақылау камераларынан тәрбиешінің қолында үтікпен зал ішінде жүргені анық көрінеді. Алайда күйдіру сәті тікелей жазылмаған. Қыз баланың иығындағы күйік орнын алғаш болып медициналық қызметкер байқаған. Ол дереу басшылыққа хабар беріп, тәрбиеші қызметтен шеттетілді.
Тәрбиешінің өзі бұл әрекетін отбасындағы қиын жағдайлармен және эмоциясын басқара алмағанымен түсіндірген. Дегенмен оның бұл сөзі қоғам наразылығын туғызды.
Айта кетейік, бұл соңғы уақытта балалар мекемелерінде тіркеліп отырған бірінші оқиға емес. Бұған дейін Павлодар қаласындағы №16 балабақшада тәрбиеші кішкентай балаларды ұрып-соққаны бейнежазбалар арқылы анықталған еді. Ол оқиғада да қылмыстық іс қозғалған.
Балалармен жұмыс істейтін мамандардың кәсібилігі мен психологиялық дайындығы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Құқық қорғау органдары мен бала құқықтарын қорғаушылар мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін бақылау мен жауапкершілікті күшейту қажет екенін айтып отыр.