Қостанайдағы жарылыстан қаза болғандар саны екі адамға жетті - ТЖД маманы
Қостанай қаласы Амангелді ауылындағы жарылыстан екі адам қайтыс болғаны белгілі болды, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің маманы Zhasalash.kz тілшісіне айтып берді.
«Газ жарылған, жарылыс 200 шаршы метр аумақты шарпыды. Сол аумақтағы құрылыс түгел қирады. Құтқару жұмыстары жүріп жатыр, оқиға орнында департамент басышлары жүр. Үйінділерді аршып жатырмыз, үйінді астынан екі адамның мәйіті табылды. Қалған адамдар облыстық және қалалық емханаға жатқызылды. Емханада нақты қанша адам жатқанын айта алмаймын, өйткені мәлімет минут сайын өзгеріп жатыр. Бірақ бір адамның ауыр жағдайда жатқаны белгілі. Кей адам ем қабылдаудан бас тартты. Бізге жеткен ақпарат бойынша, үйінді астында қалған адамдар бар, соны анықтауға тырысып жатырмыз. Қайтыс болған екі адамның жеке басы анықталған жоқ. Олар машина жөндейтін жердің қызметкері ме, көлігін жөндетуге келген адамдар ма, белгісіз», - деді ТЖД бас маманы Азамат Мұқанов.
Айта кетейік, Қостанайдағы жүк көлігін жөндейтін бір қабатты ғимаратта газ баллон жарылған. Салдарынан ғимарат құлап, адамдарды басып қалды.
ТЖД өкілдері алғашқыда бір адам қайтыс болғанын хабарлаған. Бірақ кейін бұл ақпаратты жоққа шығарып, жарылыс салдарынан қаза тапқандар жоқ екенін мәлімдеді.
«Қаза болғандар туралы мәлімет жоқ, зардап шеккендердің бірінің жағдайы ауыр. Іздеу жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Үйінді астында қанша адам қалғаны белгісіз.
Жарылыс себебі де әлі анықталған жоқ. Мұны тергеу нәтижесі көрсетеді. Бірақ ауаға газдың көп жиналуынан жарылыс болуы мүмкін деген болжам бар», - деген болатын ТЖД басышсы Қайрат Қасым.