Костенко шахтасындағы 46 кеншінің қазасы: айыпталушыларға үкім шықты

Қарағанды облысында Костенко шахтасында 46 кеншінің қазасына байланысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Ең ауыр жаза – сегіз жылға бас бостандығынан айыру – шахта директоры Сергей Мустивкоға тағайындалды.
Барлық айыпталушылар ҚР ҚК 277-бабы 3-бөлігі бойынша («Тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу, адамдардың қаза болуына әкеліп соққан») кінәлі деп танылды. Жалпы 10 басшы мен инженерлік-техникалық қызметкерлер сотталды:
-
Сергей Мустивко, шахта директоры – 8 жыл;
-
Владимир Гоноченко, бас инженердің қазба жұмыстары жөніндегі орынбасары – 6,5 жыл;
-
Владимир Шишканов, желдету және еңбек қауіпсіздігі учаскесінің бастығы – 5 жыл;
-
Дмитрий Федоренко, бас инженердің техника қауіпсіздігі жөніндегі орынбасары – 6 жыл;
-
Вадим Ерёмин, өндіріс жөніндегі директордың орынбасары – 7 жыл;
-
Николай Грознов, бас инженер – 7 жыл;
-
Виктор Коптенков, учаске бастығы – 7 жыл;
-
Дмитрий Коцер, бас механик – 6 жыл;
-
Виталий Пестряк, шаң-жарылысқа қарсы қорғаныс бойынша учаске бастығының көмекшісі – 6 жыл;
-
Төлеген Габдушев, конвейер көлігі учаскесінің бастығы – 5 жыл.
Сот шешіміне сәйкес, тергеу изоляторында өткізген әрбір бір күні – колониядағы екі күнге есептеледі.
Айта кетейік, 2023 жылдың қазан айында Костенкода 46 кенші қаза тауып, 28 адам түрлі жарақат алған болатын. Сол кезде Қарағанды облысындағы көмір шахталары ArcelorMittal Temirtau компаниясына тиесілі еді.