Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:39, 14 Наурыз 2023

Көтере алмас шоқпарды...

None
None

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мүшелігіне тағы да кандидатурасын ұсынуға қам жасап жатыр.

Бұл туралы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров мәлім етті. Әрине, Қазақстанның халықаралық іргелі ұйымдарға мүше болғаны қажет. Қолдаймыз, құптаймыз. Бірақ…

– 2016 жылы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Бұл халықаралық мойындаудың бір белгісіне айналды және де біз тек елімізде ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірін тиімді паш еттік. Кеңес жұмысына да үлес қосып келеміз. Бүгінде біз мұндай тәжірибені қайталай аламыз деп үміттенеміз. Сондықтан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін сайлау барысында Қазақстанның кандидатурасы қолдау табады деп үміт артамыз, – деді Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров.

Рас, соңғы ондаған жылдар бойы Астанада ірі халықаралық жиындар өтті және елорда мемлекет лидерлері бас қосатын диалог алаңына айналды. Біздің шенеуніктердің де тілге тиек ететіні – осы. Атап айтар болсақ, өткен жылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммиті өтті. Ол жиынға Әзербайжан, Беларусь, Ирак, Иран, Қырғызстан, Палестина, Тәжікстан, Ресей, Түркия, Өзбекстан президенттері, Қатар әмірі, Вьетнам вице-президенті, ҚХР төрағасының орынбасары, көптеген шетелдік министрлер қатысты.

– Саммиттегі бастамалар өміршең. Бұл түрлі ұйымдарды, оның ішінде халықаралық ұйымдарды институцияландырудың арқасында орын алды. Осындай қысқа кезең ішінде біз көп бірлескен жұмысты атқара алдық. Сонымен қатар Қазақстан діни орталықтар мен өркениеттердің жаһандық орталығына айналды. Өткен жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі БҰҰ қолдауымен өтті, – деді Қайрат Омаров.

Дұрыс-ақ делік. БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне мүше болу бұл Қазақстан үшін абырой шығар. Алайда біз мына бір мәселеге назар аударайықшы. Қазақстан алғаш рет 193 мемлекеттің ішінде 138 қолдаған дауыс алып, 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. 2017 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелерінің құрамына Боливия, Мысыр, Италия, Қазақстан, Сенегал, Украина, Уругвай, Швеция, Эфиопия, Жапония кірді. Рас, біздің ел Орталық Азия елдерінің ішінен бірінші рет сайланған мемлекет. Қауіпсіздік кеңесі – БҰҰ-дағы негізгі органның бірі. Басты мақсаты – қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтау. Қауіпсіздік кеңесі 15 мүшеден тұрады. Оның бесеуі – тұрақты, олар – Ұлыбритания, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция. Ал қалған он мемлекет БҰҰ Бас Ассамблеясы арқылы сайланып отырады. Кеңестің тұрақты емес мүшелері екі жылдық мерзімге тағайындалады.

Ал енді сауал, 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланған жылдары Қазақстан бейбітшілік үшін не істей алды? Бұрынғы экс-президент әлем үшін орындалуы қиын идеяларды БҰҰ мінберінен талай айтты. Одан біз ешнәрсе ұтқан жоқпыз. Уақыт өтті. Ал бүгінгі таңда да кейбір жағдайда позициямызды айқын білдіре алмай отырмыз. Неге? Қазір Ресей-Украина арасында соғыс жүріп жатқаны белгілі. 2022 жылдың наурыз айының басында БҰҰ Бас Ассамблеясы Ресейдің Украинадағы басқыншылығын тоқтатып, әскерін шығаруды талап ететін қарар қабылдады. Қарарды 141 ел қолдады, 5 ел қарсы болды, 35 ел қалыс қалды. Қалыс қалғандардың ішінде Қазақстан бар. Қарсы болғандар – Ресей, Беларусь, Солтүстік Корея, Сирия және Эритерия. Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан делегациясы дауыс бермеді. Сонда түрікпен, өзбек құрлы болмадық па? Ал 2022 жылдың қараша айында БҰҰ Бас Ассамблеясы көпшілік дауыспен Украинаға келтірілген шығынды өтеу туралы тағы қарар қабылдады. Оған  – 94 ел қатысты, 13 делегация қарсы дауыс берді, 74 мемлекет, оның ішінде Қазақстан дауыс беруден қалыс қалды.

Енді тағы бір мысал, 2023 жылдың 23 ақпанында тағы БҰҰ Бас Ассамблеясының кезектен тыс сессиясында Ресейді соғыс қимылдарын тоқтатуға шақырып, әскерлерін Украинадан шығаруды талап ететін қарар қабылдады. Құжатты 141 мемлекет қолдады. Ал 32 мемлекет қалыс қалды, оның ішінде Қытай, Армения, Қазақстан, Боливия, Куба, Иран және Үндістан бар. Міне, БҰҰ Бас Ассамблеясының үш қарарында да Қазақстан қалыс қалды. Енді сұрақ: қашанғы қалыс қала береді? Бұл «өгізді өлтірмеу, арбаны сындырмау» саясаты ма? Бірақ әлемдегі бейбітсүйгіш  қауым Ресейдің шын мәнінде Украинаға шабуыл жасап отырғанын көріп отыр ғой. Солай бола тұрса да, дауыс беруде Қазақстанның үнемі қалыс қала беретінін қалай түсінуге болады? Бұл тағы да «Путин ренжиді» деген көңілжықпастық  саясат қой. Мұнан шығатын қорытынды, егер ертең Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне мүше болса, Ресейдің қас-қабағына қарап, тағы да қалыс қала бере ме? Тәуелсіз мемлекеттің айқын, ашық әрі нық позициясы болуы керек қой. Ал БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуға ұмтылу – көтере алмас шоқпарды белге байлау емес пе?

Әлде Айдос Сарым айтқандай: «бір көршің – алқаш, екіншісі – нашақор. Мұндай жағдайда сіз оларды да ескеруіңіз керек немесе күшіңіз жетсе күресуіңіз керек».

… Күресу қайда? Әзірге әрекетіміз қалыс қалу болып тұр.

Тегтер: