«Көз-жасымыз қашан құрғайды?!» Кісі қолынан көз жұмған Ақнардың анасы Президенттен көмек сұрайды
Қоғамда «Ақнар ісі» деп аталып кеткен қайғылы оқиға естеріңізде болар. Өткен жылдың шілде айында Алматыдағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде Ақнар Гүлстан есімді 17 жасар қыз 7-қабаттан құлап, оқиға орнында көз жұмған еді.
Алматы полициясы Ақнардың ісіне қатысты пікір білдіріп, оқиғаның Алмалы ауданына тіркелгенін, бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы (өзін-өзі өлтіруге итермелеу) бойынша іс қозғалғанын, сараптамалар жүргізіліп, тергеу амалдары жалғасып жатқанын хабарлаған болатын. Сондай-ақ хабарламада: «Біз марқұмның туыстарының бастан кешкен қайғысына шын жүректен ортақтасамыз. Сонымен қатар соңғы процессуалдық шешім барлық тағайындалған сараптамалардың нәтижелерін алғаннан кейін және қажетті тергеу әрекеттерін жүргізгеннен кейін қабылданатын болады», – делінген.
Алайда Ақнардың анасы Гүлстан мен қорғаушысы оның өлімі кездейсоқ құлау емес, бұған жанжал мен төбелес себеп болды деп есептейді және бірнеше айдан бері ақпарат құралдары арқылы қызының өліміне қатысты күдікті жағдайларды үзбей айтып келеді. Ақнардың анасы мен қорғаушысы Ақнар биіктен құлап жазым болардан бұрын пәтерде құрбылар арасында жанжал, артынан төбелес болғанын айтады. Соған қарамастан қайғылы оқиғаға қатысы болған адамдардың ешбірі әлі күнге дейін жауапқа тартылмаған. Сол кезде Ақнардың қасында болған Дидар Мұқият пен Рано Асқар қорғануға құқығы бар куәгер ретінде ғана танылған, тіпті істі жүргізу барысында маңызды айғақтар еленбей қалған. Мысалы, қызының денесінен сынған тырнақтар, жарақаттар мен тіс іздері табылған. Сондай-ақ Ақнардың ұялы телефонынан тұншықтыру сәті бейнеленген бейнежазба анықталған. Бірақ содан бері ұзақ уақыт өтсе де, қылмыстық іс әлі сотқа жетпеген. Ең қызығы, Ақнардың ісі осы уақытқа дейін бірнеше рет тергеу органдары арасында ауыстырылған. Бірақ күдіктілер әлі анықталмаған. Бұл жөнінде жақында Астанадағы «Журналистер үйінде» өткен баспасөз конференциясында Ақнардың анасы Гүлстан Хамит айтты.
Гүлстан Хамиттың айтуынша, қызының ісі әу баста Алматы қаласы Алмалы ауданы полициясына тіркелген, одан соң Алматы қаласының Бостандық аудандық полициясы тексерген, кейін іс Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жіберілген, алайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамына енуіне байланысты іс екі айға жуық тоқтап қалған. Кейін 25 тамыздан бастап Алматы қаласының прокуратурасы тергеуді қайта жалғастырған. Осыдан соң Гүлстан Хамит қызының ісі әділ тергеледі деп үміттенген, алайда осы уақытқа дейін ешқандай нәтиже болмаған. Тіпті Ақнар қайтыс болғанда оның қасында болған Дидар Мұқият пен Рано Асқардан ешқандай жауап алмаған, мұны тергеушінің өзі де растаған.

«Қазір Алматы қаласы Бостандық ауданы полициясының куәгерлерден алған жауаптары негізінде сараптама тағайындалып жатыр. Іс Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне келгеннен кейін менің іс материалдарыма қосып тапсырған барлық дәлел, дәйектерім жоғалып кеткен. Яғни, полиция департаментінен іс Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне толық жетпеген. Оларды қайтадан флешкаға салып, қағаз жүзінде жеткізуге тура келді», – дейді Г.Хамит.
Баспасөз конференциясы кезінде Г.Хамит осыдан біраз уақыт бұрын өзін Дидар Мұқияттың іздеп келгенін айтты. Ақнардың анасының сөзінше, Дидар Мұқият өзін Рано Асқар осы уақытқа дейін алдап келгенін, Ақнардың денесіндегі жарақаттардың суретін, видеосын көрген соң Ақнар мен Рано ұрысқанына көзі жеткенін айтқан (Негізі әу баста Ақнар мен Рано сөзге келіп, ұрыс басталғанда Дидар дәретханаға тығылып қалғанын, қыздардың арасында қандай жағдай болғанын білмейтінін айтқан еді. Ал Рано өзінің қонақүйде болғанын, ал Ақнар асхананың терезесінен секіріп кеткенін жеткізген). Г.Хамит осы оқиғаларды баяндаған Дидар Мұқияттың аудио жазбасын тыңдатты. Сондай-ақ Дидар мен Раноның бір жылдан бері сөйлескен сөздерінің көшірмесін де көрсетті. Осы айғақтарға сүйенген Ақнардың анасы: «Рано Дидармен сөйлескен жазбасында «Ақнардың қолын мықтап ұстап тұрып, оны басыммен қатты сүздім» дейді. Демек Рано Дидармен сөйлескен жазбасында Ақнардың таяқ жегенін, шашының жұлынғанын айтқан, мұны маған Дидар айтып берді, екеуара жазған жазбаларын да көрсетті», – деді.
Сондай-ақ Дидар сол күні полиция келгеннен кейінгі оқиғалардың қалай болғанын да Ақнардың анасына айтып берген. Дидардың сөзінде полиция Дидар мен Ранодан «сендерде дене жарақаты бар ма?» деп сұраған. Дидар ешқандай дене жарақаты жоқ екенін айтқан. Ал Раноның мойнында, денесінде жарақат іздері болған (мұны Ақнардың анасы «Рано Ақнарды қолынан ұстап сүзгенде жанталасып тістеген болуы мүмкін» деп болжайды).
Ең сорақысы – полиция қызметкері Раноның денесіндегі жарақаттарды Дидарға түсіртіп, өздеріне жібертіп алған, осы жағдайға байланысты Г.Хамит: «Сонда қалай, полиция қызметкерлерінің қолында арнайы фотоаппарат, камера жоқ па? Не себепті Дидарға түсіртіп, өздеріне жібертіп алады. Сонда полиция қызметкерлері істі қалай жүргізу керектігін білмей ме?», – дейді. Г.Хамит бұдан өзге де айғақ, дәлелдерді тергеу кезінде назарға ілмей отырғанын жеткізді. Мысалы, оқиға болған күні қызының бас бармағының тырнағы түбімен жұлынғанын, сол жұлынған тырнақ әлі күнге дейін іске тіркелмегенін айтады. Тырнаққа ешқандай тексеріс жасалмаған. Тіпті Ақнардың тырнағының қайда кеткені де белгісіз.
Гүлстан Хамитқызы Ақнардың ісінің әділ тергелгенін қалайды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтан, Бас прокурор Б.Асыловтан, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Е.Сағымбаевтан істің әділ тергелуіне ықпал етуін сұрайды. Сондай-ақ ол Алматы қаласы құқық қорғау орындарына сенімсіздік танытатынын, сондықтан істі Астанаға ауыстыруын талап етті. Сөз соңында: «Қазақстанда неге аналар осылай әділдік іздеп жылап жүреміз? Біздің көз-жасымыз қашан құрғайды?!», – дейді шарасы таусылған ана.
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ