Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:08, 11 Ақпан 2022

Көзбояушылықты көзбояушылықпен алмастыру

None
None

есеп берудің жаңа үлгісі елдің көңілінен шыға ма?

2019 жылдың наурызында президенттің міндетін атқаруға кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы сапарын қасиетті Түркістаннан бастап, осында зиялы қауым өкілдерімен өткен кездесуде біраз мәселенің шетін қайырғаны есте қалыпты.

– Қоғамдағы әділеттілік, ең алдымен, атқарушы билікке байланысты. Үкіметтің, министрлердің, барлық деңгейдегі әкімдердің, полицияның, прокуратураның, соттардың басты мақсаты – азаматтардың құқығын қорғау. Мұндағы менің басты ұстанымым анық, айқын. Бұл – заңның үстемдігі. Заңнан жоғары ешнәрсе болмауы керек. Орталық және жергілікті органдардың басшыларына қатысты орынды шағым түскен жағдайда, олардың бәрі жазаланатын болады. Сондықтан басшылар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Жылына бір рет ұйымдастырылатын есеп беру кездесулері – көзбояушылық. Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек. Сонда жемқорлықпен күрес күшейе түседі, – деген еді. Әділдік, заңдылық, адамзаттың әлімсақтан бергі асыл мұраты, биік мақсаты, бірақ күрмеуі қиын әдемі сөздер екендігін мойындау керек, әрине. Дегенмен, мемлекет басшысының «есеп беру – көзбояушылық» деген сөзі жұртшылықтың көкейіндегі пікірмен дөп келгені рас.

Жаңылыспасақ, әкімдердің халыққа есеп беруі – 2005 жылы басталған болатын-ды. Оның «бісмілләсін» ауыл әкімдері бастап, соңын облыс әкімі аяқтайды. Сол баяғы өзгермейтін, әбден жаттанды болып кеткен сценарий. Былтырғы жеткен жетістіктер туралы баяндама оқу, оның соңы әкімді сыпыра мақтау, халыққа уәде берумен аяқтау.

  2016 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев есеп беретін басшылардың қатарына орталық атқарушы орган басшыларын (дәлірегі, министрлер), ұлттық жоғары оқу орындарының ректорларын да кіргізді. Тоқаев президент болған үш жылдың ішінде өзі айтқан көзбояушылық жалғаса берді.  

Биыл әкімдердің есеп беруі кешеуілдеп кетті. Осының бір хабарын білу үшін біз Жетісай ауданы әкімдігімен байланысқан едік. Аудан әкімі аппаратының басшысы Есенгелді Алданиязов біраз жаңалықты көлденең тарты.

– Ауыл әкімдері  – 14-20 ақпан аралығында есеп беретін болып отыр. Ал аудан әкімінің есеп беру форматы биыл президенттің жарлығына сәйкес, өзгереді. Ол енді есеп емес, халықпен кездесу деп аталады. Жарлыққа сәйкес, аудан әкімі әр тоқсан сайын әр ауылдық округке барып, халықпен кездеседі. Ауыл әкімдері де алдағы уақытта тек халықпен кездесу жиындарын өткізетін болады, – деді аппарат басшысы.

Аудан әкімдігі қызметкерлерінен білгеніміз, Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек халықпен кездесу жиындарын қазірдің өзінде аяқтап қойған болып шықты. Ол аудандағы – 13 ауылдық округтың тұрғындарымен жолығып, қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырыпты. Кездесудің қорытындысы әдеттегіше, аудан орталығы – Жетісай қаласында өтіпті.

Президенттің осы жөніндегі жарлығымен танысып шығудың  сәті түсті. Жарлық бойынша, бұдан былай облыс әкімдері әр аудан, қалада жылына екі рет халықпен кездесу өткізеді. Ал аудан, қала әкімдері мұндай кездесуді жоғарыда айтылғандай, әр ауылдық округте тоқсан сайын, яғни жылына 4 мәрте ұйымдастырады. Ал ауыл әкімдері сол ауылдық округтегі ауылдарға барып, ай сайын (жылына 12 мәрте деген сөз) кездесу өткізуге міндетті. Халықпен кездесу өткізгенге дейін халықтың ұсыныс-пікірлерін жинайтын комиссиялар құрылуы тиіс. Кездесудің өтетінін ауыл әкімдері бір апта бұрын, аудан әкімдері екі апта бұрын, облыс әкімдері бір ай бұрын халыққа хабарлауы керек.

 Президент жарлығында «кездесулерде әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттарын хабардар етсін», деген тапсырма жазылған. «Жаңа Қазақстан» қазіргі идеологияның тұпқазығы болып тұр емес пе?! Әкімдер сол баяғыша, әрі халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, әрі президент саясатының мән-маңызын түсіндіреді. Айтпақшы, қызық болғанда, жарлықта «кездесулерге саяси партия, қоғамдық ұйымдар және сындарлы оппозиция өкілдерінің кең аудиториясы тартылсын», деген де міндет жүктелген. Шалғайдағы аудан, ауылдың әкімдері енді кездесу өткізу үшін оппозиция іздеп сандалып кетпесе деңіз.

Осылайша, Тоқаев өзі айтқан көзбояушылықты үш жылдан кейін жойғалы жатыр. Бір жақсысы, бұл алыстағы аудандарға жылына бір рет те ат ізін салмайтын, жылы кабинетінен шықпайтын облыс әкімдеріне қамшы болғалы тұр. Мәселен, Түркістан облысында 17 аудан мен қала бар. Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев енді бірінші жартыжылдықта осы – 17 аудан, қалаға барып, халықпен кездесіп, оның артынша, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдайды. Сенбі, жексенбіні алып тастасаңыз, бұған кемі үш апта уақыт керек. Екінші жартыжылдықта тағы сонша уақыт ел аралаумен, халықпен кездесумен өтеді деген сөз. Кейбір аудан, қалалар облыс орталығы Түркістаннан – 400-500 шақырымда орналасқан. Әкім мен оның айналасындағылар табандарынан тозайын деп тұр.

Ал бір жаманы… Әрине, халықтың талап-тілегін, мұң-мұқтажын тыңдау дегеніңіз  дұрыс ниет. Мәселе әкімдердің оны қалай жүзеге асыратындығында ғой. Жоғарыдан келген тапсырмаларды науқанға айналдырып үйренген әкімдер мұны да көзбояушылыққа айналдырып жібереді-ау деген күдік басымдау болып тұр.

Тегтер: