Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:10, 24 Наурыз 2022

Көзбояушылықты қоя алмадық-ау

None
None

Алматыны шулатып, студенттерді мәжбүрлеп жинап, баяғы жылпос басшы-қосшыларды қинап, президент Тоқаевты қолдайтын қонцерт ұйымдастырудың керегі бар ма еді?

Күндіз-түні өтіріктен тау үйіп жатқан Ресейдің пропагандасының сорақы әрекеттеріне қарап, бұлардың бір сәт ойланатын түрі жоқ екен. Президент Тоқаевты қолдаңдар, «Аманат» атанып алған кешегі «Нұр-Отанды» жақтаңдар деп, жастарға жаппай көк ту, кепка мен жилет таратқан, деседі әлгі концертті көзімен көргендер. Бұл – масқара!

Бір диктатордан құтылдық па дегенде… Екіншісі керек пе еді, қазаққа?!

Осы сорақы концертті ұйымдастырғандар тұрғанда, Тоқаев Алматыға екінші рет келместей болған шығар. Сол шарада шыдамай кеткен бір жағымпаз сөз алғанда, «Тоқаев – тигр», деп айқайлап жіберіпті. Бұлар Қазақстанды баяғы қараңғы сүрлеуге қайта түсірмек пе? Әй, енді Барыс пен Тигр сияқты аң емес, парасатты, шыншыл адам болатын кезіміз келген шығар?!

Демократия жолын шын таңдаған Украина өліспей-беріспей, жемқорлық пен диктатураны ту еткен алып Ресейді жеңіп жатқан кезде. Ештеңеге тоймай кеткен Назарбаевтан шын құтылып, қазаққа күн көрсетпеген шовинистер империясы құлап, қара түнектің орнына қазақтың аспаны ашылайын деген шақта, қазақ үшін көгеру мен қарыштап дамудың нағыз мүмкіндігі енді туайын дегенде, мынауы не? Студенттерді еркінен тыс, күштеп жинап, жалған митингке шығарғаны, «Тоқаев тигр!», «Аманат жасасын!» деп айқайлатқаны не? Айтпақшы, бұл сұраққа митингке қатысу үшін Алматыға арнайы келген «Аманаттың» белді мүшесі, мәжіліс депутаты Айдос Сарымның жауабы бар екен. Ол орыс тілінде журналист Гүлнар Бажкеноваға сұхбат беріп, «ешкім ешкімді мәжбүрлеген жоқ, ешкім ешкімді концертке кел, деп алдап, митингке шақырған жоқ», деп шырылдапты. «Аманат» партиясы мемлекетті қолдайтын шын патриоттар, қалғандары Қазақстанды құртайын деп тыраштанып жүрген арамдар», дегендей сарында.

– Өз партиямнан басқасын сыйламаймын, тіпті, «партия құрам» деп желпініп жүрген екі-үш адамды жек көремін. Егер «Аманат» партиясын таратып жіберсек, Қазақстан құриды. Ертең сайлауда «Аманат» партиясы оңбай жеңіледі, деп ойлап жүргендер қатты қателеседі. Қазір партия құрам, деп өтініш бергендердің көбі ертең тіркеле алмай қалады, өйткені олар қабілетсіздер. Олар ертең 20 облысқа барып, өзінің шын жақтаушыларын таба алмайды, – депті Сарым.

Сол.

Айтпақшы, күні кеше, президенттің соңғы жолдауынан кейін де «Ел Тірегі» деген «қауіпті» партияны тіркеуден біздің ОСК осымен 18-ші рет бас тартыпты. Әзірге, жағдайымыз осы...

Бірақ, бірақ… Қас қылғанда, мына дүние өзгеріп барады. Бір дәурен бітті. Әділетсіздік дәурені еді ол, әділетсіздеу, арамдау, алдау мен арбаудың құлы болғандардың заманы болатын-ды. Баяғыда Шопенгауэр бекер айтпапты, «абырой атаулыдан өз арыңның тазалығы артық» деп. Сол шындықтың ұшы тағы қылтиыпты кеше: тағы да абырой қуған бір топ қазаққа медальдар таратылған екен. Оны кімдер алғанын әлеуметтік желідегі жүздеген жағымпаздар бізсіз-ақ жеткізіп жатыр.

Жалпы, Қазақстанға алдағы 100 жылға дейін әділ сайлауда шын жеңгені, жеңбегені болсын, президенттің қолынан орден-медаль, құрметті азамат, елге ерен еңбек сіңірген әлдебір данышпандар мен періштелер деген жалған атақ-даңқ беруге мораторий енгізу керек. Ол анық! Құдай ешкімді ешкімнен артық етіп жаратпайды. Ендеше, неге біздің елімізде Сарым сияқты бейімделгіштер мен қаптаған жағымпаздар, қажет болған кезде біреуге төсек болып төселушілер бізді билеуі керек?

Қазақстанды алда әлі бірнеше сайлау күтіп тұр. Жә, отыз жыл алай-бұлай алдады. Енді не істемек? Енді елді қалай алдамақ? Жалпы, әділдікті, қас қылғанда, әділге жақ келетін қазақты алдау қиынға соғып барады, ә?

Қазақты өзі не күтіп тұр? Сендердің де ақты мойындап, жеңіле қалатын, орынды босатып, биліктен кете қалатын түрлерің жоқ, ә?! Біріміз өліп, біріміз қалайық десек, өзіміз тым азбыз, қас қылғанда. Қысқасы, қиын екен, қазақ деген. Атамызды қосыла ұрайық десек, қазақ деген біздер ғана емес, сендер де екенсіңдер. Жалпы, тым қиын ұлт екенбіз… Бақытсыздықтан, жамандықтан, сұм тағдырдан бізді Құдай сақтасын! Не дейсің басқа? Қойсаңшы, қазағым! Қашанғы сапасыз адам боласың, жағымпаздықсыз жүре алмайтын!

Тегтер: