Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:51, 05 Сәуір 2022

Көзді жұмып, құлақты бітеп алып...

None
None

Соңғы кезде кейбір гәзеттерімізде біріне-бірі кереғар мақалалар шығуда. Мәселен: марқұм Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты әулиеге теңеп, мадақтау және жұмырбасты пенделігі үшін сынау.

Ал жазылып жатқан ел тарихына қажеті – ақиқат. Мадақтаушылар мұны ескермейді. Кеңес дәуіріндегі Қазақстанның жетістіктерін Д.Қонаевқа телуден әсте жалықпайды. Мысалы, «Димекең 42 қала салдырды!» деп, онысын нағыз ерлікке балап, мақала, жыр жазғандар да бар. Оған көзі тірісінде солайша, жағынғандар бүгін де табынуда. Арнау кітаптар жазылды. Жалпы, біз билік басындағыны «біртуар» десіп, жарыса жалбақтағышпыз. Н.Назарбаевқа да тең таба алмай: «Ғасыр ғұламасы», «Елбасы» деп томдап, кітап жазып, сериялап, кинофильм шығардық. Ақыры не болды?

          42 қалаға оралайын.

Кеңестік дәуірде одақтас республикалардан қандай сұраныс түссе де, бәрі дерлік қабылданатын. Әрине, республиканың қауқарына қарай. Қазақстан, құдайға шүкір, ортақ мемлекетке астық пен көмір, ет пен май,  түсті метал, т.б. тапсыру жоспарын артығымен орындап жүрді. Оның бәрі әу бастан қалыптасқан жүйелі іс-шаруа болатын. КСРО Жоспарлау комитеті әрбір республиканың Жоспарлау комитеті арқылы, әлбетте, республиканың жоғарғы басшылығы қарап, бекіткен құжаттарға сүйеніп, республиканың қай өнімінен қаншасын Орталыққа жіберуге тиістігін айтатын. Жыл аяғында ол өнімнің артылғанын республикаға қаржылай қайтарарда ол қаржының нендей іске жұмсалатынын анықтап, өзара келісетін.  Республика: тұрғын үй, театр, монша, көпір, мейманхана, мұражай, дүкен… сала ма, өз еркі. Д.Қонаев жылма-жылғы сол мүмкіндікті қала салуға жұмсады.  Яғни 42 емес, 142 қала салатын да экономикалық жағдайымыз болды. Негізінен, өнеркәсіпті орталықтарымызға салынған 42 қала тұрғындарының 30 пайызға жуығы ғана қазақ, өзгелер, яғни сол қалаларды салуға Ресей жақтан  мыңдап келген құрылысшы жұмысшылар мен мамандардың, зауыт-фабрикаларымызға керек «сирек кадрлардың» көбі тұрақтап қалып қойған. Ол Қазақстанды орыстандыруда «жүгеріші көсем» Хрущевтың ұранымен «Тың және тыңайған жерлерді игеруден» кейінгі екінші түрі болды. Меніңше, ол қалалар Қазақстанның мұқтаж болуымен емес, Кремльдегі «көсемдердің» кейбіреуінің жымысқы есебімен іске асты.

          Қазақстанды орыстандырудың үшінші тәсілі де болды:

          «Комсомольская правда» гәзетінде (01.05. 1960 ж.) әскери міндетін өтеп қайтқан солдаттардың (комсомол мүшелерінің) атынан Хрущевқа   хаты және оған «одақтық көсемдердің» жауаптары жарияланды.  Жазғандар: «Біз тракторшы комсомол бригадаларын құрдық. Жұмыстың    ең ауырына, қайда болсын, жіберуіңізді сұраймыз», — деген. «Сендерді Қазақстан, Сібір, Алтай тосып отыр!» — деді Хрущев жауабында. Гәзеттің сол санында Д.Қонаевтың ол хатқа: «Приезжайте к нам, в Казахстан!» деген  жауабы бар. Түпнұсқасы:

          «Приезжайте, товарищи воины, к нам, в Казахстан, на наши целинные просторы! Здесь вас примут как родных и близких. Нам очень нужны хорошие механизаторы, люди молодые, смелые, решительные и энергичные. Есть у нас где проявить свои способности. В казахстанских степях наступает седьмая целинная весна, начинается гигантская борьба за высокий урожай, за большой хлеб. Вы найдете здесь свое место, свое счастье!».

          Сол құрақұшып шақырумен бізге неше мың келімсектің ағылып жеткенін кім біледі?

          Жалпы, Димекең Кремльдің қожайындарына ешқашан қарсы бір ауыз сөз айтқан емес. «Өзбекстанға жер беруге қарсылық жасаған», деген бүгінгі сөз – далбаса. Онда делқұл Хрущев не айтты, сол болды. Кейінде ол жеріміз, түгелдей болмаса да, қайтарылды. Билікке Л.Брежнев ие болған соң. Өз жерінде өгейсітілген қазақтардың тағы да талап етуі бойынша. Л.Брежнев пен Д.Қонаев ішек-қарындары араласқан достар еді. Брежнев 1954-жылы жылы ҚКП Орталық комитетінің екінші, 1955-жылы бірінші хатшысы болғанда, табысқан-ды. Димекең үш Алтын жұлдызды Ильичінің қолынан алды. Бейбіт уақытта өзі «Совет Одағының Батыры» атағын төрт рет алған, «Социалистік Еңбек Ері» болған Лекең досынан несін аясын!..

          Иә, жұмырбасты пенде Д.Қонаевтың тұсында: Қаныш Сәтбаевтың соңына түсу, Шафик Шөкинді, Шахмардан Есеновті, Евней Бөкетовті, Өзбекәлі Жәнібековті, Әнуар Әлімжановты… қудалау болғаны мәлім. Ғылым академиямыздың президенті Қанекең орнынан алынып, екі жылдан соң, КСРО Ғылым академиясының талабымен қайтадан сайланған соң, сол Орталық академия Қаныш Имантайұлына «Социалистік Еңбек Ері» атағын беруді ұйғарғанда, республика партия ұйымының басшысы Д.Қонаев келісімін бермеді. Кейініректе Ш.Шөкинге «КСРО Ғылым академиясының академигі» атағын беру жөнінде шешім болғанда да сөйтті. Ал Ғылым академиямыздың президенттігіне ұсынылмақ академик Е.Бөкетов туралы «Ленинская смена» газетінде, егер жаңылыспасам, «Человек на верблюде» деген фельетон шықты. Оны Димекеңнің идеология жұмыстары жөніндегі кеңесшісі В.Владимировтың жазғаны қалайша?..

          Марқұм болған Қанекеңнің мүшелтойлары қала дейгейінде ғана өткізілетін болды.

          КСРО Геология министрі Е.Козловский 1981-жылы іссапармен Алматыға келгенінде, Д.Қонаевқа барып жолыққан. Әңгіме барысында министр сөзін марқұм Қаныш Сәтбаевқа бұрып, әлемдік ғұламаның рухы тиісті жоғары деңгейде құрметтелмеуіне өкініш білдіре бастағанда, Қонаев оның сөзін бөліп: «Жезқазғанды әйгілі еткен геолог-ғалым Сейфуллин. Сәтбаев оның еңбектерін пайдаланып кеткен», депті. Астапырал-л-ла!..

Көпе-көрінеу жалған сөзге жаны түршіккен министр  СОКП ОК Саяси бюросының мүшесімен тәжікелесу қамыстан қарағай жасау боларын біліп, үндемей, шығып кеткен (ол оқиғаны қарт журналшы Мадат Аққозиннің Д.Қонаев туралы жазбасын оқығанымда білдім).

          Қанекеңнің аруағын ғайбаттау үшін кім болуың керек?!.

1989 жылы Жезқазғанға бардым. Туысқанымның тойына. Әредіктегі  әңгіме кезінде ортаға алған жігіттерге:

– Осында Сейфуллин деген атақты геолог ғалым болған екен, Жезқазғанды ашқан, соны білетіндерің бар ма? – деп едім, бір жігіт:

– Қонаевтың Сейфуллині ғой, – деп мырс етті. Басқалар ду күлді.

Екінші жігіт:

– Оны сұрастырғанмын. Оқыған соң. Осында бір қарт геолог есіне әрең түсіріп: «Е, ол  кен басқармамызда бөлімнің бастығы ма, орынбасары ма, сонда істеген жігіт. Аты… Хаид… жоқ… Саид қой деймін, иә, Саид, татар», деген еді, – деді. Сәтбаев Қаныш ағаның 90 жылдығына арналып шыққан мақалаларда, комбинатта болған жиында сөйлегендердің сөздерінде Қанекеңнің шәкірттері аталғанда ешқайсысында «Саид Сейфуллин» деген айтылған жоқ...

«Татар жігіт». Түсінікті.

          «Қуғындалды» деп аталған қайраткерлер естелік кітаптарында  көрген қиянаттарын жазған. Енді, олардың емес, Гүлсім Оразалықызының «Шахмардан ЕСЕНОВ» кітабынан бір ғана үзінді оқылық:

           

                                         «КПСС Орталық Комитеті Саяси бюросының

                                         мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық

                                         Комитетінің  Бірінші хатшысы Д.А.Қонаев

                                         жолдасқа

Жағдай мені осы хат арқылы тікелей Өзіңізге жүгінуге мәжбүр етті.

Мен Қазақ ССР Геология министрі болып тағайындалған сәттен бері төрт жыл өтіп барады және осы жылдардың өнбойында, арасына болмашы уақыт үзіліс салып, шетсіз-шексіз тексерулер, мен және Алматы қаласында орналасқан геологиялық мекемелердің бірнеше қызметкері адам айтқысыз  қылмыстар мен заңсыздықтар жасауда деп айыптаған шағымдар бойынша тергеу жүргізіліп келеді.

Мен министр ретінде, коммунист ретінде өзімнің әрекеттерім, шешімдерім және нәтижелері үшін жауап беретінімді, есеп беруге тиіс екенімді түсінемін...».

(Шахмардан төрт жыл ішінде министрлік атқарған қыруар істердің бәрін  цифр тілімен талдап, жүйелеп баян еткен. Бес парақ толы. Тексерушілердің айыптыны тауып тергегендей, қиястықтарын айтқан. Орталық партия комитетіне, Министрлер кеңесіне белгіленген мерзімде тапсырылып отырған есеп-ұсыныс құжаттарының бірде-біріне сын-ескерту болмағанын жазған. Оларды қайталау қажет болмас, -Ғ.Қ.)

«...Әрине, маған үкімет пен  партияның еңбекшілер хаттарына мұқият қарау туралы нұсқауы белгілі. Және менің жеке басыма, министрлікке, геология саласындағы басқа да мансап иелеріне қатысты арыздар тексерілуі қажет. Бұл даусыз. Бірақ мені Сізге осы хатты жолдауға мәжбүр еткен жағдай – болып жатқан тексерулер еңбекшілердің хаттары емес, аты-жөні  көрсетілмеген белгісіз біреулердің мазмұны маған мүлдем белгісіз, құпия шағымдары, домалақ  арыздары...

Осылармен бірге, солар тектес хаттар, оларды қазіргі тұстағы  тұрғыда  қарау тоқтатылмайынша, тегінде, түсе беретін болар,  деген пікірімді айтпай, қоя алмаймын. Сол арыздарды ұшы-қиырсыз қарай беру қалыпты жұмысқа жәрдемдеспейді, қайта бөгет жасайды, барлық назарды министрлік алдында тұрған зор да маңызды мәселелерді шешуге шоғырландыру мүмкіндігін бермейді. Сондықтан мен, қадірлі Димаш Ахметұлы, осы мәселені қарау керек деп Сізге жүгінуді ұйғардым. Егер бұған тыйым салынбаса, олардың әлі нені ойлап табатындарын болжап білу қиын.

                                                  Қазақ ССР ҒА-сының академигі, геология-

                                                  минералогия ғылымының докторы,

                                                  профессор, Лениндік сыйлықтың және

                                                  Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының

                                                  лауреаты Ш. Есенов».

          1978-жыл.

          Жалақорлық діңкелеткен Шахмарданның араша тілей, ашынып          жазған бұл жанайқайына жауап болған ба? Болмағанда ше?! Іле-шала: Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бюросы Ш.Есеновті  партиядан шығарып, жұмыстан босатып, есеп кітапшасына жазып, қатаң сөгіс беру туралы шешім шығарған.

Ол не?! Ол – «Қолыңнан келсе, қонышыңнан бас!». Ол – Қаныш Имантайұлының танымал дарынды шәкірті, Совет Одағындағы және шет елдердегі әріптестері жоғары құрметтеуші Шахмардан Есеновті Ғылым академиясының президенті қызметінен босатуды ашық көздегендік. Одан өткен қиянат болмас.

Осы гәзеттің 31-наурыз күнгі санында жарияланған, «Ел риза» деген мақаланы оқыған соң, үндемей отыра бергім келмеді. Авторы – ауыл шаруашылығының құрметті азаматы, Еңбек ардагері Бекен Көкішұлы  Димекеңді сырттайғы мадақ арқылы ғана біледі екен. Егер мына аталған жайттердің бірінен хабары болса, сыңаржақтылыққа ұрынбас еді. Жазушылар одағына сүйкенбес еді. «… Ел ризалығын білдірдім» деп көсілмес еді. Ел оған қай жылы: «Біздің атымыздан сөйлеуге құқылысың» деп құжат берді екен?

Соңғы кезде ел атынан, халық атынан сөйлеушілер пайда бола бастады. Кім не жайында, кім туралы сөйлесе де, әрине, ерікті, аузы өзінікі, алайда түбегейлеп біліп, әділ сөйлеу, ақиқаттан аттамау – әрқайсымыздың  азаматтық парызымыз екенін ұмытпалық!

                                                         

         

Тегтер: