Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріледі
Мәжілісте «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер таныстырылды.
Заң жобасының мақсаты – Түркістан қаласының еліміздің рухани, мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптасуы, дамуы және жұмыс істеуі үшін құқықтық шарттар құру екені айтылған.
Заң жобасындағы негізгі бағыттар:
1. Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру;
2. Ұлттық қолөнер шеберлері шығындарының бір бөлігін бюджеттен өтеу;
3. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау;
4. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органға ЮНЕСКО-мен келісім бойынша Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағында жаңа құрылыс жұмыстарын жоспарлау кезінде қала құрылысы жобалары бойынша жаңа құзырет беру;
5. Мемлекеттік әлеуметтік объектілерді салу үшін жеке құрылыс салушыларға уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығын алу және беру бойынша Түркістан қаласы әкімдігіне құзырет беру.
Заң жобасы бойынша жұмыс тобына Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Темір Қырықбаев жетекшілік етеді.