Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:15, 30 Наурыз 2025

«Қожа. Жаңа саяхат»: Жаңару ма? Жаңғырық па?

Жаңа Қожа
Фото: vlast.kz

Кез келген қазақ баласының балалығы еске түссе, оны Қожа мен Сұлтансыз елестету мүмкін емес.

 Адам баласының ең мөлдір шағы да осы емес пе? «Менің атым – Қожа» – жас-кәрінің де ең аяулы кезіне, балалығына куә болып, ыстық естелігін мәңгілікке жалғай білген ұлы туынды. Қазақ кинематографиясында культке айналған бұл туындының түсірілгеніне биыл тұп-тура 62 жыл толыпты. Осы уақыт ішінде көрермен сан мәрте тамсанып, талдап үлгерген ескі «Қожаның» жақында жалғасы шығыпты деген жаңалық лезде таралып кетті. Сол үшін де шығар, «Қожа: Жаңа саяхат» фильмі көрермен қызығушылығын тудырып алды. Бірі оны классиканы жаңғыртқан тамаша туынды деп бағаласа, енді бірі күрделі әрі түсініксіз драмалық шығарма ретінде қабылдап жатыр. «Жаңа» Қожа – классикалық туын­дының көшірмесі немесе заманауи нұсқа­сы емес, оқиғаның идеялық жалғасы деуге болады. «Жаңа» Қожа­ның «ескіге» енгізген жаңалығы көп. Жаңа фильмде режиссер жалпыдан жалқыға өтіп, қоғамдағы «кішкен­тай» адамның жеке мәселесін көрсетуге тырысатынын байқаймыз. Бірақ фильмнің әттеген-айлары да аз емес. Әсіресе фильмді алғаш көргенде мазмұны бір арнаға түспеген сияқты сезім қалдырады. Авторлар бала кездің романтикасы, әке мен бала қарым-қатынасы, қоғамдағы өзгерістер, достық пен сатқындық, дәстүр мен жаңашылдықтың тартысы сынды бірнеше тақырыпты қамтимыз деп ой шашыраңқылығына ұшыраған сыңайлы. Бұдан бөлек, образдар жүйесі мен кейіпкерлер әлемінде де өзгерістер көп. «Ескі» Қожа – Қарсақбаев пен Соқпақбаевтың кеңестік жүйенің танып берген қағидаларға қарсы шарқ ұрған ішкі қарсылықтың метафорасы іспетті. Ал «жаңа» Қожа – өткен дәуір призмасы арқылы бүгінгі дәуірдің мәселесін көтеруге талпынған замандас дауысы. Бірақ қалай десек те, Бердібек Соқ­пақбаев шығармасы негізінде түсі­рілген Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым – Қожа» фильмі – қазақ киноөнері­нің алтын қорына қосылған бірегей туын­ды екендігіне ешкімнің дауы болмаса керек. Өзін әлдеқашан шеберлік биігінде дәлелдеген шығарманың орнын басу да мүмкін емес. Ал енді осы бір классиканың жалғасы ретінде жарық көрген жаңа фильм дәл сол деңгейге жетпесе де, кино өнерінен өз орнын алып, тұғырын бекіте ала ма? Ол – басқа мәселе. Оны алда уақыт пен көрерменнің талғамы көрсете жатар. Хош, сонымен тұсауы кесілген Қожаның жаңалығы неде? Аңыз Абдолла мен Соқпақбаев тандеміне қылау қондырмай, классикаға өз үнін қосуға талпынған шығармашылық топтың ізденісі қаншалықты сәтті шыққан? Осыны білу үшін «Менің атым – Қожа 2. Жаңа саяхат» фильмінің сценарий авторы Садық Шерімбек, режиссер Сәбит Құрманбек және кинотанушы Алма Айдардың пікірін сұрадық. 

Садық ШЕРІМБЕК
Фото: ашық дереккөз

Садық ШЕРІМБЕК, сценарий авторы: ЕРКІНДІГІН АЛҒАН, БІРАҚ СОНЫ ЕНДІ ҒАНА ТҮСІНІП, АҢҒАРЫП ЖАТҚАН ҚАЗАҚ РУХЫНЫҢ БЕЙНЕСІ

«Менің атым – Қожа. Жаңа саяхат» фильмінің өмірге келуінің өзі де қызық кезеңдерден өткенін айтып өткенім жөн шығар. Түркі әлеміндегі, шығыстағы білім мен ғылымды қайта жаңғырту миссиясын қолға алған Qalan компаниясының бүгінде бірнеше жобасы бар. Осы миссияны жүзеге асыру барысында түсінгеніміз – қоғамның, жастардың мәдени паттерндеріне әсер ету мықты құрал екен. Ғылым мен білім жолына шақыру үшін өзіміздің ескі қаһармандарымызды қайта жаңғыртып және солардың аузымен ғылым мен білімді үндеу дұрыс болар деген оймен ескі қаһармандарымызды қайта өмірге әкелгіміз келді. Соның ішінде барша қазақ жұртына жақсы таныс «Менің атым – Қожа» фильмінің орны бөлек. Осы мақсатпен қазіргі жастардың қабылдауына бейім Instagram, Tiktok желілеріне орайластырылған кішігірім видеолар түсіріп бастадық. Алғашқы reels бір күннің ішінде миллионнан астам қаралым жинады. Кейінгі жариялаған видеоларымыз да азғантай уақыт ішінде көп қаралым жинап, фильм туралы сұрақтар қойылып, пікірлер жазылды. Халық сол reels-тарды жаңа шығатын фильмнің үзіндісі деп ойлап, толық фильм қашан шығатынын бас салып сұрай бастады. Біз эксперимент жасаған жаңа формат өз миссиясын атқарды да, көпшілік тарапынан осынша көп сұраныс болып жатқаннан кейін шынымен-ақ фильм түсіру мәселесін ойға алып, осы шаруаға кірісіп кеттік. Жылдам арада түсірілім тобының толық құрамын жинақтап, сценарий жазуды бастап кеттік. Сценарийстер командасына сценарийстерден бөлек, әдеби сыншылар мен кино сыншыларын алып, фильм структурасын жақсылап бүтіндедік. Сценарий жазылып болған соң, Бердібек атамыздың қызы Самал Соқпақбаеваны фильм идеясымен таныстырып, авторлық құқықтарын алдық. Кейін «Менің атым – Қожа» фильмінде басты рөлді сомдаған Нұрлан Санжар ағамызға барып, сценарийді көрсеттік. Осылай «ескі» Қожаға қатысы бар ақсақалдардың батасын толық алып, түсірілім жұмыстарын бастап кеттік.

Бүгінде көпшілік фильмді тамашалап, пікірін білдіріп жатыр. Келіп жатқан пікірлерден аңғарғанымыз – сол бастапқы мұрат-мақсатымыздың үдесінен шыға алдық деген ой түйдік. Байқағаныңыздай, «Қожа. Жаңа саяхат» фильмі «Менің атым – Қожа» фильміне жасалған ремейк емес, тіпті комедия да емес. Бірінші фильмнің рухани жалғасы, сонымен қатар драмалық жанрда түсірілген. Абдолла Қарсақбаев ағаларымыз келесі буынға осы фильмнің жалғасын түсіруге бірнеше кілт қалдырып кеткен деп түсіндік. Және сол кілтті тауып, осының негізінде біз фильмнің жалғасын жасадық. Өйткені «Менің атым – Қожа» фильміне ремейк жасау және фильмді толыққанды қайталау мүмкін емес екенін өте жақсы білеміз. Тіпті технологиялық прогрестің шыңына шығып тұрған кезеңнің өзінде фильмдегі шешімдер мен шеберлік ойларды, эстетиканы қазіргі заманның призмасында қайталау мүмкін емес. Сондықтан бірінші Қожаны қайталау ұсыныс болғанымен, бізде мұндай мақсаты әу бастан болған емес. Ал екінші ұсыныс сол кезеңнің Сұлтан мен Қожасын осы заманға алып келу төңірегінде туындады. Бірақ біз бұл идеяны да фильмнің шеңберінде қабылдаған жоқпыз. Осы жақтан бір баланы Сұлтан мен Қожаның қасына жіберу деген идея да туды. Ситуациясы өте жақсы болғанымен, Қожаның салмағын жоғалтып алатын сияқты қорқыныш туды. Осы орайда жалғыз қалған шешім жалғасын түсіру болды. Шын мәнінде, ең қиын шешім де осы болды. Осы уақытқа дейін фильмді логикалық тұрғыдан аяқталған деп келдік, бірақ Нұрлан ағаларымызбен сөйлескен кезде кей идея мен ойлардың Кеңестік цензура салдарынан кесіліп кеткенін естіп, жалғасын түсіру деген шешімге келдік. Біздің алдымызда басты шарт болды. Егер фильм біздің не ескі фильмге қатысқан ата-апаларымыздың көңілінен мүлде шықпайтын болса, қанша шығын болса да, фильмді жарыққа шығармаймыз деп түйдік. Бірақ фильм түсіріліп, бас-аяғы бүтінделген соң, біздің де, ақсақалдарымыздың да көңілінен шықты.

Фильмнің түсірілім жұмыстары – дайындықтан бастап, үлкен экранға шыққанға дейін бас-аяғы жеті айға созылды. Түсірілім жұмыстары шамамен 40 күнге созылды. Әрине, жаңа Қожаны қабылдай алмаған, сын айтылған сәттер болды. Ішінара конструктивті айтылған сындар болды және оны біз де жылы жүрекпен қабылдадық. Десек те дәл осы фильм аясында көпшілік тарапынан ерекше ықылас сездік. Әлеуметтік желілердегі киносыншылардың, режиссерлар мен зиялы қауымның, көпшіліктің пікірін бағамдасақ, позитивті пікірлер басым екенін аңғаруға болады. Бірінші кезекте қазақ қоғамының өзі Қожадан айнымайды. Отбасы институты әлсіреп, әкенің образын, салмағы мен рөлін жоғалтып алдық. Және өзіміз бейсаналы түрде оны сырттан, әртүрлі импортталған құндылықтардан іздеп жатамыз. Шын мәнінде ол өзіміздің ішімізде екенін түсінуіміз керек. «Қожа. Жаңа саяхат» фильмі осы мәселені Қожаның мысалында толыққанды түсіндіріп өтеді десек те болады. Орыстілді сыншылар, өкінішке қарай, фильмнің мәдени паттерндерін түсінбегенге ұқсайды. Қазақтілді қоғам ғана түсінетін қазақ отбасындағы, әлеуметіндегі факторлар өте көп. Осы нәрсенің астарына толыққанды үңіле алмай жатып, сынаған көрермендер болды. Бірақ барлық дерлік көрерменнің көңілі толып, разы болып жатыр.

«Жаңа» Қожаға жаңа кейіпкерлер қосып, образдар жүйесіне өзгерістер енгіздік. Бірінші фильмде көрінбеген Қожаның, Сұлтанның әкесін екінші фильмде көрсеттік. Жағдайымыз бен күйімізді қабылдай алмай, өзімізді түрлі нәрсе арқылы алдап жүрміз. «Менің атым – Қожаның» бас конфликтісі қабылдай алмау ғой. Ал жаңа фильмнің идеясы — қазіргі жағдайыңа мән беріп, қабылдап, содан күш-қуат алу. Мұны кейіпкерлер арқылы көрсетеміз. Қожа әкесінің жоқ екенін, анасы мен Қаратайдың қарым-қатынасын қабылдайды. Сұлтан да жігіт боп жауапкершілік алып, есейеді. Жантас та өз линиясында есейеді. Өткенде кейбір ағалар «Жантастың образын қатты құрбан қып жіберген сияқтысыздар» дегендей пікірлер айтып еді. Иә, Жантас образы арқылы сол заманды көрсетіп, сол заманның реалында тұрғанымызбен, біз сүріп жатқан заманның мәселесін көтергіміз келді. Байқасақ, Жантастар өте көп. Оны біз Рахманов ағайдың «Баланың партияға адалдығын жағамыз деп, адамдығын сөндіріп алмайық» деген сөзімен нүктесін қойдық. Бізден кейінгі ұрпақ Қожаның жалғасын түсіреміз десе, оларға да біз екі-үш тірек қалдырып кеткеніміз дұрыс деген мақсатпен осындай линияларды ашық қалдырдық.

Өткенде бір ағамыз «Фильм жайында естелік немесе фильм жайында фильм» деп еді. Осы пікір бізге қатты ұнады. Шынымен-ақ, «Менің атым – Қожа 2» фильмі – Кеңес өкіметінде өмір сүрмеген, сол кезде қазақ қоғамына, ұлтына жасалған қиянаттарды көрмеген, шын тарихты білетін жас рухтың жаңашыл көзқарасы дер едім. Бірінші фильмде жалқыдан жалпыға өтіп, яғни жеке адамның проблемасын шешуді қоғамға тастайтын болса, біз бір адамның проблемасына көбірек үңіле отырып, соны қоғамға проекциялап, кеңейтіп түсіндіруді мақсат еттік. «Менің атым – Қожа» фильмі еркіндікке ұмтылған қазақ рухының бейнесі болса, «Менің атым – Қожа 2» фильмі еркіндігін алған, бірақ соны енді ғана түсініп, аңғарып жатқан қазақ рухының бейнесі дер едім.

 Сәбит Құрманбеков
Фото: Жас Алаш

Сәбит ҚҰРМАНБЕК, режиссер: ФИЛЬМДЕГІ ҰТЫМДЫ ДРАМАТУРГИЯЛЫҚ ШЕШІМ – ҮШІНШІ ОБРАЗДЫҢ ҚОСЫЛУЫ

«Менің атым – Қожа 2» фильмін көрдік, фильмді қоюшы жаңа буын әріптестер біраз белгілі зиялы қауымдарға арнап арнайы көрсетілімге шақырыпты, мен де бардым. Жалпы фильм маған ұнады, бірақ сұрақ тудыратын тұстары да жоқ емес екен. Фильмнің идеясы мен фабуласы жақсы табылған, өйткені атақты фильмге, белгілі шығармаға ремейк түсіру «қиямет қайымның қияметі» дер едім. Сол «миссия мүлдем не выполнима» операциясы «Құдай сақтап» сәтті орындалған, осы орайда шығармашылық топқа респект. Біздің бірнеше атақты фильмдерге ремейк түсірілді, бір-екеуін көрдім, шынымды айтайын, түк ұнамады, тіпті нашар деуге болады, авторларын айтпай-ақ қояйын, белгілі адамдар да бар. Бұл фильм, менің ойымша, жай ремейк емес, бұл ремейк-риквел. Ремейк дегеннің өзі де белгілі және бұрынғы киноға қайталау формасында ұқсас тағы бір кино түсіру болса, ал риквел жай қайталау емес, сол бұрынғы фильмдегі тақырыпқа ой қосу, айтылмаған ойларды айту, басқалай бұрмалап айту деген форма. Міне, сол риквел жағы сәтті шыққан. Білуімше, осыған дейін телевизиялық форматта «Менің де атым – Қожа» деген атаумен фильм шығып еді. Ол Қожада қылжақбастық басым болып, көңілімнен шықпады. Ал «жаңа» Қожада ескіге жалғастырып айтылған ойлардың әлдеқайда зор салмағы бар. Әсіресе жазушы боламын деген Қожа мен Соқпақбаевтың образдарын сәтті үйлестірген дер едім. Фильмдегі ең ұтымды драматургиялық шешім – үшінші образдың қосылуы, ол жазушы Нұрлан Санжардың (бірінші Қожаны ойнаған актер) финалда алдыңғы екі кейіпкерге қосылуы. Осы орайда Нұрлан Санжарды фильмге қосуы үлкен адамилықтың белгісі дер едім. Бұндай сәтті шешімдер қазақ киносында жиі кездесе бермейді. Үш образдың бала-кейіпкер, бала-автор және бала-жазушының түйісуі керемет сезім тудырады. Абдолла Қарсақбаев толығымен әдебиетке, анығында, Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығына сүйенгенін білеміз. Қарсақбаев та, Соқпақбаев та «жоғалған ұрпақтың» өкілдері, әкесіз өскен буын. «Менің атым – Қожа» фильмде қозғалатын әкеге деген сағыныш жаңа «Қожада» өрістеп, жаңаша тыныс алады. Зұлматты соғыста әкесінен айырылған баланың жай-күйін беруде авторлар шеберлік танытқан. «Жаңа» Қожаның да әртістік шеберлігі көңілімнен шықты, көрерменді өзіне сендіре алады.

Ал ұнамағаны – актерлердің диалогтарын орындатқызу, тәптіштеп, сызылтып, созбалап жіберген, кез келген көрермен түсінетін жерлерін бетке былшылдатып айтуы. Неге солай ойнатты екен деген қышыма ой кетпей қойды. Фильмдегі кей диалогтардан жасандылық байқалады. Актерлерге мәтінді тәптіштеп айтқызудың керегі жоқ еді, әйтпесе, фильмде «Көрдің бе?», «Айналайын» сынды басы артық сөз бен «уһ-аһ» көп. Қазір көрермен айтарыңды жарты сөзден ұғады. Осындай басы артық сөз бен әрекет сүйкімсіздеу болып көрінеді. Кей сахналар жақсы табылған, бірақ өз деңгейіне жетіңкіремей қалғандай болады. Кей тұсында осында «әттеген-айлар» бары рас. Соқпақбаев ағамыздың қызы дұрыс айтты, бір рет дубляждық редакциядан өткізіп алуы керек еді.

Жарайды. «Біткен іске сыншы көп» демекші, сын айту оңай, ал ұнаған затты ұнады деу бұл заманда жиі кездеспейтін ұстаным, сондықтан маған фильм ұнады, көрерменге де ұнайды деуге толық сенім бар. Қалай десек те, өз жолы бар фильм. Қалжыңсыз, көрерменді шын ойлап ремейк түсіру осыған дейін қазақ киносында болмаған сияқты. Көрермен тілін таба білгеніне рақмет айтқым келеді.

Алма Айдар
Фото: ашық дереккөзден

Алма АЙДАР, кинотанушы: БІР-АҚ РЕТ КӨРЕТІН ФИЛЬМ

«Қожа. Жаңа саяхат» фильмі қазақ халқы, қазақ көрерменіне етене таныс «Менің атым – Қожа» фильмімен тығыз байланысты. Фильмнің авторлары маркетингтік тәсіл ретінде Абдолла Қарсақбаевтың кинотуындысымен байланыстыруы коммерциялық тұрғыда сәтті шешім десек болады. Фильмді түсіру барысында «жаңа» Қожаны түпнұсқаға мейлінше ұқсатамыз деген мақсатта кейіпкерлердің бет-әлпетін, киімін, ландшафт, интерьерді де сәйкестендіргендей болды. Бірақ фильмге тереңірек құрылымдық талдау жасасақ, жанрынан бастап, кейіпкерлер архетипі, түпкі ойы мен мақсаты екі түрлі екенін байқаймыз. Біріншіден, жанрлық тұрғыда «Менің атым – Қожа» комедиялық элементтері бар балалар фильмі. Абдолла Қарсақбаевтың шығармашылығын кинотанушылар «балалар киносының негізін қалаушы» деп балалар киносымен байланыстырады. Ал «Қожа. Жаңа саяхат» фильмін «балалар фильмі» дегеннен гөрі, балалар жайында түсірілген ересектерге арналған фильм деген әлдеқайда дұрыс. Комедияның элементтері «жаңа» Қожада әлдеқайда аз. Екіншіден, кейіпкерлер архетипінде өзгерістер көп. Мәселен, Қарсақбаевтың Қожасы сотқар, ақылды, барлық жасөспірімдерге тән ішкі наразылығы бар кейіпкер. Оның бойында жастық максимализм басым, ересектердің қағидаларымен, айналасында орын алып жатқан үдерістерге келіспейтін, жүйеге көнбейтін кейіпкер. Қожаның бейнесі фильм барысында трансформацияға ұшырайды. Қоршаған ортасы, мұғалімі Майқанова, мектеп директоры Рахманов оған ықпал етеді. Нәтижесінде Қожа өзінің іс-әрекеттерін қайта бағалап, өзіндік анализ жасау арқылы өзгеруге талпынады. Ал «Қожа. Жаңа саяхат» фильміндегі Қожадан сотқарлығын да, трансформациядан өтетін бейнені де көрмейміз. Түпнұсқа фильмде Қожаның мұғалім Майқанова сөмкесіне құрбақаны салып қоюы, Жантасқа сия атуы, жайлауда Сұлтанмен бірге кешкен қызықты оқиғалары көрерменді жалықтырмайтын. Жаңа фильмде ол – моралист, идеал кейіпкер. «Жаңа» Қожа «ескі» Қожадай өз ісін бағамдап, анализ де жасамайды, кейіпкердің тек жақсы қасиеттерін ғана байқаймыз. Қарсақбаевтың Қожасы бізге несімен қызық болды? Себебі фильмдегі кейіпкердің ішкі әлемі эмоцияға толы еді, экраннан қоғам сызып берген шектеулерге сыймайтын, өзіндік күрделі дүниетанымы бар Қожаны көріп, оның бейнесіне тамсандық.

Бұл фильм кеңестік конъюнктура заманында түсірілгеніне қарамастан, еркіндік пен бостандықтың бағасын көрсете алды. Қожа – жүйеге сыймайтын еркін адамның бейнесі. Ал «жаңа» Қожа тәуелсіздік кезеңінде түсірілсе де, біз «ескі» Қожадан түйсінген ашық, астарлы ойлардың мәнін аша алмады. Қайта фильмді әбден саясиландырып, моралистік туындыға айналдырып жібергендей көрінді. Мәселен, фильм барысында партия, коммунизм, комсомол сынды кеңестік идеологияға тән ұғымдарды көп пайдаланған. Әсіресе Жантас саяси идеологияның рупорына айналған кейіпкер. Менің ойымша, бұл ұғымдарды балаларға арналған фильмге қосудың ешқандай мәні жоқ. Бұл фильмдерді не үшін пайдаланғаны, әрине, түсінікті, бірақ мәні ақталмайды. Абдолла Қарсақбаев түсірген «Менің атым – Қожа» фильмі 1963 жылы тоталитарлық заманда түсіріліп, экранға шыққанымен, фильмдегі Қожаның бойынан еркіндікті аңсаған терең кейіпкерді көре аламыз. Режиссер метафоралармен, ассоциативтік тәсілдермен Қожаның ғана емес, күллі ұлттың еркіндікке ұмтылысын бере алды. Қожаның кейіпкері – адам, жақсылы-жаманды қасиеттері қатар жүретін кәдуілгі пенде. Негативті қасиеттерімен күреседі, оны өзгертуге тырысады. Ал «жаңа» Қожа тым идеал, оның қателігін, нашар қасиеттерін, пенделік қылығын көрмейміз. Сол үшін де ол өзгермейді, өзгеруге тырыспайды да. Мәселен, Сұлтан ұрлап сойған қойдың етін «жаңа» Қожа жемейді. Түпнұсқада Қожамен бірге Сұлтан да трансформацияға ұшырайды. Сұлтанның өзі де – еркіндіктің, жасөспірімдік протестің символы десек, өзінің сол еркіндігін бұрыс бағытта пайдаланбау салдарынан көрермен санасында антогонист кейіпкер боп сақталады. Ал «Қожа. Жаңа саяхат» фильмінде өзінің сол антогонистік функциясын фильмнің аяғына дейін дұрыс орындамаған сыңайлы. Және Жантасқа да бұл фильмде көп акцент қойылғаны байқалады. Жантастың кейіпкері партияның, үкіметтің келемежделген бейнесі ретінде беріледі. Бұл балалар аудиториясына қаншалықты қызық екені белгісіз.

Фильмдегі суретші жоғары деңгейде жұмыс атқарғаны байқалады. Соғыстан кейінгі Кеңес өкіметінің, әсіресе 1950 жылдардағы қазақ ауылының бейнесін барынша ашуға тырысқан. Кәстөм, түс коррекциясы, интерьер мен реквизиттер көрерменді сол заманға мейлінше жақындата алды.

Классикалық туындыны экранизациялау – шын мәнінде қиын жұмыс. Ал классикалық туынды негізінде экрандалған фильмді қайта түсіріп, оны бұрынғысынан да сәтті етіп шығару одан да ауыр. Себебі экрандалған фильмдерді көріп отырып, көрермен еріксіз әдеби түпнұсқасымен салыстырып отырады. Қалай десек те, ремейк әлде ремейк-сиквел фильмдерден гөрі түпнұсқа фильмдер әлдеқайда әсерлі әрі қызығырақ дер едім. Күллі кино тарихында сәтті шыққан ремейктер бар, бірақ саусақпен санарлық қана. «Менің атым – Қожа» фильмінің режиссері – Абдолла Қарсақбаев, Бердібек Соқпақбаевтың шығармасының желісі бойынша түсірілген. Композиторы – Нұрғиса Тілендиев – сол заманның үздіктері біріккен фильмнің бүгінгі қазақ өнері мен кинематографиясында орны бөлек. «Менің атым – Қожа» кез келген көрермен үшін өзіндік орны бар фильм, қазақ киносының алтын қорына енген бірегей туынды. Ал «Қожа. Жаңа саяхат» қазақ киносының тарихында алтын әріппен жазылатынына күмәнім бар... «Қожа. Жаңа саяхат» фильмін көруге кинотеатрға 10-12 жасар балаларымды арнайы ертіп бардым. Көрсетілімнен кейін балаларымнан қандай әсер алғанын сұрағанымда: «Бір рет қана көруге болатын фильм» деп жауап берді...

Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ