Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:00, 29 Ақпан 2024

Қожаберген – қазақтың батыры, Матыжанов мырза!

Қожаберген жырау
Фото: из открытых источников

Матыжанов мырза! Бөрібай кім, Қаратай кім, сен кімсің батыр бабамыздың қасында?

Осыдан үш жүз жыл бұрын әскерін жыйнап Қожаберген бабамыз қалмаққа қарсы шықса, енді сен үш жүз жылдан кейін әскеріңді жыйып Қожаберген бабамызға қарсы шығасың. Ұлы жеңіске жеткен ұлы қолбасшыша саңлақтанып, бәлкім, Бас деректірлігіңді пайдаланып, ол қарсылығыңды әуелі әлеуметтік желіде таратып, артынша «Түркістан» гәзетіне «Тағы да «Қожаберген жырау» туралы» (12 қаңтар, 2024), ал «Қазақ әдебійеті» гәзетіне «Елім-ай» «дастаны» кімдікі?» (19 қаңтар, 2024) деген тақырыппен құбылта ат қойып бастырыпсың. Мен оған таңданбаймын. Байағыда бір қазақ барша қазаққа: «Таласып босқа, Жау болып досқа, Қор болып, құрып барасың», – деген болатын. Әлі құрып келеміз, бірақ құрып біткеміз жоқ. Алайда құрып бітіуімізге қызмет көрсетіп келе жатқандар сыртымызда да, ішімізде де баршылық. Інтернетте «Глазами истории» атты арнада А. Айбек деген азамат мұрағатта сақталған сұрқыйа құпыйаның бетін ашты. Патша заманында жүргізілген 1897-жылғы санақ бойынша, қазақтар (қырғыз-қайсақтар) 4.034.139 адам екенбіз. Ал өзбектер 726.534, қара қырғыздар 201.682, қарақалпақтар 104.274 адам екен. Қазақтың көптігін бүркемелеу үшін, түркістандықтар 281.357, қыпшақтар 1.607 адам деп, екеуін бөлек көрсетіпті.

Матыжанов мырза, сен бастаған топ біз бастаған топты жастардың санасын «Қожаберген жырау» мен «Елім-ай» «дастаны» жайындағы ойдан құралған өтіріктермен ұулап шықты», – депсіңдер. Біз «өтірікті насыйхаттаушыларға» жатыппыз. Ол бағаңа, әрійне, рахмет. Ал өздерің неге халықты алдап отырсыңдар? Өмірде Төлебай сыншы да, оның ұлы Қожаберген де, оның ұрпағы Сегіз сері де болған. Сегіздің шөбелегі Бектас менімен бірге сүуртке де түскен. Ал Қожабергеннің «Елім-айдан» басқа да шығармалары болған. Бірақ оларды өзің басқарған іністійтұт халық арасынан жыйнап алыудың орнына, оларды өтірік деп жарыйалап отыр. Оған таң қалатын ештеңесі жоқ. Неге екенін айтайын.

Жаңағы А.Айбек халықтардың 1897-жылдан кейінгі де санақтарын беріпті. 1926-жылы қазақтар 3.968.289 адам қалыппыз, ал өзбектер 3.955.238, орыстар 77.791.124 адам болыпты. Бұдан сендер не ұқтыңдар? Ештеңе ұқпасаңдар, тағы айтайын.1937-жылы қазақтар 2.863.458 адам қалыппыз. Ал өзбектер 4.550.332, орыстар 93.933.065 адам болып өсіпті. Енді де ештеңе ұқпадыңдар ма?

Кеңес өкіметі қазақтарды құртқысы келген екен. «Оған біздің қандай қатысымыз бар?» – дейсіңдер ғой, әрійне.

Айналасы 40 (қырық) жылдың ішінде тең жарымымыздан айрылыппыз. 1922, 1932-жылға екі аштық, 1937-жылға дейінгі де, кейінгі де «халық жауларын» құуғын-сүргінге салыу, өз еліміздің бай атаулысын, тектілері мен тұйақ серперлерін тұқықымен құртып кәмпескеледік. Өзгеден бойы артып тұрғандарды да – бәрін бықпырт тійгендей қылдық. «Қар бір жауса, терек екі жауады» депті бабаларымыз, өз халқына өздері баға беріп кетіпті: біз теректен де бетер болыппыз, өйткені әлі жауып келеміз. Енді ұқтыңдар ма? Ұқпасаңдар, тағы айтайын: «Өсетін елдің баласы бірін бірі: «Батыр!», –дейді, Өшетін елдің баласы бірін бірі: «Қатын!», –дейді. Ал біз осының қайсысына жатамыз?

Өзбек неге өсіп барады, біз неге өшіп келеміз? Олар бір-бірін «Акалап» отырады, сыртқы сайасатқа сыртын қаратады, ішкі сайасатқа өзегін тосады. Ал біз қәйтеміз? «Сенің еліңде ондай адам болған жоқ, сенің жеріңде ондай жақсы өмір сүрген жоқ», – деп, бір-бірімізді кемсітеміз. Онымыз шындық болса екен-ау, тек сұмдық! Олар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, тарыйхын, тағдырын, бір-бірін қорғайды, ал біз екі басымыз бір қазанға сыймай, жанымызға торсық байлатпай; барды көре алмай, жоққа бере алмай, бір-бірімізбен алысамыз да жатамыз, елді ойлауға қолымыз да тіймейді.

Олар жоғын жоқтап тауып алып жатады, біз барымызды не былғап, не құртып жатамыз. Солтүстіктегілер Қожаберген бабасын басына көтеріп, қазақтар Қызылжар деп айтатын қаланың тап кіреберісіне бес мітірлік ескерткіш қойады, оған батыстағылар Қожаберген жырауды жоқ қылыу үшін, жақтастар жыйнап қырыуар ақпарат орындары арқылы оған шабыуыл жасайды. Осындай елде береке-бірлік, жөнді тірлік бола ма?

Енді біз өшпегенде, кім өшеді? Біз құрымағанда, кім құрыйды?

Кеңес одағының екі үлкен мемлекеті – ұкырайындар мен қазақты – азайтыу, әлсіретіу, әрійне, орталықтың зымыйан сайасаты болды. Бірақ, өкінішке қарай, ол сайасат өзіміздің ашықауыздығымызды, іштарлығымызды, көре алмаушылығымызды көрінбейтін көсеумен көсеп отырды ғой. Ал біз болсақ, қашқанның да, құуғанның да алдына түсіп зымырадық та отырдық. Соның салдарынан бабаларымыз халықтың жауымен алысса, біз бір-бірімізбен алыстық, бірімізден біріміз асып түсіуге тырыстық, жеңбей қоймаймыз деп жұлқыстық. Ақырында екі жағымыз да сыртқы сайасатқа жем болдық.

Матыжанов мырза, «Елім-ай!» дастанының екі нұсқасын он шақты ғалым жабыла талқылаған екенсіңдер, ол өздеріңнің қызметтерің ғой, неге оны ана жаққа да, мына жаққа да жарыйалап жатырсыңдар? Соны түсінбедім. Онымен халыққа қандай үлгі көрсетпексіңдер? Менің бір білетінім: Сегіз серіге қарсы жорықты бастаған Сейіт Қасқабасов болатын, қатарларыңда ол да жүр, оны қостаған қосшылар да жүр, сыбайлас ғалымдардың сыйластығына тек таң қалдым, тіл-көзден аман болыңдар. Енді өз ойымды айтайын.

«Жырдың мәнері XVIII-XIX ғасырлардағы шығармаларға ұқсамайды... бұл шығармада осы кезеңге тән тілдік ерекшеліктері сақталмаған. Кейбір сөз қолданыстары бүгінгі заманның жазыу стійліне келеді», – дейсіңдер. Ау, Матыжанов мырза! Оның бәрі Қожаберген бабамыздың кінәсі емес, оның сөзін өз қалпында жеткізе алмаған, сақтай алмаған Болатов пен Биғожиннің кінәсі ғой? Олар ғылым докторы да, белгілі жырау да емес, әншейін естігеніміз ұмыт қалмасын, білгенімізше жазып берейік, қалғанын ғалымдардың өзі жөндеп алар деген нійет қой олардікі. Ал Қожаберген бабамызды да, оның «Елім-ай!» дастанын да толық білетіндер мен жақсылап айтып бере алатындардың бәрі жоғарыда санағын келтірген 40 жылдың ішінде қырылып қалған жоқ па? Өлеңін де, өзін де жау шауып қансыратқан халықты сендердің қайта шапқандарың қай қылықтарың? Мәселен, сенің мені сыртымнан боқтағаныңды біреулер қаз-қалпында жеткізе алмай, бәлдір-бажақ бірдемелерді айтып келсе, соған қарап, сені өмірде жоқ адам демейміз ғой? Солай емес пе? Жеткізіушілердің талантсыздығына бола Қожаберген бабамызға атын да, дастанын да тырнақшаға алып, неге қыйанат жасайсыңдар? Олар жырдың бәрін Қожаберген бабамыздың өз аузынан емес, ғасырлар бойы ұйқасы да, сұлбасы да ұмытылған, әйтеуір, бұл күнге өліп-талып жеткен жырдың өлексесін ғана жеткізіп отырған жоқ па? «Бес ғасыр жырлайды» жыйнағын сендер де оқыған шығарсыңдар? Сондағы қай жыр он бесінші ғасырдың сөзімен жырланған? Әр жеткізіуші өзі өмір сүріп отырған дәуірдің сөзімен жеткізеді. Баласы бабасының тілімен сөйлей бермейді ғой. Жазба жыр мен ауыз әдебійетінің ерекшелігін сендер ажыратпасаңдар, кім ажыратады? Бұқар жырау да Қожаберген жыраудың замандасы, алайда оның да жырларын кейінгі заманның сөзімен айтып жүрміз ғой.

«Кердері теңіз, Сол жерде қалмақ.

Қылышын сүйреп қыс келе жатыр,

Япыр-ау, біздің қазақ қайда бармақ?», – дегенді,

Айшажан, жылап мені жасытпашы!», – дегенді дәлел етесіңдер, оның

несі ұнамады сендерге? «Кердері теңізі» деген – XVIII ғасырдың атауы, ал Айша – Қожабергеннің әйелі. Екеуі де керекті дерек. Ал «Бұқар да быйылғы жыл отыз жаста», – дегені – қәте. Бірақ ол кімнің қәтесі? Оны неге анықтамадыңдар?

«Мәтіннің сын көтермейтіні» дегеннің Қожаберген бабамызға тікелей еш қатысы жоқ. Ал «авторының ақындық деңгейі төмен екені», –дегенді қалай ұғамыз? «Автор» деп отырғандарың Болатов па, Қаратай ма, Қожаберген бе? «Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанының көшірмелері» дегеннің ғылымый түсінігі қандай? Оның өз қолжазбасы қайда сақталған, оны көшіріп алған кім? «Автордың ауыз әдебійеті мұраларының мәтіндік-нұсқалық ерекшеліктерін ескере отырып», –депсіңдер, «авторлық» пен «нұсқалық» деген сөз қалай қатар айтылатынын қалай түсіндіресіңдер? Оның қазақшасы қандай?

«Авторына қатысты деректер де күмәнді» дегенді қалай ұғамыз? Қай дерегі күмәнді? «Күмәнді ме, сендерге ұнамай ма?».

Жалпы, екі нұсқаның көркемдігі жайындағы сынға құлақ қойғанмен, ондағы оқыйғалардың тарыйхый шындық екеніне шәк келтіріуге болмайды. Ол – тарыйхқа да, ол тарыйхты басынан кешкен қазақ халқына да обал.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы деген әулійе бабамыз: «Толыбай сыншының ұлы Қожаберген 1663-жылы тұуған, 1762-жылы өлген. Бір ғасыр жасаған. Әрі батыр, әрі қолбасшы, әрі ақын ғой», – депті (Павлодар, «Эко» баспасы, 2013-жыл, 16-том, 238-бет).

Бұл бағаны оған Қаратай Биғожин де, Мәди Болатов та, мәтінтаныушы он үш «ғалым» да беріп отырған жоқсыңдар, оны сол кездің де, бұл кездің де құрметті, 1931 – жылы қайтыс болып кеткен Мәшһүр бабамыз өзі өмір сүрген кезеңдегі тарыйхый шындықты тап сол күйінде жазып кеткен. Ал Әдебійет және өнер іністійтұты сол тарыйхый шындықтарды жан-жақты зерттеу үшін, халыққа насыйхаттау үшін құрылған. Барды жоқ қылатын, біреулерден жеке басының кегін алыу үшін, есесін қайтарыу үшін, халықтың қаһарман ұлдары мен қыздарына жала жабатын, күйе жағатын заман оралмасқа кетті деп ойлаймын. Алайда қазақ үшін әлі жалғасып жатса, оған өкініуден басқа айтарым жоқ.

Мәтіндік тексеріуде қолжазбасы сақталған Мәшекеңнің, Қазыбек бек Тауасарұлының, Халыйдовтың шығармаларына жасауға, қай кезеңнің шығармасы анықтауға болады, әрійне. Ал қолжазбасы сақталмаған, бірақ бірталай нұсқасы бар, әркім өз қал-қадырынша жырлаған, жеткізген шығармаларға қалайша мәтіндік тексеріу жасауға болады? Ол әншейін «жасадық» деп халықты алдау емес пе?

Ана аталған он томдықта «аталған жыр туралы мәлімет кездеседі, А.Затаевич «Елім-ай» әнінің, «Елім-ай дастанының авторы Қожаберген жырау екенін» айтпайды дейсіңдер. Сол да дәлел ме? Құрманғазыны, Тәттімбетті, Дәулеткерейді қазаққа Затаевич тауып беріп пе еді? Ол айтпаса, қазақ әдебійетінің інжіу-маржандарын бізге жеткізіуші Мәшһүр Жүсіп, жазыушы-сазгер ағамыз І.Жақанов, жазыушы – зерттеуші ағамыз Н.Әбутәлиев, олардың ар жағында Жайау Мұса, Сегіз серілер мен тағы басқалар айтып кеткен. Бір орыс А.Затаевич айтпаса, одан бұрын өмір сүрген екінші орыс Н.А.Аристов деген оқымысты айтып кеткен. Сендер оларды білмейді екен деп, біз де білмеуіміз керек пе?

ХІХ ғасырдың 2-жартысында жазып, тек 2001-жылы Бішкекте жарық көрген «Усуни и киргизы или кара – киргизы» деген кітәбінде «Ақтабан шұбырынды» заманын жаза отырып, ол былай депті: «Он (Аблай – Б.Н.) повелел Ходжа-бергену с войском следовать с Амурсаной на Нуру, а сам с одно тысячем войском пошел на запад...» (435-бет). Одан ары Аристов Қожабергеннің алдыңғы шебі «кетайлармен» беттесіп, әдейі батысқа қарай Нұраға дейін қашады. Қазақтарда мылтық жоқ, қытай мылтықпен қарыуланған, сондықтан қазақтар көп қырылады.

Орыс оқымыстысы жазып отырған Қожабергенді неге, қазақтың өзі қалайша жоқ қылады? Абылай мен Қожаберген «Ақтабан шұбырынды» кезінің кісілері емес пе әлде?

Н.А. Аристов Санкт-Петербургтен 1897-жылы басылып шыққан «Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численностей» деген кітәбінде де Қожаберген бабамыз жайында жазады. Бұл кітәпті кезінде Шәкәрім қажы да өзінің оқығанын жазады. Онда Аристов: «Ходжа-бергень казацкий вождь, связанной ранее с Аблай-ханом», – дейді. (одан кейін тағы: «Упомянутый Ходжа-бергень в 1750 году управлял киреями», – дей келіп, оның Есіл бойын жайлағанын жазады (84-бет).

Бұл деректер Қожаберген бабамыздың өмірде болғанын, «Ақтабан шұбырынды» кезеңінде де жаумен соғысқанын анық дәлелдейді. Меніңше, оны дауға айналдырыудың өзі ұйат, әрі білімсіздік.

Өзің бас болып қол қойып отырған топ: «...мәтіндерді «Елім-ай» атты дастан деп таныуға, оларды Қожаберген жыраудың төл шығармасы ретінде айқындауға ғылымый негіз жоқ деген қорытынды жасады», –дейсіңдер. Дей беріңдер. Оған кім таласып жатыр? Әрійне, Болатов пен Қаратай жыйнаған жыр мәтіні «Елім-ай» дастанының өзі емес, тек нұсқасы, жаңғырығы, елесі, т.т. Оларды «Қожаберген жыраудың төл шығармасы ретінде» қара!» – деп жатқан да сендерге ешкім жоқ. Өйткені ешқашан ешбір жырдың нұсқасы төл шығарма бола алмайды. Сондықтан сендердің жабыла қол қойып отырған шешімдерің ғылымый қорытынды емес, әншейін сөз жұмбақ қана. Әлдекімнің әлсіз, мәнсіз нұсқасы қолжазба қорында жатыр, сондықтан ондай жырды да, ондай жырды шығарған адамды да бар деп айтыуға ғылымый негіз жоқ деп ғылымый қорытынды шығарыуға бола ма? «Бұл нұсқалар нашар!» – де, бітті.

Менде де «Қожаберген жырау. «Елім-ай» дастаны» атты бір кітәп бар. Оны Социал Жұмабаев деген азаматтың мәтіні бойынша, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» атындағы халықаралық қайырымдылық қорының» баспасы заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев 2013 – жылы Алматыдан шығарыпты. Сегіз серінің екі томдық шығармалар жыйнағын шығарыу барысында С.Жұмабаевпен танысқан едім. Керей шежіресін жетік білетін жетелі кісі еді. Кейін оның тарыйх ғылымының докторына Қожаберген жырауға қатысты «Артықбаев артық кетіпті» деген атпен жарыйалағанған мақаласын оқып, мәденійетті, сыпайы, білімді адам екеніне әбден көзім жеткен-ді. Оның мәтіні бойынша берілген жыр басқа нұсқаларына қарағанда толықтау және көлемділеу, бірнеше тарауға бөлінген. Дәл қәзіргі кезде бәріміз дерлік білетін бірнеше шұумақ өлең бүкіл дастанның өне бойында сәл түрленген түрде қайталанады да отырады. Бұл дастанның әу баста Қожаберген жыраудан өрбігенін сол шұумақтар да дәлелдейді.

Қаратудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Қарындастан айрылған жаман екен,

Қара көзден мөлтілдеп жас келеді

Немесе

Мына заман қай заман бағы заман,

Байағыдай болар ма тағы заман, –

дегендегі «қарындас» пен «бағы» деген сөз-ақ бұл жырдың байағыдағы жыр екенін дәлелдей алады. Өйткені «қарындас» сөзі бұрын ұл-қызына қарамай, бір қарыннан шыққан «бауыр» дегенді білдірсе, бұл күнде өзіңнен кіші қыз бен әйелдерге ғана айтылады, ал «бағы» сөзі өте сійрек қолданылады, «бағы замандарда» деп, бұрынғы дәуірге сілтеп сөйлейміз.

С. Жұмабаев жеткізген «Елім-ай» дастаны былай басталады:

– Алла өзі алсын бізді панасына,

Дұшпанның қол жеткізіп жағасына.

Майданда ерлеріме құуат берсін,

Көрші елдің қалдырмасын табасына!

Дастанның әр жерінде «Бұл заман қай-қай заман, қайғы заман» деген

өлең өзек (97-бет) әр тұста сәл өзгеріспен біресе «Орал заман» (132-бет), «Қайғы заман» (97-бет), «Қасқыр заман» (106-бет) немесе «Мыстан заман» (175-бет), «Шұбар заман» (202-бет), «Қысқан заман» деп, бір ірет қана «Йапырау, қалай болды мына заман?» – деп, түңіліс танытады (221-бет).

«Ақтабан шұбырындының» тарыйхый шындығы бұл дастанның өне бойынан көрінеді де отырады. Мәселен Албан Хангелді батыр бірнеше мәрте аталады. Егер қан майданда хабар-ошары құлағына жетпесе, Арқадағы Қожаберген Алатаудағы Хангелдіні қайдан біледі? 123-бетте: «Төрелерге жол болды, Хангелді мен Төледен», – десе (123-бет); 141-бетте: «Төле менен Хангелді, Бірі – батыр, бірі бій, Жолбарысты хан сайлап», – дейді, 178-бетте: «Бес жас кіші Бөгеннен, Албанның ері Хангелді», – деп, Қанжығалы Бөгенбай батыр мен Албан Ханкелді батырдың жас айырмашылығын да дәл айтады, ал 178-бетте: «Батырлардың ағасы, Қырықта жас шамасы. Қорған болар халқына, Бөгенбайдай панасы», –дейді, ал 124-бетте: «Малайсары Тайұлы, шыққан тегі Байұлы», – деп, бізге белгісіз батырды да айтып өтеді. Біз Малайсары Бәсентійін мен Албан Малайсары батырдың атына қанық болсақ та, Малайсары Тайұлының атын ешбір деректен кездестірмей келдік.

Өзі білетін шындықтың бетін ашып, көршілер «Жоңғарға мылтық атыуды үйретті» (132-бет); «Бір тұуған қазақ, ноғай, қарақалпақ», – дейді (133-бет). «Тіліне арап, парсы болдым жетік», –дегеніне қарағанда (186-бет), Қожаберген бабамыз сауатты кісі болған, сондықтан ол «Елім-ай!» дастанын жазып қалдырған, әрійне, тек сақталмаған. Бірақ оны оқығандар мен естігендер өз деңгейінде жырлап, содан сан алыуан нұсқалары пайда болған, сөйтіп жазба әдебійетінің айағы ауыз әдебійетіне жалғасып кеткен.

«Арғы атам Ордабасы Дәулен батыр», – дегенді (187-бет)

Қожабергеннің өзінен басқа кім айта алады?

«Қалмақты қазақ бөгеп тойтарған жер,

Сол «Қалмақ қырылған» деп айтылған жер», – дегені де (187-бет)

тарыйхый деректерге сай келеді. «Тарақты ер Байғозы қолдың басы» (188- бет) болғаны да ырас.

Қолбасы кіші жүздің Тайлақ мерген,

Сұлатты көздегенін атқан жерден.

Бір мерген Саңырық атты жараланды,

Тайлақтың жолдас болып қасына ерген.

Екеуі де кіші жүзде Шекті еді...

Ағасы Тайлақ мерген – Байрақ, Қайрақ», –

дейді (188-бет).

Осы арада бір жаңсақтық кеткен. Ұлы жүздің шежіресінде Саңырық

батыр Дұулат бабамыздан тарайды. Ал оның нағашылары – кіші жүз Байрақ, Қайрақ, Тайлақ батырлар. Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқыйаннан өзіме шейін» естелігінде бұл үшеуінің жүздігі 1729-жылы Аңырақай шайқасына қатысқаны айтылады, оларды Қабақ ұрпағы дейді. Ол – «Тілеу-Қабақ» әніндегі Қабақ. Тарыйхшылар «Қыз Жібек» жырындағы Бекежан батыр Жібектің ағасы болып келетінін, ал Төлегенді өлтірген ол емес, Кескентерек атты қожа екенін, Қыз Жібек жайындағы әңгімені алғаш жырға айналдырған Қожаберген бабамыздың ұрпағы Сегіз сері де солай жырлағанын, алайда өзі қожа Шайхысалмұлы қожа Кескентеректің орнына Бекежанды ауыстырып жібергенін «Алаш» атты жұрналға жазды да, дәлелдеді де. Сол шындықты Қожаберген бабамыздың: «Баласы Бекежанның мерген Тайлақ», – деуі де (188-бет) ырастайды. 189-бетте: «Айнакөл жағасында қырғын болды», – дейді дастан. Ол көлдің қайдағы көл екенін ғалымдар біліуі тійіс. «Көп күттік Әбілқайыр келер деп, Тосыннан жауға соққы берер деп», дегенді де айтады сол бетте.

«Башқұртта ел тарайды Қайсақ, Естек», – дегені де (222-бет) құлақты елең еткізеді. Естекті естіп жүрсек те, Қайсақты басқа мағынада білетін едік.

«Қалмақ пен қытай қысып екі жақтан,

Қырған соң осы жаққа қашқан едік», –

дейді 227-бетте. Н.А.Аристов жоғарыда аталған кітәбінде Қожаберген жыраудың қолындағы бес жүз керейдің қалай қырылғанын жазады. Оның дерегін дастанның дерегі ырастап тұр. Мұндай шындыққа тек бас ійіу керек.

«Әбілқайыр сұлтан да Жолбарыс ханның інісі», – депті 141-бетте.

Қазыбек бек Тауасарұлы да Абдолда төренің бірі асырап алған, екіншісі өз баласы екенін жазады. 223-бетте: «Әбілқайыр отыз үште», – дегені де дұрыс дерекке жатады.

«Қойан жылы дәл алпыс бір мүшелім ғой», – деуіне қарағанда (184-бет),

Қожаберген жырау 1663-жылы емес, 1662-жылы тұуған болыу керек.

216-бетте: «Қойан өтіп, ұлыу жыл кіргеннен соң, Жасадық тілек тілеп наурыз тойын», – деуіне қарағанда, «Елім-ай» дастанын кейін, бәрін еске ала отырып жазған болыу керек. Оның: «Екі ұлым майданда өлді: Науан, Әсет», – дегені (171-бет) еріксіз ойландырады. Жырау қайын жұртында жүргенде «Ақтабан шұбырынды» басталады. «Қайын атам – Қабылан бій», – дейді (194-бет). Оның мекені – қәзіргі Қызылорда жақ. Осы арадан жол бойы қалмақтармен соғыса-соғыса Қызылжар өңіріне қыс түсе жетеді. Жоғарыда аталған Бекежанның балаларымен қосылып та соғысады. Алпыс бірге келген қарт батыр сол соғыстардан аман қалып, екі баласы неге қаза табады? Оның жауабы біреу-ақ: екі ұлы әкесі Қожаберген мен шешесі Айшаны жаудан қорғай жүріп қаза болған.

Осының бәрін оқып, біліп отырып та Қожаберген бабамызға ғайбат сөз айтатындарды қалай құрметтеуге болады? Оның мәнісі, меніңше, бүгінде емес, әріде.

Кеңес заманындағы ашаршылық адам санын азайтса; «кәмпеске», «халық жауы» науқаны – халықтың рұхын азайтқан. Біз, сірә, кеңес дәуірінің зардабын ұзақ шегетін халық шығармыз. Өйткені сөзге тоқтайтын, жөнге жығылатын текті ұрпақты тәрбійелей алмадық. Әйткенмен айтқаныңды ұғатын құлақ бірен-саран болса да қалған шығар деп айтамыз да. Мәселен, 1726-жылы Ордабасыда Әбілқайыр қазақ қолының Бас қолбасшысы сайланды. Қожаберген бабамыздың «Елім-ай!» дастанында: «Сайлауда Әбілқайыр отыз жаста», – деп тұр (122-бет). Білмеген адам бүйтіп біреудің жасын дәл айтпайды. «Өткен жылы Әйтеке бій дүнійе салды», – дегеніне қарағанда (120-бет), жырау бабамыз «Елім-ай!» дастанын 1730-жылдан жаза бастаған болыу керек, себебі Қазыбек бек Тауасарұлының естелік кітәбінде Әйтеке бійдің 1730-жылы дүнійеден озғаны айтылады.

Дастанның көркемдігі де көңіл аударарлық.

Еділ мен Жайық жақтан көш келеді,

Ат пен нар әр көш сайын бос келеді.

Айырылған жер мен сұудан қыйын екен,

Мөлтілдеп екі көзден жас келеді, – дегеннен (119-бет) қандай мін

табасың? Жағдай мен көңіл күйді қатар жеткізіп тұрған жоқ па? Халықтың мұңы мен зары, орны толмайтын өкініші – бәрі бір шұумаққа сыйып тұр ғой. Оны көрмеген, сезбеген адам нені көреді, нені сезеді?

Әлі ұмытылмай, бүгінде қара өлеңнің қатарында халықты аралап жүрген мына өлеңге неге бас іймеске: 155-бет:

Дүнійе – жеткізбес жол бұраңдаған,

Бақ тайса, мал менен бас құралмаған.

Көзіңмен зор апатты көрсең дағы,

Айшажан, үміт үзбе бір алладан.

Біз де болашақтан үміт үзбейміз.

Бұрынғы хандар секілді,

Қәзіргі хандар болмады.

Ынтымақ кетіп төреден,

Жұртымыз содан оңбады, – деп, жырау бабамыз өзі көрген шындықты бізге бүкпесіз жеткізіпті (149-бет).

«Сөзіңді біреу сөйлесе, аузың қышып бара ма?», – дейді қазақ. Қалған сөзді қәзіргі Еңбек Ері, сазгер ағамыз І.Жақановқа берейін. Ілекең 1991-жылы «Парасат» жұрналының жетінші санында «Елім-ай – халық үні» атты мақала жазып, өз зерттеуін біраз байандаған екен. Ілекең «Елім-ай!» әні мен «Елім-ай!» дастанына қатарынан тоқталыпты. «Халық үні» дегенді қалай дәл айтқан. Халық үнін әлдекімдер қалай өшірмек?

«Елім-ай!» әні – тарыйхый ән, – деп бастап, ол әнге 1936-жылы «Известия» гәзетінде М.Әуезовтің берген бағадан үзінді келтіріпті. «Даже богатейший эпос и фольклор – свидетели многовековой духовной культуры казахского народа – уступают в многограности. Выразительности, в глубокие чувств этой песне», – депті Мұхаң.

«Сұмдық кезең көзден жасты ағызатын қайғылы жырларды, күйлерді, әндерді тұуғызды», – дей келе, «Елім-ай!» әні жалғыз болған жоқ: Александар Викторович Затаевичтің «Қазақтың мың әні» атты жыйнағында «Ел қайда?» (449), «Қайран елім» (480), «Зар заман» (510), «Заман-ай» (730) дейтін әндер бар», – екенін айтады. «Мезгіл тезіне орай, оны айтыушы, жеткізіушілер түрлендіріуі, өз мәнеріне салып өзгертіуі – заңды құбылыс», – деп түйеді де, «Елім-айдың» жөні бөлек!» – деп тұжырады да, өлеңі ептеп өзгеріске түссе де, «... әндік негізі берік сақталғаны қайран қалдырады», –деп таңданады. Бірақ әнді кім шығарғаны жайлы ештеңе айтпайды. Алайда одан әрі: «Ал жыр үлгісіндегі «Елім-ай» ә деп бастағаннан әндегі үш-төрт шұумақтан өрбіп, одан кейін оның кез келген нұсқасы өз бетінше өрістеп жатады», – дейді де, «Елім-ай» жырының әуелі түп нұсқасы уақыт сынына түсіп, ауыздан ауызға тарағанда, жырау не орындаушы айтқан сайын табыйғый түрде әдебін өңдеуге түсіп отырған, – дей келіп, – оны әр кез өз көңіл күйіне орай әр жерін әдіптеп, әсемдеп тереңдеткен», – дейді.

«Елім-ай!». Бұл – тұтас бір халықтың тарыйхы, тағдыры, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңінің әрі қасіреті, әрі қаһармандық ескерткіші... оның бар құпыйасы әлі де болса келер күннің үлесінде жатыр», – дейді сазгер ағамыз.

«Елім-ай» жырының бірнеше нұсқасы Қазақ ССР Ғылым академыйасының қолжазба қорында сақтаулы. Соның бірі – Қожаберген жыраудың нұсқасы», –деп, бір түйіндейді де, «Жұлдыз» жұрналының 1984- жылғы үшінші санында жарыйаланған Нәбійден Әбіутәлійев ағамыздың мақаласындағы деректерді келтіре отырып, «1723-жылдың апатын, халықтың күйзелісін өз көзімен көрген ақынның қатты толғанысынан тұуған бұл айтыулы жыр әуелі ауыздан ауызға тарап, елге кеңінен мәлім болған. Кейін ел бейбіт өмірге көшкен кезде өзі сауатты жырау Қожаберген «Елім-ай» дастанын хатқа түсіріп, ұрпаққа мұра етіп қалдырған. Оның жазбасын алып сақтаушы – өз ұрпағы Шақшақ батыр Көшекұлы. Шақшақтан оның немересі Сегіз сері жазып алған. Сегіз серінің қолжазбасын сақтаушы – Тәштійт Тәбейұлы Барлыбаев дейтін азамат. Тәштійттен Сегіз серінің үлкен баласы Мұстафа батыр көшіріп алған. Мұстафадан 1879-жылы Дәрібай деген жас шежіреші жігіт жаттап үйренеді. Дәрібайдан баласы Қожахмет жазып алып жаттайды. Қожахмет 1897-жылы тұуып, Солтүстік Қазақстан обылысы Піреснов ауданындағы «Өктәбірдің 60 жылдығы» совхозының орталығы Петровка селосында 1978-жылы 87 жасында қайтыс болды», – деп жазады.

С. Жұмабаевтың кітәп етіп шығарған нұсқасы – сол Қожахметтен қалған нұсқа. Ілекең бұл мақаланы жазған 1991-жылы Қожахметтің баласы Махмет деген кісі сол Петровкадағы орта мектепте оқыу ісінің меңгеріушісі екен.

Ілекең бұл жырды біраз зерттеген екен. «Қазақ әдебійеті» гәзетінде 1981- жылдың 15-мамырында жарыйаланған М.Жармұхамедовтың «Елім-ай» жыр-дастаны», «Жезқазған тұуы» гәзетінде 1982-жылдың 22-қаңтарында жарыйаланған М.Болатовтың «Елім-айдың» авторы Қожаберген хақында», Г.Тұрсыновтың «Мәденійет және тұрмыс» жұрналында 1981-жылы 6-санында жарыйаланған «Қаратаудың басынан көш келеді», Тынысбек Қоңыратбаевтың 1988-жылы 19-қарашада жарыйаланған «Елім-ай» жайындағы мақаласын да оқыпты. «Көрнекті жазыушы ғалым Мұхтар Мағауин осы жолдардың авторына: «Сонау бір ұныйверсійтетте оқып жүрген кезімізде, жазда жазыушы Әбіш Кекілбаев екеуміз Түркістан жағынан бір қарттың аузынан «Елім-ай» жырын жазып алып, оны академыйаның қолжазба қорына тапсырдым», – дегенін де еске алыпты. Ақын Оразақын Асқар ағаның да академыйа қолжазба қорынан алған нұсқасына: «Жырдың көнелігі сезіледі... Бұл да қызықты, тартымды нұсқа», –деген баға береді Ілекең.

«Ғылымда кең сабадай ақтарылып, ұшан-теңіз еңбек қалдырған академік Әлкей Марғұланның үй архійвінде «Насап нама – и қазақ» деген кітәп бар... Сол кітәпта мына үзіндісіне назар салыңыз: «Қара қазан, сары баланың қамына деп жыйылып, жыласып, қоштасып, бұл жыйылып тұрған жерінде бір ақыны зарлық етіп, үш жүздің баласының күні қара, аштықтан тарығып тұрғанына үш ауыз өлең айтыпты»,–дейді де, «Елім-ай» дастанының тағы бір нұсқасын жарыйа етеді. «Бұл – «Елім-айдың» жаңа табылып отырған бір нұсқасы», – дейді Ілекең. Оның көлемі 25 қана шұумақ. Бұл да, әрійне, Қожаберген бабамыздың өз аузынан жазып алынған жыр емес. Бірақ сол жырдың сарынынан, сүресінен тәлім алғаны ә деп бастаған шұумақтардан-ақ аңғарылып тұр. Бас-айағы 25 шұумақ. Осының бәрі еріккенің ермегі, өтірікшінің өрнегі ме? Ақ сүйек дейтін тегі, қарасүйек дейтін халқы жоқ мемлекетпіз бе?

Бір өтірік айтқан адам, өтірігім шығып қалмасын деп, ол өтірігін тағы бір өтірікпен бүркемелейді, одан әрі ұйаты ойанғанша айтқанынан қайтпайды. Шындықты айтқан адам да сондай: елдің көзін шындығыма жеткізем деп, тағы бір шындықты күуәге тартады. Мен күуәге екі кісіні бірдей тартам: бірі – ақын, сазгер, әнші Жайау Мұса. Мәшһүр Жүсіппен ауылы аралас, қойы қоралас өмір сүрген адам. Хат таныған, сауатты; екіншісі – батыр, балыуан, елші, шебер, әнші, сазгер, жыршы, ақын Сегіз сері. Екеуі де ХІХ ғасырдың дәмін татқан өнерпаздар. Екеуі де кезінде «қашқын» атанған адамдар. Алайда өтірікші, іші тар, алдамшы деген атақ-мадақтары жоқ. Жайау Мұса Омбыға барғанын өз әнінде айтады. Сегіз серінің Омбыда оқығанын бүкіл Қызылжар жұрты біледі. Жайау Мұсаның өзі: «Сегізге үш жыл шәкірт болдым», – дейді. Үш жыл қасында болған ұғымтал шәкірт «Ер Сегіз» атты дастан жазып қалдырған. Бір сөзге тоқтайтын, шын сөзге бас ійетін қазақ қалса, сол дастанда ден қойатын мынадай бір тоқтам бар:

Сал Сегіз өзге ақыннан болған басым,

Шығарған Мақпалға арнап «Гауһартасын», –

деп, бір мәлімет берсе,

Хандармен теңдес болған дәрежесі,

Қазаққа нұсқа болған өнегесі.

Тұсында Абылай ханның шора болған,

Шақшақтың Сегіз сері немересі, –

деп, екінші дерек береді (сонда, 259-бет). Одан ары:

Сал Сегіз әуес болған нақ құндызға,

Көз салған әр елдегі шын жұлдызға.

Арнаған қос нұсқалы «Ғайный»әнін

Еркесі Ысық елі Ғайный қызға.

Ғайныйдың Ғайныйжамал нағыз аты,

Ұстаздың оған түскен ілтійпаты

Онымен қосылмаққа серт еткен соң,

Шығарған дастаны екен «Қыз сыйпаты», –

дейді тағы (Сегіз сері, «Шығармалары, 2014-ж. «Жалын» баспасы». 2-том, 240-бет).

Ал сол «Қыз сыйпаты» дастанында Сегіз сері былай дейді:

«Қожаберген жыраудан айт!» – деген соң,

«Ер Көкше», «Елім-айды» айттым жатқа.

«Шырқа!», – деп, – Қожаберген «Елім-айын!» –

Өтінді содан кейін барлық кісі»

Зарлы ән «Елім-айды» айтқанымда,

Ұйыды жыйындағы үлкен-кіші.

Мұнда бәрі айқын айтылып тұр: ән де, дастан да Қожабергендікі.

«Аталы сөзге арсыз тоқтамайды» дейді қазақ. Ғылым да солай дейді. Не аталы сөзге, не ғылымға тоқтамасақ, онда бізге сөздің де, ғылымның да не керегі бар?

Сегіз бен Мұсаның айтқаны аздай, Асанбек Нұрғожа – ұлы деген ақынның «Толғау» атты 1923-жылы жазып алынған өлеңінде:

«Елім-ай» – Қожаберген ердің әні,

Жойылмас ешқашанда оның мәні....

Әншілік, күйшілігін жалғастырған,

Сегіз сері – жұлдызы Алашымның, –

деп, әріден-беріден қозғайды (сонда, 2-том, 306-бет).

Мұның бәрі, әрійне, «Білгенге – маржан, білмеске – арзан» дүнійелер. Осы сөзді айтқан Абай ақынның кезінде қазақтан түңілгенін білесің бе, Матыжанов мырза?

– Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, – деген ғой данышпан ақын. Өкініп. Бірақ қәзір өз ырқымыз өз қолымызда болса да, неге түзеле алмай отырмыз? Оның да себебін Абай өзі айтып кетіпті: біреудің «маржанын» біреулер «арзан» санап отыр. Сол қазақ:

Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап,

Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап...

Өзі алмайды, қыранға алдырмайды,

Күні бойы шабады бос салақтап, – дейді тағы.

Сондықтан менің сендерді түзей салармын деген дәмем жоқ. Себебі сөз тыңдайтын әрі сөз ұстайтын ақсүйегі қалмаған, «Басыңды біріктір! Еңсеңді көтер!» – дейтін көсемдері таусылған; бійлік айтар төресі, айтқанды ұғатын өресі қалмаған жұрт күлгеніңе де енжар, жылағаныңа да енжар, оларға айтқаның да бір, айтпағаның да бір; ал «тоқ жүрсең, тек жүрмекті» білетіндер мен халықтың қамын емес, нанын жейтіндерге, «Маған ақыл үйрететін сен кімсің?» – дейтіндерге не үйретем? Өзіне керектің бәрін олар әлдеқашан үйреніп алған. Аузымен емес, «Халқым!», – деп жүрегімен жылайтын азын-аулаққа айтам. Аз көбейеді, енжарлар ойанады деп айтам.

Өзің Бас деректір болып отырған іністійтұтың неге Мәшһүр Жүсіптің айтқанын насыйхаттамай, неге Бөрібай Кәреннің айтқанын жақтап отырғаныңнан-ақ көп нәрсені аңғарғандаймын. Кімнің сөзінде ғылымый негіз бар, кімнің сөзінде «жаптым жала – жақтым күйе» бар?

Қазақстан Ұлттық энційклопедиясындағы мәлімет еш дерекке жатпай ма? Дерекке, ғылымый негізге жатпай ма? Халықтың қәсійетті шындығын «ойдан құралған өтіріктер» деп айтыуға аузы барғандардың ғылымый негізі Болатов пен Қаратайдың ғана қолжазбасы ма? Ал басқалар шы? Мәшекеңнің қадым әліпбійіндегі жазған шығармасын оқый алатын кімің бар өзің басқарып отырған іністійтұтта? Тексергіш, шындықты іздегіш болсаң, неге Мәшекеңді тексермейсің? Қызметіңді пайдаланып, топ құрғаның, қол жыйнағаның, оны жан-жаққа жарыйалағаның қай сасқаның? Болатов па Қаратайдың қолжазбасы нашар болса, қәйтейік, олардан басқасын ізде, тап, жарыйала, андағы өзің басқарып отырған іністійтұт сол үшін қүрылған.

Біз өзді-өзіміз өстіп өнбес даумен айтысып жүріп, ауызбіршілігімізден, нағыз ғылымымыздан, шынайы білімді сыйлаудан, тарыйхый деректерді құрметтеуден, ата-бабамыздың асыл сөздерінен, тағы-тағыларынан айрыламыз. Біз бәрінен айрылып жатқанда, басқалар орнығып алды. «1917 – жылға дейін қазақ, өзбек, әзірбайжан деген халықтар болған емес», –деп жатқандар сендерді ойлантпай ма? Барын «Бар!» –дей алмайтын халықты кім сыйлайды?

Алатау, Алакөлден көш келеді,

Көшкен сайын ат пен нар бос келеді.

Тұуысқаннан айрылған жаман екен,

Мөлдіреп екі көзден жас келеді, –

дегенді сөгесіңдер, көркемдігі нашар болғанмен, шындығы басым өлең емес пе? «Ақтабан шұбырындыда» жау Алатау мен Алакөлден келмегенде, қай жақтан келіп еді? «Мөлтілдеп» дегенді «мөлдіреп» дегені үшін кім кінәлі? Автор ма, жеткізіуші ме? Ғылым ордасын дау ордасына айналдырып, осыған да қол жыйнадыңдар ма? Сол қол жыйнағандарыңа айт: жан-жағына дұрыстап қарасын, қазақ деген халық Болатов пен Қаратайдан ғана құралмайды, олар әні мен өлеңін жөндеп жеткізе алмаса, соған бола Қожаберген бабамыз да, «Елім-ай!» әні мен дастаны да жоқ бола алмайды.

Әнін, дастанын былай қойғанда, «Елім-ай!» деген жалғыз ауыз сөзді тарыйхта қалдырғаны үшін-ақ Қожаберген бабамыздың тарыйхта қалыуға қақы бар, Матыжанов мырза. Ол сөз – «Аттан!» «Ұра!» деген ұранды сөздердің қатарында тұрған сөз. «Ғалым» деген қәсійетті атты, «Бас деректір» деген мемлекеттік қызметті Бөрібайға бола былғама! Ғылымды былғама! Ол айта салатын арзан сөз емес, асай салатын дайын ас емес, кез келген жерге тастай салатын тас емес, ол – зерттеп қана айтатын жан-жақты білім. Білімің жетпеген жерде, ең болмаса, ізет сақтасаңшы! Қожаберген сен «бар» десең, бар бола қалатын, «жоқ» десең, жоқ бола қалатын қолжаулық адам емес, ол – қазақтың батыры, қолбасшысы, ақыны, жырауы, сазгері, үлкен бір әулеттің атасы, бабасы, «Елім-ай!» деп еңіреп өткен қазақтың әрі баласы, әрі данасы.

Жақында Әбілхан Қастеев ағамыздың 120 жылдығына орай ұрпақтары ас берді. Сонда Ақтөбеден, Б.Кәртеннің ауылы жағынан келген 90 жастағы құдамыз: «Тектіден текті тұуады, Тектілік тұқым құуады», – деді ескі сөзді еске салып. Кеңес өкіметінің гүрзін басшысы соны білгендіктен, «халық жауларының» отбасын, бала-шағасын түгел құудалады. Тектілердің тұқымын тұздай құртыуға тырысты. Қалған-құтқанымыз қалт-құлт етіп қана қалдық. Тарыйх ғылымының докторы ғалым Хангелді Әбіжанов: «Только при Конаеве казахи пришли в себя», – деді. Бірақ, өкінішке қарай, сол жетістікті тәуелсіздік жылдары одан ары жалғастыра алмадық. АҚШ-тың пірезійденті Рүзвелт: «Амерійканы ақша емес, ақыл бійлеуі керек», – деген еді, бізді ақша мен ашылған аран бійлеп кетті. Тектіліктің түтіні тағы үзілер-үзілмес күйде қалды. «Тексізді тексіз табады, Тексіздер бір-бірін ійтше қабады» деген жағдай әлі бізден арылмай тұр. Алдымызда екі-ақ жол бар: не осыны жалғастырыу, не осыдан бас тартыу. Қайсысын таңдаймыз? «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», – деген екен бұрынғы бір ақын. Оған қауқарымыз жете қоймас. Сондықтан ең әуелі өз қазағымызды алаламай, жалаламай сүйіп үйренсек те жаман болмас еді. Соны іністійтұттың атын былғаған «ғылымый» тобыңа түсіндіріп көрсеңші, Матыжанов мырза!

Бексұлтан Нұржеке-ұлы

жазушы