Қожамжаров ісі және Нығматулиндерге қатысты тергеу: Бас прокуратура не деді?
Қазақстанда соңғы айларда жоғары лауазымды бұрынғы шенеуніктерге қатысты қозғалған істер қоғам назарын өзіне аударып отыр.
Мәжілістегі брифингте Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев бірқатар резонансты істердің барысына тоқталды. Атап айтқанда, бұрынғы Антикор басшысы Қайрат Қожамжаров пен экс-спикер әулетіне қатысты қозғалған қылмыстық істер туралы мәлімет берілді.
Қожамжаровтың ісі: процессуалдық мәртебе анықталмаған
Қойгелдиевтің айтуынша, Қайрат Қожамжаровқа қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Алайда оның процессуалдық мәртебесі әзірге нақтыланбаған.
«Қалған мәселелердің барлығы тергеу қорытындысы бойынша шешіледі», – деді Бас прокурордың орынбасары.
Еске салайық, 2025 жылғы 6 қыркүйекте Бас прокуратура Қожамжаровқа қатысты тергеу басталғанын ресми хабарлаған болатын. Тергеу қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру фактілері бойынша жүргізілуде.
Бұл істің аясында бұрынғы Ұлттық бюро басшысы Талғат Татубаев ұсталып, азаптау фактілері бойынша күдікті деп танылған еді. Кейіннен дәл осындай күдік Олеся Кексельге де тағылды. Екеуі де кезінде Қожамжаровтың командасында қызмет еткен.
Сонымен қатар, Қожамжаров Бас прокурор болған тұста тағайындалған бұрынғы көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновке іздеу жарияланғаны белгілі болды.
2025 жылғы 5 желтоқсанда Алматы қаласының Медеу аудандық соты Қожамжаровтың екі туысының және төрт компанияның мүлкіне тыйым салғаны хабарланған.
Нығматулиндерге қатысты тергеу
Брифинг барысында бұрынғы Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің туыстарына қатысты қозғалған істер де сөз болды.
Оның ағасы Арғын Нығматулинге Қарағанды облысындағы хоккей клубына бөлінген қаражатты жымқыру ісі бойынша іздеу жарияланған. Тергеу дерегінше, бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша іс қозғалған.
Тағы бір бауыры – Ерлан Нығматуллинге қатысты да тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұдан бөлек, экс-спикердің ұлы Нұржан Нұрлановке қатысты да іс бар. Бас прокуратураның мәліметінше, Түркияға құқықтық көмек туралы сұрау жолданған, қазіргі таңда жауап күтілуде.
Қожамжаров пен Нығматулиндерге қатысты қозғалған істер соңғы жылдары басталған саяси-кадрлық трансформация аясында қарастырылып отыр. Бұрынғы ықпалды тұлғалар мен олардың жақындарына қатысты тергеулердің күшеюі билік элитасындағы қайта құрылымдау процесінің бір бөлігі ретінде бағалануда.
Дегенмен, ресми органдар әзірге нақты айыптау актілері мен сот үкімдері туралы ақпарат жариялаған жоқ. Барлығы тергеу нәтижесіне байланысты болмақ.