Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:10

Қожамжаровқа тиесілі компания айыппұл төлеуге міндеттелді

hillcorporation
Фото: hillcorporation.kz

“Қазақстан темір жолы – Пассажирлік локомотивтер” АҚ Дулат Қожамжаровқа тиесілі “High Industrial Lubricants & Liquids Corporation” (HILL) компаниясына қарсы сотта жеңіске жетті.

Бұл компания 2024 жылдың соңында “ҚТЖ-Пассажирлік локомотивтермен” дизель майын жеткізу туралы келісімшартқа отырған. Құжатқа сәйкес, мұнай өнімдерін жеткізу 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасуы тиіс еді. Жалпы келісім сомасы — 504 миллион теңге.

Компания міндеттемесін толық орындамаған

Алайда HILL келісім шарттағы өз міндеттемесін толық орындамаған. 2025 жылғы 1 тамызда жеткізуші тарап “ҚТЖ” компаниясына ресми хат жолдап, мемлекеттік органдардың тексерістері мен сот процестері бизнеске кедергі келтіріп жатқанын айтып, шартты мерзімінен бұрын бұзуды сұраған.

Тапсырыс беруші “ҚТЖ-Пассажирлік локомотивтер” бұған келіспей, 46 миллион теңге аванс пен келісім сомасының 10 пайызына тең айыппұл — 50,4 миллион теңге өндіріп алуды талап етті.

Компания өз кезегінде айыппұл төлеуден бас тартуға тырысып, сотта тапсырыстың 40 пайызы орындалды деп дәлел келтірген.

Сот шешімі

Материалдарды зерттеген сот “ҚТЖ-Пассажирлік локомотивтері” талабын толық қанағаттандырды.
Сот шешімімен:

  • “HILL Corporation”-нан 45 769 957 теңге аванс,
  • 50 401 768 теңге айыппұл,
  • 2 885 152 теңге мемлекеттік баж алымы өндіріп алу туралы шешім шықты.

 

HILL Corporation қандай компания?

Шымкент қаласында алғаш рет 2005 жылы 14 қыркүйекте тіркеуден өткен. Директоры – Нұрбол Дүтбаев. Құрылтайшысы – Дулат Қожамжаров.

HILL Corporation – Қазақстандағы жетекші майлау материалдарын өндіруші компаниялардың бірі. 1998 жылы негізі қаланған бұл компания бастапқыда майлау материалдарын саудалаумен айналысқан. Кейіннен өндіріс бағытына көшіп, бүгінде қозғалтқыш, трансмиссия, гидравлика және пластикалық майлар секілді кең ауқымды өнім түрлерін шығарады.

Компанияның былтырғы қаржы айналымы 129 млрд 747 млн теңгеден асады. Алайда бұл компанияның құлдыраған шағы. Себебі 2023 жылы оның қаржысы 230,9 млрд теңге болған. Кәсіпорын 2024 жылы 2 млрд 465 млн теңге салық төлеген. 2016 жылдан бері қазынаға аударған қаржысы 18 млрд теңгеден асады. 2016 жылдан бергі алған тендерлерінің саны 3 600-ге жуық. Бұл келісімшарттардың сомасы да аз емес. Мысалы, аталған компания 2016 жылы 722 млн теңгеге 30 тендер алған. Ал 2020 жылы мемлекеттен 2 млрд-қа жуық сомаға 708 квазикелісімшарт жасасқан. Келісімшарттарының ішінде Қорғаныс министрлігінен бастап еліміздің әртүрлі аймағындағы мемлекеттік органдар бар.