Қожамжаровтың сенімді серігінің туыстары Дубайда бірнеше млрд теңгелік пәтерге иелік етеді

Жақында халықаралық іздеу жарияланған бұрынғы көлік прокуратурасының басшысы Мақсат Дүйсеновтің туған інісі Асхат Дүйсенов Дубайдың элиталық ауданынан құны бірнеше миллиард теңгеге бағаланатын пәтерлерге ие екені белгілі болды.
Оған Jumeirah Beach Residence аймағындағы Jumeirah Gate Tower кешенінен екі апартамент тиесілі, деп жазады "Выход к морю" телеграм арнасы.
Үш бөлмелі, 182,6 м² пәтері 39-қабатта, ал 107,8 м², екі бөлмелі пәтері 47-қабатта орналасқан. Екі пәтердің қазіргі құны шамамен $4,7 млн деп бағаланады. Жерасты автотұрағындағы екі орынмен бірге активтердің жалпы құны $5 млн немесе 2,7 млрд теңге.
Алайда Асхат Дүйсенов ірі кәсіпкер саналмайды. Керісінше, оның аты салық қарыздары, сәтсіз инвестициялар және қылмыстық өткенмен байланысты.
Қылмыстық ісі
2007 жылы Мақсат Дүйсенов Атыраудағы экономикалық қылмыспен күрес департаментінде жұмыс істеп жүргенде, Алматы полициясы Асхат Дүйсеновті іздеу жариялаған. Ол «адам ұрлау» және «ОПГ» құру» баптары бойынша күдікті саналған. Кейін ол атышулы «Нұрбанкгейт» ісіне байланысты ұсталды. Бұл іс — екі банкирдің өлімімен аяқталған тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі қылмыстық оқиғалардың бірі. БАҚ-та Асхат Дүйсенов «Рахат Әлиевтің кошелегі» деп аталды. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол бизнесмендерді Әлиевтердің саяжайында ұстауға көмектескен. Дегенмен, сотта оның аты не айыпталушы, не куәгер ретінде аталған жоқ.
Сәтсіз инвестициялар
2015 жылы Асхат Дүйсенов әпкесі Шынармен бірге Астанадағы «Қорғалжын кварталы» тұрғын үй кешенінен алты пәтер алмақ болған. 24 млн теңге төлегенімен, құрылыс тоқтап, пәтерлер тек өткен жылы ғана пайдалануға берілген. Осылайша ол «қылмыстық топ жетекшісінен» алданған үлескерге айналды.
Бұл жылдары оның атына небәрі 11 мың теңге қарызы бар жеке кәсіпкерлік тіркелген. 2025 жылдың қаңтарында Алматыда AT PARTNERS (KZ) ЖШС ашқанымен, компанияның белсенді жұмысы байқалмайды.
Жаңа күдік және қашқын ағасы
Elmedia деректерінше, Асхат Дүйсенов биыл жазда ақша жымқыру және капиталды шетелге шығару ісі бойынша қайтадан қамауға алынған.
Ал оның ағасы, Қайрат Қожамжаровтың сенімді серігі атанған Мақсат Дүйсенов іздеуде жүр. Журналистердің болжамынша, ол дәл осы Дубайдағы пәтерлердің бірінде жасырынуы мүмкін. Себебі көлік прокуратурасының бұрынғы басшысы мұндай мүлікті адал еңбегімен сатып ала қоюы екіталай.