Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:35

Қожайыны ауысқан «Қазақмыс»: Назарбаевтың «әмияны» атанған олигархтар дәуірі аяқталды ма?

Назарбаев пен Владимир Ким
Фото: ашық дереккөз

Жезқазғанның басты кәсіпорны – «Қазақмыс» корпорациясы иелерін ауыстыру процесін бастады.

 Бірнеше жыл елдің тау-кен секторын уысында ұстаған Владимир Ким мен Эдуард Огай өз үлестерін жаңа инвесторға тапсырмақшы. Жаңа қожайын ретінде құрылыс саласының кәсіпкері Нұрлан Артықбаев аталып отыр. Бұл жаңалық сарапшылар арасында түрлі пікір туғызды. Біреулер мұны экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев дәуіріндегі «әмиян» олигархтардың дәурені біткенінің белгісі десе, енді бірі биліктің экономикадағы ықпалын қайта бөлісудің көрінісі деп бағалап жатыр.

Қазақмыс
Фото: ашық дереккөз

«Қазақмыс» жаңа қожайынға өтеді

2025 жылғы желтоқсан айының басында «Қазақмыс» корпорациясы акцияларды жаңа иеленушіге беру жөнінде маңызды келісімге қол қойғанын ресми хабарлады. Компанияның мәлімдеуінше, бұл – кәсіпорын басшысын ауыстыруға жол ашатын келісім. Қазіргі таңда «Қазақмыстың» 70 пайызын миллиардер Владимир Ким, қалған 30 пайызын оның бизнес-серігі Эдуард Огай иелік етеді. Екеуі де осы үлестерін түгелдей сатуға уағдаласып отыр. Жаңа сатып алушының аты хабарламада аталмаса да, бұған дейін белсенді түрде Нұрлан Артықбаев есімі аталған болатын. Енді келісімнің заңды рәсімдері басталып кетті. Компания өкілдері бұл меншік иесін ауыстыру өндіріс жұмысына әсер етпейді деп сендірді.

Мұндай ірі актив иесінің ауысуы қазақ қоғамы үшін елеулі оқиға саналады. «Қазақмыстың» жаңа қожайынға өтуін көптеген сарапшылар елдегі экономикалық күштерді қайта топтастырумен байланыстырады. Тәуелсіздік кезеңінде алып мыс кәсіпорнын жекеменшігіне айналдырған Ким мен Огай биліктің жоғарғы эшелондарымен тығыз байланыста болғаны белгілі. Ал ендігі сатып алушы Нұрлан Артықбаев – кейінгі жылдары ғана аты шыққан жаңа буын бизнесмендерінің бірі. Ресми емес дереккөздерде «Қазақмыс» пен тағы бір ірі тау-кен компаниясы «Қазцинкке» қатысты мәмілелер қатар жүргізіліп жатқаны айтылды. Бұл құбылысты кейбір мамандар Қазақстанда жер қойнауы байлығын жергілікті инвесторларға беру, жаңа бизнес-топтардың ықпалын арттыру саясатының көрінісі деп бағалап отыр. Яғни, жаңа Қазақстан аясында бұрынғы олигархиялық монополияларды әлсіретіп, экономиканы әртараптандыру талпыныстары байқалады.

Владимир Ким мен Эдуард Огай
Владимир Ким мен Эдуард Огай. Фото: ашық дереккөз

Назарбаевтың «әмияны»

Владимир Ким мен Эдуард Огай Қазақстандағы ең бай әрі ықпалды кәсіпкерлердің санатында.

2025 жылғы Forbes Kazakhstan рейтингі бойынша Кимнің байлығы бір жылда 3,6 млрд доллардан 5,7 млрд долларға өсіп, 2,1 млрд долларға көбейген. Бұл көрсеткіш Кимді Forbes-тің әлемдік миллиардерлер тізімінде 620-орынға көтерді. Ким дәулетінің ұлғаюының басты себебі – оның бақылауындағы KAZ Minerals Ltd. және Kazakhmys Holding Limited компанияларының 2023 жылғы рекордты қаржылық көрсеткіштері. Мысалы, 2023 жыл KAZ Minerals кәсіпорны үшін ерекше табысты кезең болды. Сол жылы кәсіпорын 2,156 млрд көлемінде таза пайда тапты. Мұндай деңгейдегі табыс компания тарихындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі саналады. Қазіргі күнде Владимир Ким KAZ Minerals Ltd-тің 63,5 пайызының иесі, Kazakhmys Holding Limited-тің 70 пайыз акционері, «Банк RBK» АҚ-ның 89,79 пайыз иегері саналады.

 

Эдуард Огай – Қазақстандағы ең ірі мыс алпауыттарының бірі. Оның байлығы 761 млн доллар деп бағаланады. Огай Kazakhmys Holding Limited компаниясының тең иесі ретінде «Казақмыс Коуэл» мен «Казақмыс Коппер» акционерлік қоғамдарындағы 30 пайыздық үлеске ие. Бұлар – құрамында «Қазақмыс корпорациясы» бар құрылым. Сонымен қатар ол екі баласымен бірге Абай облысындағы «Қаражыра» көмір кен орнын игеріп жатқан «Қаражыра» АҚ-ның 70 пайызына ие.

 

Бір сөзбен айтқанда, бұл екеуі де «Қазақмыс» иелері ретінде, елдің түсті металлургиясындағы аса ірі активтерді ұстаған акционерлер. Олардың есімдері экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктері ретінде жиі аталады. Бейресми ортада тіпті екеуін Назарбаевтың «әмияны» деп атайтын. Бұл теңеудің сыры – аталмыш олигархтардың Назарбаев пен оның отбасына қаржылық қолдау көрсетіп келгендігінде еді. Мысалы, «Қазақмыс» кейінгі төрт жылда (2018-2021) Назарбаев құрған қорларға 79,4 млрд теңге аударған. Бұл демеуқаржы ресми түрде «әлеуметтік салаға қолдау» деп көрсетіліпті. 2018 жылы «Қазақмыс» 32 млрд теңгені Елбасы қорына аударған. 2019 жылы 12 млрд, 2020 жылы 29,2 млрд теңге сол мақсатта жұмсалған. 2021 жылы тағы 6,2 млрд теңге «бірінші президенттің қорлары» деп сипатталған құрылымдарға жіберілген. Осылайша жекеменшік компания бұрынғы мемлекет басшысының жеке бастамалары мен айналасындағы қорларына тұрақты демеушілік жасағаны қаржылық есептерден анық көрінеді. Владимир Ким мен Эдуард Огай «Қазақмыс» тобының түпкі бенефициарлары ретінде осы шешімдерді тікелей қабылдаған тұлғалар еді. 2022 жылдың өзінде Владимир Ким Forbes журналының «Қазақстанның ең бай 50 бизнесмені» рейтингінде бірінші орын алған (байлығы 5 млрд доллар) болса, Эдуард Огай 14-орында (583 млн) тұрған – бұл да олардың ел экономикасындағы орасан үлесін аңғартады.

Ким мен Огайдың Назарбаев әулетімен байланысы басқа да деректермен расталады. 2023 жылы баспасөзде «Қазақмыс» корпорациясының құны 80 млн доллар тұратын Airbus ACJ TwoTwenty ұшағын сатып алғаны хабарланды. Компания бұл ұшақты «өндіріс қажеттілігі үшін» дегенімен, дәл сол кезеңде «Қазақмысқа» қарасты Жомарт кенішінде апат болып, жеті кенші қаза тапқан еді. Оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызып, депутаттар «Қымбат ұшақ алғанша, өндірістегі қауіпсіздікті неге қамтамасыз етпеді?» деп наразылық білдірді. Расында, тәуелсіздік жылдарында «Қазақмыс» шахталарындағы қайғылы оқиғалар аз емес – кейінгі 15 жылда өндірістік апаттардан 64 адам қаза тапқан. Әлеуметтік жауапкершілігі сын көтермеген компания басшылары сол уақытта қымбат ұшаққа қыруар қаржы шығындағаны қоғамның сынына қалды. Кейіннен БАҚ бетінде бұл ұшақ шын мәнінде жоғары билік өкілдерінің, соның ішінде Назарбаевтардың қажеттілігі үшін сатып алынған болуы мүмкін деген де ақпарат тарады.

Шындығында, бұған ұқсас жағдай алғаш рет емес. 2006 жылы жарияланған құпия аудиожазбаларда президент Назарбаев пен Владимир Ким телефон арқылы жаңа екі ұшақ сатып алу жөнінде сөйлескені баяндалады. Кейін журналистер сауалына жауап берген Ким Назарбаевқа ұшақ сыйлады дегенді жоққа шығарды, бірақ корпорацияның сол жылы ұшақ сатып алғанын көптеген БАҚ жарыса жазды. «Компания өзіне бір ұшақ сатып алған, оны кейін мемлекет президенттік авиацияға сатып алды» деп түсініктеме берді сол кездегі «Қазақмыс» директорлар кеңесінің мүшесі Владимир Ни. Яғни, сыйлық түрінде жасалмаса да, биліктегілерге қажетті әуе кемесін алуға тікелей атсалысқанын олар мойындады деуге болады.

Олигарх Кимнің экс-президент отбасына жасаған тағы бір «қамқорлығы» – шетелдегі жылжымайтын мүлік. Британ басылымдарының зерттеуінше, Владимир Ким Лондонның ең қымбат тұрғын үй кешендерінің бірі One Hyde Park-та кемінде екі пәтерге иелік етеді. Сол пәтерлердің бірінде Назарбаевтың екінші әйелі – Әсел Исабаева екі ұлымен бірге өмір сүретін көрінеді. Тіпті Назарбаев президенттіктен кеткеннен кейін өзі де біраз уақыт дәл сол Кимнің Лондондағы пәтерінде тұрғаны байқалған.

Бұдан бөлек, Қаңтар оқиғасынан кейін Кимнің Лондоннан 39,5 млн долларға үш қабатты пәтер сатып алғаны белгілі болды. Ол бастапқыда АҚШ-қа көшуді жоспарлағанымен, визалық мәселелерге байланысты Лондонда қалған. Оның қызы да Еуропадан бірнеше жылжымайтын мүлік сатып алған. Ал серіктесі Огай Нью-Йорктегі Трамптың көршісі болып үлгерген. The Daily Beast ақпараты бойынша, ол 75 млн долларға Сауд сұлтанының пәтерін, тағы 40 млн долларға Беверли-Хиллзде хоккей жұлдызы Уэйн Грецкидің бұрынғы сарайын сатып алған. Бұл жылжымайтын мүліктердің басым бөлігі Demex атты америкалық компания арқылы алынған.

Жаңа инвестор кім?

Енді «Қазақмысты» қолына алуға дайындалып жатқан Нұрлан Артықбаевқа келсек, ол бұған дейін тау-кен саласында танылмаған тұлға. 49 жастағы Артықбаев – құрылыc және девелопмент бизнесінде аты шыққан кәсіпкер. Ол негізін қалаған Qazaq Stroy және Exclusive Qurylys компаниялар тобы соңғы жылдары Қазақстандағы ірі құрылыс жобаларына қатысып, қарқынды өсім көрсетіп жатыр. Forbes Kazakhstan дерегіне сүйенсек, Нұрлан Артықбаев 2025 жылы елдің ең бай 75 бизнесменінің қатарына еніп, 44-орынға тұрақтады, байлығы 228 млн доллар. Сол жылы ол «Қазақтелеком» компаниясының 9,19% акциясын сатып алған және Ақтөбе футбол клубының жаңа инвесторы атанған. Кей сарапшылар Qazaq Stroy тобын «елдегі ең жылдам өсіп келе жатқан холдингтердің бірі» деп атап, оның ірі мыс кендерін игеруге араласуын заңды қадам ретінде бағалайды.

Дегенмен қоғамда Артықбаевтың «Қазақмысты» сатып алуға қаржылық қауқары жете ме деген сұрақтар да жоқ емес. Forbes бағалауы бойынша оның барлық активтерінің жиынтық нарықтық құны шамамен 228 млн доллар болса, ал «Қазақмыс» тәрізді алпауыттың құны 3,82 млрд долларға бағаланған. Демек, жаңа инвестор бұл мәмілені іске асыру үшін қомақты несиелік ресурстар тартуы немесе мемлекеттік қолдауға сүйенуі ықтимал. Бұл жағдай Қазақстандағы бизнес элитаның ауысу процесінің бір белгісі сияқты көрінеді. «Қазақмысты» ескі Қазақстанға қатысы жоқ жаңа бизнесменнің қолына алуын биліктің ірі шикізат активтерін бұрынғы қожайындарынан «тазалап» жатқанының көрінісі деп түсінетіндер де бар.

қазақмыс
Фото: из открытых источников

Басшының ауысуы жергілікті халыққа әсер ете ме?

Жезқазған өңірі «Қазақмыс» корпорациясына тірек десек, артық емес. Мыс шаһардың мыңдаған тұрғындары осы өндірісте еңбек етеді, қаланың әлеуметтік-экономикалық тынысы компанияға тәуелді. Сондықтан меншік иесінің өзгеруі жергілікті халықтың көңілінде үміт те, алаңдаушылық та қатар ұялатады. Бір жағынан, жаңа инвестор өндірісті жаңғыртып, еңбек қауіпсіздігін күшейтеді деген сенім бар. Өйткені Ким мен Огай басшылық еткен жылдары орын алған апаттар мен жұмысшылар ереуілдері бұл салаға тың өзгерістер керегін көрсетті. Мысалы, 2023 жылғы Жомарт кенішіндегі қайғылы оқиғадан соң кәсіпорын жұмысшылары еңбекті қорғау жағдайын жақсартып, техника паркін жаңартуды талап етіп, бірнеше рет наразылық білдірген. Сол кезде қоғам «Қазақмыс» басшылығын қатаң сынап, үкіметке компанияға толық аудит жүргізіп, тіпті менеджментті ауыстыру қажеттігін ұсынған еді. Аталған талап-тілектер енді іс жүзіне аса бастағандай, шын мәнінде, акционердің ауысуы жоғары менеджменттің де жаңаруына жол ашпақ.

Екінші жағынан, Артықбаев тәрізді жаңа инвестордың аймақтағы әлеуметтік жауапкершілігі қандай болары белгісіз. Бейресми мәліметтер бойынша олигарх Ким мен Огай жыл сайын жергілікті әлеуметтік жобаларға да қаржы бөліп келгенімен (мектеп, аурухана жөндеу, т.б.), бұл шығындар көбіне жария етілмейтін. Ал жаңа қожайын бұл дәстүрді сақтай ма, әлде компания кірісін арттыруды ғана көздей ме – уақыт еншісінде. Мемлекет үшін басты басымдық – өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, жұмысшылардың құқығы мен қауіпсіздігін сақтау болуға тиіс. Бұл ретте, сарапшылар Артықбаевты мемлекет «Қазақмысқа» инвестиция салып, технологиялық жаңғыртуына мүдделі болады деп болжайды. Расында, президент Тоқаев 2022 жылы Жезқазғанға сапары барысында өңірдің дамуын ерекше бақылауда ұстайтынын айтып, «Қазақмыс» басшылығына кеншілердің жағдайын жақсартуға шақырған болатын. Ендеше, жаңа инвесторға артылар қоғамдық және саяси жауапкершілік жүгі ауыр болмақ.

P.S. «Қазақмыстың» жаңа қолға өтуі – Қазақстан экономикасындағы бетбұрысты кезеңнің бір айғағы. Назарбаев дәуірінде тамыр жайған ескі олигархиялық тәртіп біртіндеп ыдырап, оның орнын жаңа ойыншылар басып жатыр. Владимир Ким мен Эдуард Огай сынды экс-президенттің «әмияндары» атанған тұлғалардың ірі активтерден айырылуы – осы үрдістің белгісі іспетті. Әрине, бұл өзгеріс қарапайым халықтың тұрмысына бірден әсер ете қоймасы мүмкін. Дегенмен билік пен бизнестегі мұндай қайта бөліну ұзақ мерзімде елдің саяси-экономикалық бағытын анықтайды. Егер жаңа қожайын өндірісті шынымен жаңғыртып, жұмысшылардың қауіпсіздігін күшейтсе, Жезқазған аймағы ұтады. Керісінше, тек иелердің аты өзгеріп, заты сол қалпында қалуы да ғажап емес. Қалай болғанда да, «Қазақмыс» төңірегіндегі бұл өзгеріс Қазақстанның жаңа кезеңінде қалыптасып жатқан оқиғаның көрінісі ретінде тарихта қалары анық. Ендігі сұрақ – осы жаңа элитаның халық алдындағы жауапкершілігі қандай болмақ? Бұл сауалдың жауабын алдағы жылдар көрсетеді…

Тұрсынбек БАШАР