Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:05, 16 Қараша 2023

Қожықовтар қазынасы

Қожықовтар
Фото: из открытых источников

Ағайынды төрт ұл. Осы төрт ұл қазақ кәсіби өнерінің бастауында тұр. Бір атаның балалары жөнінде кеңірек баяндаймыз. Алдымен төрт ұлды өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірген әке-шешесі жөнінде бірауыз сөз.

Төрт ұлдың әкесі Қоңырқожа Қожықовқа қатысты дерек көп. Себебі алашордашылар тізіміне жататын оның өмірі қат-қабат. Оның үстіне көшіп-қонып жүрген ол әр жерде әртүрлі қызметтер атқарған. Деректерді сығымдап көрелік. Ол әуелі Қызылордадағы қазақ-орыс мектебін, 1900 жылы Ташкенттегі мұғалімдер семинариясын бітірген. Сырдария губерниясында мектеп инспекторы, қазақ-орыс училищесінің меңгерушісі, Түркістан, Ақмешіт, Әндіжан қалаларында оқытушы боп жұмыс істеген. 1912 жылы Орынбор қаласында ол қазақша «Әліппе» оқулығын жазып, жарыққа шығарады. Яғни алғашқы «Әліппенің» авторы ретінде Қоңырқожа Қожықов есімі аталады. Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар Дулатованың естеліктерінде Қоңырқожа мен әйелі Ләтипаға қатысты біраз деректер бар.

Латипа Қожықова
Фото: Латипа Қожықова

Қоңырқожаның Қоқан автономиясында министрлер кеңесінің жауапты хатшысы болғаны да бар. Кейіннен шетелде жүрген Мұстафа Шоқаймен хат алысып, оған қаржылай көмектесіп тұрған. Сол үшін ол қара тізімге ілініп, бірнеше рет қамауға алынған. Мұрағаттық тергеу ісінің бірінде оның өз қолымен ОГПУ басшыларының атына жазған өмірбаяны бар. Онда былай делінген: «Менің үлкен әкем Кенесары Қасымовпен қызметтес болып, кейіннен әскері жеңілген соң, Қызылорда аймағына қоныс аударған. Бұл жерде Қоқан хандығының қысымына шыдай алмай, жергілікті қазақтардың арасында үгіт жүргізіп, қоқандықтарға қарсы көтеріліс ұйымдастырған. Ол сәтсіз аяқталған соң, Бұқара жеріне қашып кетіп, бірнеше жылдар өткен соң Қызылордаға қайта оралып, жеке шаруашылықпен айналысқан. Өз әкем малшы болған адам...» деп, әрмен қарай өз өмірбаянын тізеді. Кейін 1938 жылғы қуғын-сүргінде атылып кетеді.

1925 жыл. Қожықовтар отбасы бұл кезде жас Қазақ Республикасының астанасы Қызылорда қаласында тұратын. Мальков көшесіндегі астаналық Электротеатр ғимаратында Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» пьесасының репетициясы жүріп жатқан. Бәрі жақсы тәрізді еді. Бірақ қоюшылардың көңілінде бір уайым бар. Өйткені премьера күні таяп қалғанымен, Орынбордан спектакльді безендіруге шақырылған суретші әлі келмей жатыр. Сол кезде труппадағы әлдекімнің ойына Ләтипа Қожықова түседі. Демде қолөнершілік талантымен танымал халық өнерпазынан көмек сұралады. Ләтипа жәрдемдесуге келісіп, театрға келеді. Жанында ұлдары Қожахмет пен Құлахмет және алыс ағайыны, ағаш шебері Әбдірәсіл бар. Топ тапсырманы мүлтіксіз орындап шығады. Артистерге қажет киімдерді тігіп, театр шымылдығын, декорация – түгел дайындап шығады.

Ләтипа – Қожахмет, Құлахмет, Нұрахмет пен Сұлтанахметтің анасы еді. Әрмен қарай балаларының қазақ өнеріне қосқан өлшеусіз еңбектерін баяндайық.

Құлахмет Қожықов
Фото: Алматыдағы бұрынғы «Лауреат» үйінде Құлахмет Қожықовтың үйі, 1960 ж. Солдан оңға қарай: АЛЖИР тұтқыны Ф.К. Дивеева, Қожықов Қ. «Қазақфильмнің» қоюшы суретшісі, «халық жауының» ұлы А.Т. Рысқұлова (Исенғұлова) АЛЖИР тұтқыны О.К. Пушкарева – Ж.Досмұхамедовтың әйелі, Т.Рысқұловтың екінші әйелінің әпкесі – Н.К. Пушкарева

Суретші

Қазақ өнертану ғылымы Қожахмет және Құлахмет Қожықовтарды алғашқы қазақстандық суретшілердің біріне жатқызады. Қожахмет Қожықов есімі – Әбілхан Қастеев, Орал Таңсықбаев, Абдолла Тәшкенбаев, Әбдіғали Ташпаев секілді ірі суретшілердің қатарында. Өнердің небір саңлақтарын ежелден-ақ шығарып келе жатқан қазақ даласына бейнелеу өнері кеш келді. Оның себебін айтып жату артық болар. Ал қазақ даласынан шыққан кәсіби суретшілердің алдыңғы легі – жоғарыда көрсетілген тұлғалар.

Қожахмет – Қоңырқожаның тұңғышы. Кейін өмірге Құлахмет келеді. Ағалы-інілі екеуі бала кезінен-ақ саз-балшықтан түрлі бұйымдар жасайды екен. Алайда ол кездегі діни түсінік бойынша айналасындағы адамдар бұл ойындарына қырын қарапты. Соны байқаған әке-шешесі Қожахметті Ферғанада мешіт салып жатқан шеберге көмекші әрі үйренуші ретінде жібереді. Әкесінің демократиялық көзқарасына байланысты көшіп-қонулары да осы кезеңнен басталады. Дегенмен олардың Өзбекстанға қоныс аударуы Қожахмет үшін өте тиімді болды. Орта ғасырдың әлі күнге дейін бұзылмай келе жатқан жауһар сәулет өнерін бала Қожахмет көріп, жадына түйіп өсті.

Көп ұзамай олар қайтадан Қызылордаға оралады. Бұл кезде Қазақстан астанасы Қызылордаға ауысып жатқан сәт болатын. Ташкентте де абыройлы қызметтер атқарып келген Қоңырқожа Қызылорда да қоғамдық-саяси істерге бел шеше кіріседі. Мұғалімдер даярлайтын институт ашуды қолға алады. Қызылордаға Ақмешіт деген атауды ұсынған Қоңырқожа Қожықов еді деген деректер бар. Қазақтарды өз атымен атаудың керегін де осы кісі ұсыныпты.

Құлахмет Қожықов
Фото: Құлахмет Қожықовтың Қыз Жібек фильміне сызған эскиздері

Жаңа астананың мәдени ортасында бұл зиялы отбасы алдыңғы шепте жүрді. Бұл кезде Қожахмет 15 жаста болатын. Оның «Еңлік-Кебек» спектакліне жасаған декорациялары келесі қойылымдарға да жарап жатты. Жас декоратордың еңбегіне сүйсінген Наркомпрос Қожахметті Ташкентке оқуға жібереді. Онда Кеңес өкіметінің шығыс елдері үшін салынған алғашқы көркемсурет училищесі бар еді. Кейін бұл училищеде Орал Таңсықбаев, Абдолла Ташпаевтар білім алды. Мұны бітірген соң елге кеп сәл аялдайды да, Мәскеуге аттанады. Ол жақта дайындық курсын оқиды. Бейнелеу өнерінің мың сан қырымен танысады. Орыстың әйгілі суретшілерімен достасады. Қожахмет бұл кезде бұрын өзіне таңсық болған карикатура жанрына қызығып, соны індете түседі. Карикатурашы боп жұмысқа да орналасып алады. Қалтасы қампайып қалмаса да, әжептәуір еңбекақысы бар оның қала өмірімен еркін танысуға мүмкіндігі болады.

Елге келген соң да беделді қызметтер атқарды. Қазақ драма театрында бас қоюшы суретші болды. Әкесі екеуі суретшілердің басын қосатын ҚазИЗО деген ұйым құрыпты. Алайда осы кезеңде қуғын-сүргін зұлматы басталып, алдымен әкесі, кейін өзі де қамауға алынады. Осы айдаудан ол 6 жылдан соң оралады. Ол күннің уақиғасы да аңызға бергісіз. Есігінің алдына әбден азып-тозған, жұпыны киімде келген оны шешесі әу баста танымайды. Міскін ғой деп үйіне кіргізіп, Құлахметке «оған тамақ берші» депті. Тамақ жеп әлденген соң ғана Қожахмет інісіне қарап: «Сен мені танымадың ба?» дейді. Осы сәтте ғана оның ағасы екеніне көзі жетеді. Қамаудағы 6 жыл Қожахметті әбден ауру қылады. Дегенмен шаңыраққа оралған оның анасы мен інілері ел қатарына қосылуға көп жәрдемдеседі. Жұмысына қажетті кенептер мен бояуларды әкеліп тұрады.

Қазір Бейнелеу өнері ғылымында Қожахмет Қожықов есімі жиі айтылады. Мамандар тарапынан әлдеқашан жоғары бағасы беріліп, алыптар тобына жатқызып қойған. «Ә.Қастеевтің, Ә.Смайыловтың, ағайынды Қожахмет және Құлахмет Қожықовтардың өмірі мен шығармашылығы мәдени дәстүрді жедел түрде қайта бағдарлау кезеңіне тұспа-тұс келді. Осы кезеңде жұмыс істеген суретшілердің шығармашылығы екі жақтық қысымда болды. Бір жағынан реалистік өнерді жасау қажеттілігі тұрса, соцреалистік реализм әдісін жасау да қалыс қалмады, – деп жазады «Қазақ өнерінің тарихы» жинағында.

Қарақалпақ Автономиялық Республикасының музейінде Қожахмет Қожықовтың 14 картинасы сақтаулы екен. Оларды кезінде Орал Таңсықбаев тапсырыпты. Ал Алматыдағы өнер музейінде 9 шығармасы сақтаулы.

Эскизші

Құлахметтің сурет өнеріне ден қоюына ағасының ықпалы зор болған. Ол 1932 жылы Қазақ драма театрының штатына суретші-безендіруші лауазымымен қабылданады. Жоғарыда айтылғандай, сол тұста қазақ театр өнерінің классикасына айналып үлгірген «Еңлік-Кебек» спектаклін безендіру жас Құлахметтің шығармашылық күш-қуаты мен мүмкіндіктерін сынаған алғашқы белес болды. Спектакль 1933 жылы мамырда қайта сахналанады. Оны көрген Мұхтар Әуезов жас суретшінің шығармашылығына оң баға беріпті. «Спектакльді қайта қою кезінде Қазақстанның табиғаты мен тірлік-тынысын өте жетік білетін, халықтық өнердің ерекшеліктерін терең сезінетін суретші Құлахмет Қожықов қойылым үшін жаңа декорация жасады. Живопистік сипаттағы жаңа декорацияда пьесаның ұлттық қасиеті едәуір сәтті берілген. Әсіресе Еңліктің киіз үйінің ішкі көрінісі мұқият ойластыра жасалып, қанық бояулармен бейнеленген: түрлі-түсті кілемдер, ұлттық оюлар айшықтаған шымылдықтар, жібек жастықтардың жиынтығы – осылардың бәрі материяның және кестелердің шынайылығымен көз қуантты», – деп жазыпты сол заманның театр сыншысы.

Құлахмет Қожықов
Фото: из открытых источников

Құлахмет Қожықов театрда жүргенде Абайға байланысты тақырыптарда Семей облысына барып, көптеген мәлімет жинап, сол атмосфераны сезінуге тырысып, үлкен ізденісте болыпты. Ал сахна декорациясын жасауда Абайдың немересін Алматыға ертіп келіп, сонымен ой бөліскен.

Осындай жетістіктерінен кейін Халық Ағарту Комиссариаты оны Мәскеудегі М.Горький атындағы Үлкен Драма театрының студиясына стажировкаға жібереді. Жас суретші оқуымен қатар театр суретшісінің ассистенті болып қызмет атқара жүріп, Ходасевич, Тышлер, Эрмлер сынды тұлғалармен кездесуі оның өнердегі өсуіне үлкен септігін тигізді. Сол үйренгендерін елге келген соң іске асырып, театрда жүріп тәжірибесін шыңдай берді.

Театрдағы қызметін соғыс бел ортасынан үзеді. Соғыс басталғанда алғашында өз еркімен майданға аттанады. Бірақ 1941 жылдың соңына қарай оны үкіметтің арнайы декреті бойынша кері шақыртады. Себебі 1941 жылы қарашада құрылған және Киностудиялардың біріктірілген орталығының құрамына (ЦОСК) енген Алматы көркем фильмдер киностудиясында еңбек ету үшін елде суретшілер қат еді. Соғыс уақытында Алматы Кеңес өкіметінің мәдени орталығына айналғаны белгілі. Ресейдің күллі зиялы қауымы Алматыға қоныс аударды. Кинематография орталығы да осында ауысты. Киноорталықтың жетекшісі – кеңестік кино өнерінің майталманы Сергей Эйзенштейн еді. Құлахмет Қожықов әйгілі шебердің жанында жүріп, тәжірибесін шыңдай түсті. Бұдан кейін ол «Иван Грозный» фильмінің суретшісі болады. Одан соң «Алып туралы жыр», «Жамбыл», «Абай әндері», «Домбыра үні» фильмдерінде суретші болды. «Қазақфильм» киностудиясы құрылған соң «Менің атым Қожа», «Біз Жетісуданбыз», «Қорытпа», «Атамекен», «Гауһартас», «Алдаркөсе» фильмдерінің суретшісі болды. Осылайша қазақ кино өнерінің бастауында Құлахмет Қожықов та өз есімін қалдырды. Қазақ даласына енді ғана келген кино өнерін өркендетіп әкету оңай емес. Кино түсірілмес бұрын бәрі де алдымен қағазға түседі. Яғни қоюшы суретші – фильмнің қағаздағы режиссері. Тіпті алғашқы режиссері деуге болады. Сондықтан жоғарыда аталған фильмдердің әрбіріне Құлахмет Қожықовтың тигізген еңбегі ұшан-теңіз. Мәселен, «Біз Жетісуданбыз» фильмін түсірмес бұрын Құлахмет Жетісу өңірін түгел шарлап шыққан дейді естеліктерде.

Осындай тәжірибеден соң 1967 жылы Құлахмет інісі Сұлтанахмет екеуі «Қыз жібек» фильміне кіріседі. Алайда Құлахмет кейбір себептерге байланысты фильмнің дайындық кезеңіне ғана қатысқан. «Қыз Жібекке» жасаған эскиздері жеке мұрағатында, Алматыдағы өнер музейінде сақтаулы тұр. Кейінірек ол кітап графикасы саласына ойысады. «Қазақтың мемлекеттік әдеби баспасының» бас суретшісі болды. Әсіресе Абайдың жинақтарын иллюстрациялау үшін көп тер төккен. Оның алдында «Абай» пьесасын сахналауда еткен еңбегі одан әрмен тереңдете түссе керек. Қазір Полиграфия саласы да Құлахмет Қожықов есімін зор құрметпен атайды.

Құлахмет 1957 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесіне хат жазады. Онда былай дейді: «Республикада мамандандырылған мұражай жасау қажеттігі пісіп-жетілгелі көп болды. Бұл мұражай халық шеберлерінің шығармаларын жинақтаумен, сақтаумен және оларды елге танытумен шұғылданған болар еді». Бұдан кейін 1970 жылы Алматыда Республикалық халықтық-қолданбалы өнер мұражайы ашылады да, Құлахмет Қожықов оның алғашқы директоры боп тағайындалып, өмірінің соңына дейін сонда қызмет етеді.

Мүсінші

Ағайынды Қожықовтардың ішінде дерегі аз – Нұрахмет. Оның белгілі мүсінші болғаны және скульптура мен монументалистика жанрларында жасаған еңбектері Қазақстанның түкпір-түкпірінде бары айтылады. Дегенмен ерекше есте қалатын оқиға – Отан қорғаушыларға арналған монументте анасы Ләтипаның бейнесін сомдағаны. Соғыстан жаралы оралған ол өмірінің соңына дейін төсекке таңылыпты.

Нұрахмет Қожықовқа қатысты бір дерек – соғысқа дейін ол опера және балет театрында биші боп қызмет атқарған. Алайда ол театрға қатысты деректерде Нұрахмет есімі кездеспейді.

Құлахмет Қожықов
Фото: из открытых источников

Кинорежиссер

Сұлтанахмет – өнерлі төрт ұлдың кенжесі. Ол да алдымен көркемсуретпен айналысқан. Үш ағасының бойындағы өнер оған да қызық болғаны анық. Бірақ Қожахмет пен Құлахмет ағалары оны кино өнеріне қарай икемдейді. Мәскеудегі үлкен өнер ордасын көріп келген олар кино өнерінің болашағын сезген де болар.

Сұлтанахмет майданға 18 жасында аттаныпты. Соғыстан оралған соң мерзімді басылымдарда карикатуралар мен саяси тақырыптағы суреттерін жариялап тұрған. Кейін Бүкілодақтық мемлекеттік кинематографиялық институтының Довженко шеберханасында білім алған. Елге келген соң кино өнеріне білек сыбана кірісіп кетеді. Алғашқы фильмдері – «Ана мен бала», «Біз Жетісуданбыз».

Сұлтанахметтің атын аспандатқан, сөз жоқ, «Қыз Жібек» фильмі. Біз бүгінде қазақтың інжу-маржаны ретінде осы фильмді күллі әлемге мақтана көрсете аламыз. Алайда ол фильмнің өмірге келуі оңай болмаған. Кеңес өкіметінің солақай идеологиясының кесірінен кесіліп-қырқылып, режиссердің жүрегін тілімдеп барып өмірге келген. Оның сыртында қаражаттың жетіспеушілігі де түсірілім тобын біраз титықтатқан. Себебі «Қыз Жібек» – қазақ тілінде түсірілген тұңғыш фильм. Осы фильмнің композиторы болған Нұрғиса Тілендиев режиссер досы туралы былай депті:

«Ол қазақ халқының дастандарын, тарихын және еліміздің бостандығы үшін күрескен азаматтардың тағдырын арқау қылып, бірнеше сериялы кино түсіруді армандаушы еді. Соның көбіне жете алмаса да, бір «Қыз Жібек» киносымен әлемге қазақтың атын шығарып кетті. «Қыз Жібектің» бірінші сериясы біткен кезде жүрек ауруына шалдығып, инфаркт бола жаздап еді. Екінші серияны бітіргеннен кейін ауруы асқынып, ауруханада ұзақ жатып қалды. Қатты ауырғанына қарамай, Қажымұқан бабамызды кино тарихында қалдыру үшін «Батырлар достығы» атты фильмін түсірді. Осы кинодан кейін жүректен кетті. Қайран Сұлтан, көп армандарын орындай алмады. Елі үшін, елінің болашағы үшін жанын сала еңбек ете жүріп өмірден өтті...»

Сәуле Қожықова
Фото: из открытых источников

Міне, ағайынды Қожықовтардың қазаққа салған олжасы осындай. Сөз соңында осы төрт суреткердің еңбегін насихаттап, қазақ өнерінің қазынасын тың деректермен толықтырып жүрген Сәуле Қожықованың есімін атай кеткен жөн деп есептеймін. Ол – Құлахмет Қожықовтың қызы. Оның еңбектеріне қарап отырып «Қожықовтардың шырақшысы» деуге болатындай.

Асылан ТІЛЕГЕН