Креативті индустрия – экономикаға пайда әкелетін сала
Жаңа технология дамыған сайын жаңа атаулар мен идеялар пайда бола бастайды. Соның бірі – кең ауқымға ие креативті индустрияның Қазақстандағы даму деңгейі қалай?
Баз біреулер жаһандық өмірде экономиканың басты құралы шикізат деуі мүмкін. Бірақ одан да құнды дүние бар, ол – идея. Бүгінде әлем елдерінің даму жолын зияткерлік еңбек пен шығармашылық қабілетке бағытталған креативті индустрия айқындап отырғаны белгілі. Әрине, бұл үрдістен ешбір ел қалыс қалмақ емес.
Креативті индустрия – кино, дизайн, музыка, анимация, IT, медиа, жарнама бағытын қамтиды. Бұл адамның ойы мен қиялының да табысқа жетелеп, экономиканың жаңа моделі бола алатынын айғақтайды. Бұл индустрия соңғы заманауи технологияның дамуымен бірге пайда болды. Әсіресе жастар арасында жаңа салаға деген қызығушылық артып, шығармашылық кәсіпке айналдыра бастады. Нәтижесінде, кейінгі жылдары елімізде кино өндірісінің тамырына қан жүгіріп, цифрлық платформаларда музыкалық өнім түрлері көбейді. Ал креативті индустрия өнімдерінің кең таралуына әлеуметтік желі мен онлайн сервис қызметі айтарлықтай үлес қосып жатқанын айта кеткен жөн.
Дегенмен бұл бағыттың құлашын кең сермеуіне кедергі тигізетін түйткіл де жоқ емес. Ол – бүгінде еліміздің біраз саласының кежегесін кері тартып тұрған инфрақұрылым мәселесі мен қаржылық қолдаудың жеткіліксіздігі. Мұның салдарынан кейде кәсіби түсірілім алаңы табылмайды, бар болғанның өзінде қомақты ақша талап етеді. Одан бөлек креативті индустрия саласында әркім бақ сынауға мүмкіндігі бар десек те, авторлық құқықты қорғау және зияткерлік меншік иесін анықтау жайы қалыс қалып отыр.
Бұл тұрғыда мәдени және креативті экономика саласының сарапшысы Әсел Жақыпова елімізде осы саланы дамытуға қолайлы орта мен мамандар өсіп келе жатқанмен осы мүмкіндікті толық игеру үшін жүйелі түрде қолдаудың жетіспейтіндігін алға тартады.
«Қазір өмір сүру дағдысының өзі креативті идеядан тұратын болды. Осы бағытта білім алып жатқан талантты жастар көп. Олардың тұла бойы тұнып тұрған идея. Алайда креативті индустрияның дамуына қатысты қандай да бір нақты жоба мен экожүйе қажет. Өздігінен ештеңе ілгері жылжымайды. Атап айтқанда, білім беру, құқықтық қорғану, қаржыландыру және нарыққа шығып табыс табу жағы толыққанды шешімін табуы тиіс. Бүгінде осы тетіктер бір-бірімен үйлесіп, бір қарқында жұмыс істемейді. Сондықтан креативті индустрияны дамытып, қандай да бір пайда әкелсін десек, кәдімгі экономикалық стратегия құру керек», – дейді креативті сала сарапшысы.
Шыны керек, әлем елдері бұл салаға едәуір қаржы құйып, жалпы ішкі өнімнің маңызды бөлігі ретінде қарастырады. Оны дамытуға бізде әлеует жеткілікті. Бір өкініштісі, мемлекет оң қабақ танытып, жеке серіктестікпен тығыз қарым-қатынаста байланыс орнатуы тиіс.
Елімізде креативті білім беру мәселесі қалай жүзеге асып жатыр, Арнайы жоғары оқу орындары бар ма, әлде қосымша сабақ ретінде жүргізіле ме? Осы тұрғыда сарапшы шығармашылық мамандықтарды оқыту жүйесіне тың өзгеріс қажет екенін, оқу жүйесін заманауи талапқа сай бағдарлау керектігін тілге тиек етті. Себебі бұл – жастардың өзін көрсетуге, өзін жүзеге асыруға таптырмас алаң.
«Әрине, креативті индустрияны алға талантты жастар жетелейді. Десек те, талантты адам жаңа технологиясыз ештеңе істей алмайды. Сондықтан шығармашылықтағы ізденісті дамытудан бөлек, цифрлық құралдар арқылы маркетингті, кәсіпкерлік саланың бүге-шігесін үйрету маңыздырақ. Егер бағыт айқын болса, жаңа жұмыс орындары ашылып, қазақ елінің имиджі қалыптаса береді», – дейді Әсел Жақыпова.
Тағы бір мәселе – креативті орталықтардың ірі қалаларда ғана емес, аймақтарда да ашылуын қамтамасыз ету. Әр өңір жергілікті мәдени ерекшелігін, бірегей мәдени кодын пайдаланып, ұлттық құндылыққа негізделген дүниелерді жаңа үлгідегі форматта ұсыну.
Бұл саланы экономикаға қаржы әкелетін табысты жүйе деп санау керек. Әлемде дизайн, кино, музыка, ойын индустриясы, цифрлық контент жасау тармағы қыруар пайда әкеледі. Осы орайда креативті өнім өндіріп жүрген мамандарға қолдау білдіріп, оны сатуға қолұшын созу керек. Креативті индустрияны соңғы жылдары туризммен бірге дамыту көзделгелі бері түрлі этнофестиваль шарасы ұйымдастырылып, оның аясында ұлттық дәстүр қайта жаңғырып, қолдан жасалған бұйымдар мен әшекей заттар жеке бренд болып қалыптасты. Яғни креативті индустрия – табыс табудың кілтіне айналып келеді.
Жігер Әшім