Кредит әкеңе киллер жалдатады

Осыдан бір жарым ай бұрын Астанада қару ұстаған ер азамат «Каспий» банктің ғимаратына басып кіріп, банк қызметкерлерін кепілге алды.
Оның банктің активтерін мүгедек балалар мен тұрмысы төмен отбасыларға аударуды талап еткені айтылды. Оқиға орнына ішкі істер министріне дейін келіп, келіссөз жүргізді. Абырой болғанда арнаулы жасақтың сәтті жүргізген операциясының нәтижесінде күдікті қолға түсті, ешкім зардап шеккен жоқ… Ал Түркістан облысы Төле би ауданында жас жігіт өзінің туған әкесінің мал-мүлкін иелену үшін оны өлтіруге тапсырыс берген. Осы екі оқиғаның арасында қандай ұқсастық немесе байланыс бар дейтін шығарсыздар? Ендеше, тақырыпты таратыңқырап айтайық.
«Жас Алаштың» қосынына Түркістан облысы Төле би ауданының тұрғыны Мүтәліп Үдербаев келді. Сотталып кеткен ұлы Елдостың тағдырына араша сұрап, көмек берумізді өтінді. Мүтәліптің айтуынша, сот оның ісін қарау барысында тым қаталдық танытқан, мәселені толық зерделемеген. Елдос сот үкімімен 11,3 жылға бас бостандығынан айырылған. Былтыр маусым айында. Үкімді облыстық соттың апелляциялық алқасы өзгеріссіз қалдырған.
Былтыр қаңтарда болған оқиғаның қысқаша мән-жайы мынандай:
Ленгір қаласында тұратын, жас шамасы жиырмалардағы жігіт (сотталған жігіттердің аты-жөндерін атамауды жөн көрдік) мойнындағы бірнеше несиесінен құтылу үшін өзінің әкесін өлтіріп, оның малын және таудағы қорасын иеленуді жоспарлаған. Ол бұл ойын өзі сияқты несиелерін төлей алмай жүрген үш серігіне (соның ішінде Елдосқа) айтып, егер осы істі орындаса, мал мен қораны сатудан түскен ақшамен олардың да кредитін жауып беруге уәде еткен. Жұмыссыз жүрген жастар бұл ұсынысқа келіскен.
Сонымен 2022 жылдың 21 қаңтары күні түнгі сағат үштердің шамасында алдын ала келісім бойынша тапсырыс беруші жігіт әкесін «бір қой өлейін деп жатыр» деп, қораға алып келген. Осы жерде пышақпен қаруланған үш жігіт жан-жақтан тап береді. Бірнеше жерінен пышақталған жәбірленуші қорадан шығып барып құлап түскен. Ал жігіттер оқиға орнына қашып үлгірген. Жерде сұлап жатқан жәбірленуші өзін пышақтаған күдіктілерді таныған, дәлірегі олардың ұлының жолдастары екенін білген. Ол біраз уақыттан кейін орнынан тұрып, әйелін оятқан, жедел жәрдем шақырған. Соттың жасаған тұжырымы бойынша осылайша өзара ұйымдасқан төрт жігіт алға қойған жоспарларын өздеріне қатысты емес мән-жай бойынша аяғына дейін жеткізе алмаған. Үкімде жәбірленушінің тірі қалуы оның шабуыл жасаушыларға табанды қарсылық танытқанымен және жедел жәрдемнің дер кезінде көмек көрсеткенімен түсіндірілген.
– Ұлым Елдос медицина колледжінде оқитын. Соңғы кездері денсаулығына байланысты сабағынан қол үзіп қалған еді. Ол мұндай қылмысқа жолдастарының қорқытуымен барған сияқты. Бір күннен кейін тергеушілер оны үйден алып кетті. Оқиға кезінде жәбірленуші тірі қалды, келтірілген ешқандай материалдық шығын жоқ. Бірақ осыған қарамастан, сот ұлымды «қасақана кісі өлтіру» бабымен соттады. Қазір ұлым қатаң режимдегі түрмеде жазасын өтеп жатыр, – деді арызданушы.
М.Үдербаев бізге сотталған жігіттердің алдын ала тергеу кезінде берген жауапхаттарымен және сот үкімімен таныстырып шықты. Бір қызығы, сот барысында айыпталушылар мұндай ауыр қылмысқа тергеуден бой тасалап, әлі ұсталмай жүрген төртінші жігіттің қысым көрсетуімен барғанын айтыпты. Бірақ олардың бұл уәжіне сенімсіздік білдірген сот үш жігітті 11,3 жылдан бас бостандықтарынан айыруға үкім еткен. Қашып кеткен төртінші жігіт кейінірек ұсталып, кәмелетке толмауына байланысты 5 жылға сотталған көрінеді. Ал жігіттердің алдын ала тергеу кезінде берген жауаптарынан біраз нәрсені байқауға болады? Мәселен...
Заң бойынша адам қасақана кісі өлтірмек болса, бірақ оны өзіне қатысты емес мән-жай бойынша аяғына дейін жеткізе алмаса, ол бәрібір кісі өлтіру бабымен сотталады. Себебі қылмыс адамның ниетіне байланысты сараланады. Ал егер адам қылмысты жасаудан саналы түрде бас тартса, онда бұл үшін жауап бермейді. Сотталушы жігіттер алдын ала тергеу барысында кінәларын мойындаған. Олардың тергеушілерге берген жауабына қарағанда, жәбірленушіні пышақтаған соң, олар оқиға орнынан қашып кеткен.
Бізді өзінің туған әкесін өлтіруге тапсырыс берген жігіттің мойнындағы кредиті көбірек қызықтырды. Сот үкіміне қарағанда, ол «Каспий» банктен 2021 жылдың маусымында – 389 мың теңге, 20 тамызда – 250 мың теңге, арада үш күн өткенде, яғни 23 тамызда – 149 мың теңге, бір аптадан кейін 30 тамызда – 240 мың теңге, жалпы алғанда айналдырған екі айдың ішінде 1 миллион 28 мың теңге несие алған. Оның ешқандай жұмысы болмаған. Ал енді ешқандай табысы жоқ жігітке осыншама несие қалай берілген? Бұл істің ең жұмбақ жері осында болып тұр?
– Студент тұрақты табысы жоқ ұлымның да басында бірнеше кредиті болған. Несиені біреулердің қысымымен алған болуы да мүмкін. Ешқандай табысы жоқ адамға «Каспий» банк кредитті қалай берген? Мен мұны сотта да айттым. Елдос сотталып кеткен соң банктегілер «кредитті төлеңіздер» деп хабарласып жатыр. Несиеге рақымшылық жасау үшін өтініш те бердік. Бірақ ол өтінішіміз қанағаттандырылмады, – дейді М.Үдербаев.
Арызданушының айтуынша, кредиті алу үшін жігіттер банк бөлімшесіне де бармаған. Несиені үстін-үстін онлайн рәсімдей берген. Ал күліп кірген кредиттің талай жанның тағдырын талқандап жатқаны мынау.