Крематорий. Ғимараты бар, заңы жоқ; жоспары үлкен, тапсырысы аз
Осыдан біраз уақыт бұрын «Қазақстанда екі бірдей крематорий салынғалы жатыр, ол кімге керек?» деп, халық бір шулаған. Қоғам тарапынан әртүрлі пікірлер айтылғанына қарамастан қаражат бөлініп, құрылысы да басталып кеткен. Алғашқысы Алматыдағы Алатау ауданында, екіншісі Астанадағы Алматы ауданында бой көтерді. Ғимараттардың салынып жатқанына бірнеше жыл болса да «пайдалануға берілді» деген хабар әлі күнге айтылмай келеді. Пайдалануға берілген күннің өзінде крематорийларға қажеттілік бар ма? Ол қандай ережемен жұмыс істемек?
Алматыдағы крематорийдің құрылысы 2021 жылдың желтоқсанында аяқталып қойған. Бұл жобаға бюджеттен үкімет қаулысымен 1,7 миллиард теңге бөлініпті. Мұнда күніне екі ауысымдық кесте бойынша 23-24 кремация жасалады деп жоспарланған. Бірқатар ішкі және сыртқы инженерлік құрылыстар әлі де салынып жатыр. Алматы қалалық құрылыс басқармасының айтуынша, бұл жұмыстар осы жылдың аяғына дейін бітеді. Алайда олар крематорийдің қашан пайдалануға берілетінін атап көрсете алмады. Себебі ғимаратқа жауапты қалалық паталогоанатомдық бюро екені шешілсе де, мұнда кімдер жұмыс істейтіні, мәйітті кремациялау үшін кімнің рұқсаты, қандай құжаттар керек екені, өртеудің ережесі мен күлді қашан, қалай алу керектігі әлі нақтыланбаған. Сөздерінше, заңнамалық реттеулер, яғни қаржыландыру көзі, функциялық ережелер, кремацияланатын азаматтардың категориялары мен қажетті құжаттар тізімін анықтау құрылысы толық аяқталып, пайдалунға берер кезде жүргізілмек.
Кремацияға мәйіт лайық болғанмен, туыстары көнбейді
Алматыдағы нысан тек мәйітпен қоштасу рәсімін өткізуге арналса, Астанадағы крематорий медициналық мақсаттарды да негізге алған. Крематорий салуға қандай қажеттілік болды деген сұрағымызға Астана қалалық құрылыс басқармасы осылай жауап берді. Бұған дейін Астанада ағзаларға гистологиялық зерттеу жүргізіп, мәйітті зерттеу мақсатында ашатын 32 мемлекеттік, 54 жекеменшік патологоанатомдық бюро жұмыс істеген. Алайда ол ғимараттардың басым бөлігі медициналық ұйымдардың талаптары мен санитарлық ережелерге сәйкес емес.
«Халық саны мен зерттеулерге деген қажеттілік артып келеді. Патологоанатомдық бюроларда көбірек зерттеу жүргізуге мүмкіндік болғанымен, оны жасайтын жаңа кадрларды сыйғыза алмай отырмыз. Штатты кеңейтуге кабинеттер мен лабораториялардың жетіспеушілігі кедергі болғандықтан, жаңа нысан салу жоспарланды. Әрі онда биологиялық және медициналық қалдықтарды утилизациялау қызметі де бар. Нысанның аумағы 2 523 шаршы метрді құрайды», – дейді құрылыс басқармасы.
Иә, крематорий айтылған жерде медицинаның араласуы заңды. Себебі мәйітті өртеу қажеттілігі діни көзқарастардан ғана емес, медициналық қауіпсіздік шараларын сақтаудан да туындауы мүмкін. Өйткені жұқпалылығы жоғары, аса қауіпті инфекциялық аурулардан қайтыс болған адамдардың мәйітін дәстүрлі түрде жерлеуге тыйым салынады. Мұндай жағдайда арнайы санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуына, биоқауіпсіздік ережелерінің сақталуына баса мән беріледі.
«Мәйітті жерлеуде медициналық тыйымдары бар қауіпті инфекцияларға оба, сібір жарасы, туляремия, қырым-конго геморрагиялық қызбасы, бүйрек синдромды геморрагиялық қызба, лептоспироз, бруцеллез, менингококтық инфекция, полиомиелит сынды аурулар жатады. Бұл аурулар Қазақстанда жиі кездеседі, кең таралған. Сондықтан жұғу ықтималдылығы да жоғары. Сәйкесінше, патогендігі жоғары бірінші, екінші топқа жататын инфекциялық аурулардан қайтыс болған адамдарды кремациялау және көму арнайы қатаң талаптарды сақтай отырып, ортақ крематорийларда және ортақ зираттарда жүргізіледі. Егер туыстары келіссе, мәйітті кремациялайды да, күлі салынған урнаны жерлеуге береді. Бірақ бізде діни түсініктерге байланысты кремацияға келісетіндер өте аз. Ондай жағдайда жерлеуден басқа амал жоқ. Соның өзінде қабірдің бүйірлеріне және астына қалыңдығы 10 см болатын дезинфекциялық ұнтақ себіледі. Ал аса қауіпті карантиндік жағдайларда табытсыз көмілетін денені дизинфекциялық ерітінділермен жуындырып, залалсыздандырғыш жағылған матаға немесе киізге орап жерлейді.
Денені әрі-бері тасымалдау медициналық ұйымдардың арнайы транспорттары арқылы жүзеге асады. Оны жеке қорғаныш құралдарымен жабдықталған мамандар тобы тасиды. Мәйіт медициналық мекемелерде целлофан қаптамамен қапталған металл немесе ағаш табыттың ішінде болады. Процестің барлық сатысында дизинфекциялық шаралар жүргізіліп отырады. Ал жерлеу рәсіміне қатысуға тыйым салынған. Кейбір рұқсат берілген жағдайларда жерлеуге қатысқан әрбір адам инкубациялық кезең аралығында медициналық бақылауда болады», – дейді медицина ғылымының кандидаты, эпидемиолог Қарлығаш Әлімханова.
Тапсырыс аз, крематорий кімді өртейді?
Жақсы, крематорий салу үшін медициналық қажеттіліктер бар делік. Бірақ, түптеп келгенде бұл қызметті пайдаланатындар некен-саяқ. Дәрігер айтып өткендей, көпшілік өз туысын жер қойнына тапсыруды жөн көретіні белгілі. Медицинадан тыс, діни көзқарастар негізінде де мәйітті өртеуге асығатындар аз. Мәселен, Қазақстандағы діни рәсімдерді жүргізетін бір орталыққа кремациялау үшін айына небәрі 7-10 тапсырыс түседі екен. Ал мұндай орталықтың Қазақстанда екі-үшеуі ғана бар. Олар кремацияны Ресейдің Новосибирск қаласына апарып жасайды. Хабарласып білсек, қызмет құны 700 мың теңгені құрайды екен. Ал қызметті пайдаланатындар өте аз дейді олар. Сонда сұраныс болмаса бұл екі крематорий не үшін, кім үшін салынып жатыр? Алматы халық санының көбеюі десе, Астана медициналық мақсаттар деуден танбайды. Сонымен, қанша қарсы аргументтер айтылса да, салуын салды, болар іс болды. Бірақ бірі – қазанда, бірі – жылдың аяғында пайдалануға берілгелі отырған крематорийлар жоғарыда айтқанымыздай қандай ережемен жұмыс істейтінін білмейді. Оны тіпті әділет министрлігі де білмей отыр. «Заңнамалық тұрғыда реттелмеген рәсімді жасау үшін крематорийлар қандай ережеге сүйенбек? Заң жобасы жасалып жатыр ма?» деген сауалымызға министрліктің берген жауабы мынадай:
«Қазіргі уақытта крематорийлердің қызметі заңнамалық деңгейде регламенттелмеген. ҚР парламенті мәжілісінің қарауындағы бизнесті жүргізу жөніндегі заң жобасы шеңберінде депутаттар «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарына крематорийлер қызметінің қағидаларын бекіту жөніндегі құзыретті беруді көздейтін түзетулер ұсынды. Бұл түзетулер крематорийлер жөніндегі уәкілетті орган айқындалғаннан кейін пысықталатын болады. Қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрлігі жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың үлгілік қағидаларын бекітетін уәкілетті орган болып табылады».
Демек, жауапты мекеме белгісіз, заң жобасы жасалмаған. Құзыреттілік кімде екені де «ұсыныс, жоспар» күйі тұр. Бірақ крематорийлар дайын...
Маман пікірі
Әл-Фараби Болатжан, дінтанушы:
Қазақстандағы діни бірлестіктердің көбі жерлеуді жөн көреді
Кремацияға келгенде діндердің көзқарасы мен ұстанымдары әртүрлі. Бірі үзілді-кесілді тыйым салады, екіншісі рұқсат береді, кейбірі нақты біржақты пікір айтпайды, бірақ ерушілерінің арасында жерлеу кең таралған. Ал басқа діндер кремация мәйітпен қоштасудың жалғыз жолы деп есептейді. Мәселен, кремациялау исламдағы жерлеу рәсіміне жат нәрсе. Мұсылмандар қайтыс болған адамның мәйітін жуып, кебінге орап, жерлейді. Құранда Қабыл мен Әбіл мысалында адамды жерлеу керек екендігі анық көрсетілген. Ал яһудилік дінде кремацияға үзілді-кесілді тыйым салынады. Олардың айтуынша, адамның денесін өртеу жанның азабына әкеледі, сондықтан тек жерлеу керек. Мәсіхшілерге келер болсақ, Библияда анық нұсқау болмағандықтан, олардың кремацияға деген көзқарастары әртүрлі, алайда анығы сол, үзілді-кесілді тыйым салынбаған. Негізінен жерлеу әдісі қолданылады. Ал мәйітті өртеп, күлін жерлеу өте сирек кездесетін практика. Православ (ортодокс) шіркеуі болса, кремацияға тыйым салмайды, бірақ қолдамайды да. Олардың дінбасылары мәйітті кремацияламаған абзал дейді. Кремациялаған жағдайда күлін жерлеуді міндеттейді. Сол секілді католик шіркеуі де тыйым салмаған. Дегенмен белгілі бір ережелері бар. Мәселен, мәйіттен қалған күлді шашуға болмайды, оны сауытқа (урна) салу керек, әрі үйге қоймай, католик шіркеуі рұқсат еткен орындарда, ғибадатханаларда сақтау қажет. Ал протестантизм туралы бірауыздан айту қиын, себебі ол конфессияның тармақтары көп. Жалпы алғанда протестантизм кремацияға қарсы емес десе де болады. Кремацияны мәйітпен қоштасудың жалғыз жолы деп есептейтін буддизм және индуизм.
Республикалық дін істері комитетінің мәліметіне сүйенсек, қазір біздің елімізде 18 діни бірлестік тіркелген. Алайда көпшілігі жерлеуді жөн көретіндер. Кремацияға қажеттілік кезек күттірмейтін мәселе деп айта алмас едік. Алайда Ресейдегі қызметке жүгіну қымбат әрі ұзақ болғандықтан, дін өкілдері арасында ішінара қажеттілік те жоқ емес.
Баян Мұратбекқызы