Кремль АҚШ-қа ядролық сынақтарды қайта бастау қаупін ескертті
 
                                        Ресей билігі АҚШ-тың ядролық сынақ жүргізуге дайындалып жатқаны туралы мәлімдемесіне жауап қатты. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей де ядролық қару сынақтарын қайта бастауы мүмкін екенін айтты.
Песковтың айтуынша, қазіргі уақытта әлемде ядролық сынақтарға қатысты мораторий күшінде, бірақ ол бұзылған жағдайда Мәскеу «жағдайға сай әрекет етеді». Ол «Буревестник» деп аталатын ұзақ қашықтықтағы ядролық қозғалтқышы бар қанатты зымыранның сынақтарын «ядролық сынақ» қатарына жатпайтынын атап өтті.
«Бізге қай мемлекеттің ядролық сынақ өткізіп жатқаны белгісіз. Егер “Буревестник” туралы айтар болсақ, ол ядролық сынақ емес. Барлық мемлекет өз қорғаныс жүйесін дамытып жатыр, бұл қалыпты жағдай», — деді Песков.
Ол сондай-ақ президент Владимир Путиннің бұрынғы ескертуін еске салды: егер басқа елдер мораторийді бұзса, Ресей де жауап беруге дайын.
Трамптың мәлімдемесі
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп әлеуметтік желіде Пентагонға ядролық қару сынақтарын бастауға бұйрық бергенін жазды.
«Басқа елдер ядролық сынақ бағдарламасын жүргізіп жатқандықтан, біз де өз сынақтарымызды бастаймыз. Бұл процесс дереу іске қосылады», — деді Трамп.
АҚШ-та толыққанды ядролық жарылыстар 1992 жылдан бері өткізілген жоқ. Вашингтон 1996 жылы қабылданған Ядролық сынақтарды толық тыйым салу туралы шартқа қол қойғанымен, оны ратификацияламаған. Қазір ел тек субкритикалық сынақтар өткізеді — яғни жарылыссыз, жер астында өткізілетін техникалық сынақтар.
Ресейдің жағдайы
КСРО 1990 жылы соңғы ядролық сынағын өткізген. Ресей кейін бұл келісімге қосылып, оны ратификациялаған еді. Алайда 2023 жылы Ресей Федерациясы сынақ келісімінен шықты.
Соңғы уақытта Путин «Буревестник» зымыранын және ядролық энергетикалық қондырғысы бар «Посейдон» суасты аппаратының сынақтары туралы хабарлаған. Бірақ бұл сынақтарда ядролық жарылыс болмаған.
