Кремль Еуропаның Украина бойынша “бейбіт жоспарынан” бас тартты
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковның айтуынша, Кремльге АҚШ ұсынған бастапқы “бейбіт жоспардың” бірқатар тармақтары қолайлы көрінеді. Ал Еуропа елдері әзірлеген ұсыныстар Ресейдің Украинаға қарсы соғысты тоқтату жөніндегі көзқарасына сәйкес келмейді және конструктивті емес деп бағаланды.
Юрий Ушаков 24 қарашада жасаған мәлімдемесінде Мәскеу Еуропа көшбасшылары ұсынған жаңа жоспарды “конструктивті емес және Ресей ұстанымына сәйкес келмейді” деп санайтынын айтты. Оның сөзінше, ақпараттық кеңістікте айналып жүрген көптеген “бейбіт жоспарлар” туралы қауесеттерге сену қиын.
“Украина бойынша бейбіт жоспарға қатысты көптеген алыпқашпа әңгіме бар. Ресей Федерациясы тек АҚШ-тан тікелей алынған ақпаратқа сенеді”, - деді Ушаков ТАСС агенттігіне.
Ол АҚШ әзірлеген құжаттың бір нұсқасымен Мәскеудің таныс екенін, бірақ ол бойынша ресми келіссөздер жүргізілмегенін атап өтті. Сондай-ақ Ушаков АҚШ-тың Аляскада талқылаған жоспарындағы көптеген тармақтар Ресей үшін “қабылдауға болатын” екенін айтты.
Вашингтон жақын күндері Мәскеуге қайта хабарласады
Ушаковтың айтуынша, АҚШ алдағы уақытта жоспардың нақты тұстарын талқылау үшін Ресеймен байланысқа шығуы мүмкін, алайда әзірге нақты келісімдер жоқ.
Ол Украинаны да, Еуропаны да келіссөз жүргізушілер ретінде атамады.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт мәлімдегендей, жаңартылған жоспар Ресейге қайта ұсынылуы тиіс, ал АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің кездесуі осы аптада жоспарланбаған.
Трамп бұған дейін 27 қарашаны бейбіт келісімге қол қоюға ықтимал мерзім ретінде атаған болатын.
Украина мен АҚШ өкілдері 24 қарашаға қараған түні Женевада өткен кездесуде “тиімді келіссөздер” жүргізілгенін хабарлады. Нәтижесінде Украинада бейбітшілікке қол жеткізуге бағытталған жаңартылған құжат әзірленген.
Келіссөздерден кейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Трамп әкімшілігінің қайта жазылған бейбіт жоспары “жүзеге асу әлеуеті жоғары” екенін атап өтті. Оның айтуынша, Женевадағы талқылау нәтижесінде “базалық құжат” пайда болған.
Еуропа өзгерістер ұсынды
DPA агенттігінің хабарлауынша, Еуропа елдерінің ұсыныстары АҚШ жоспарына енгізілетін бірқатар тармақтарды Киевтің пайдасына айтарлықтай жұмсартуды көздейді. Financial Times және The Washington Post басылымдарының жазуынша:
- АҚШ жоспары 28 тармақтан 19 тармаққа қысқарған,
- өзгерістер Женевадағы келіссөздерден кейін енгізілген.
Қандай тармақтардың алынып тасталғаны әзірге жарияланған жоқ. WP дереккөздері құжаттың соңғы нұсқасы әлі толық келісілмегенін атап өткен.
Журналистердің айтуынша, әзірленіп жатқан құжаттың негізінде Еуропаның ұсыныстары емес, Вашингтон ұсынған бастапқы жоспар жатыр.