Кремль Қазақстанның 70-ке жуық ғалымына Ресейге кіруге шектеу қойды

Ресей тарихшы Андрей Грозиннің Қазақстанға кіре алмауына байланысты өз ұстанымын білдірді.
Мемлекеттік дума бұл жағдайды «қабылдауға келмейтін әрі достыққа жат әрекет» деп бағалады. Дегенмен, ресейлік депутаттар соңғы жылдары Ресейге 70-ке жуық қазақстандық ғалымның кіруіне тыйым салынғаны туралы ешқандай пікір білдірмеді.
Ресейдің қара тізіміне енгендердің арасында саясатқа қатысы жоқ, Қазақстанның түрлі университеттерінде еңбек ететін ондаған ғалым бар. Солардың бірі Азаттыққа берген сұхбатында Ресейге сапары кезінде ешқандай түсініктемесіз елден шығарылғанын айтқан. Ғылыми зерттеуге қажет материалдарды жинай алмаған ол және әріптестері мәжбүрлі түрде кері оралуға тура келген.
Тарихшы ғалымдардың бірі аты-жөнін атамауды сұрап, бірнеше жыл бұрын Ресейден қалай шығарылғаны туралы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, әуежайда ұсталып, кейін елге кіруіне тыйым салынғаны жөнінде ресми құжат табысталған. Ғалым Ресейге ғылыми зерттеу жүргізу үшін барғанын айтып, ақыры өз есебінен елге қайтуға мәжбүр болған.
– «Неге мені кіргізбей жатырсыздар?» деп сұрадым. Олар ештеңе түсіндірмеді. ФСБ қызметкерлері: «Сіз өзіңіз де бәрін біліп отырсыз», - деп жауап берді, - дейді зерттеуші.
Тарихшының айтуынша, мұндай жағдайға оның көптеген әріптесі де тап болған.
– Олар Ресейге барады, Мәскеу немесе басқа қалаға жеткен соң: «Келесі рейспен қайтыңыз» деп кері қайтарады. Тыйым салынғандар тізімінде 70-ке жуық қазақстандық ғалым бар, - дейді ол.
Бірқатар ғылыми институт өкілдері Қазақстанның танымал тарихшылары, филологтары және өнертанушыларының Ресейге кіруіне шектеу қойылғанын растады. Қара тізімге Алашорда қозғалысы мен сталиндік қуғын-сүргіндер жайлы еңбектерімен кеңінен танылған 77 жастағы академик Мәмбет Қойгелді де енгізілген.