Кремль мен Вашингтон арасында құпия бизнес келіссөздері жүріп жатыр – WSJ
The Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, Ресей мен АҚШ өкілдері 2025 жылдың ақпанынан бері Украинадағы соғысты тоқтату тақырыбын да қамтитын бейресми және құпия деңгейдегі экономикалық келіссөздер жүргізіп келеді.
Бұл келіссөздерде негізгі рөлді АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Ресей президентінің өкілі, РФ тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев атқарып жатыр.
«Бизнес арқылы бейбітшілік»: Кремльдің жаңа концепциясы
WSJ жазуына қарағанда, Мәскеу Вашингтонға «бизнес арқылы бейбітшілік» формуласына негізделген кеңейтілген стратегия ұсынып отыр. Дмитриев Ресейді АҚШ үшін әскери қатер емес, қайта инвестиция үшін зор мүмкіндік беретін үлкен нарық ретінде көрсетуге тырысуда.
Басылым ақпаратынша, тараптар құпия түрде Ресей экономикасын қайта қалпына келтіруге бағытталған 2 триллион долларлық жоспар талқылап жатыр. Бұл жоспарға сәйкес:
- санкциялар алынғаннан кейін америкалық компаниялар еуропалық бәсекелестерінен бұрын ресейлік активтерге қол жеткізеді;
- АҚШ Ресейдің Еуропада мұздатылған 300 млрд доллар активін бірлескен инвестициялар мен Украина қалпына келтіру жобаларына қолдануы мүмкін.
Дмитриевтің ұсыныстары қандай?
Ресей тарапы АҚШ-қа бірнеше ірі ұсыныс жасаған. Арктикадағы кен орындарын америкалық компаниялармен бірге игеру, Ресей-АҚШ бірлескен ірі инвестициялық қорын құру, Владимир Путиннің «досы» саналатын миллиардерлермен бірлескен жобалар, тіпті Илон Масктың SpaceX компаниясымен Марсқа бірлескен миссия идеясын да көтерген.
WSJ-дың ақпаратына қарағанда, Ресейге салынатын инвестицияларға Ақ үйдің өзі де қызығушылық білдірген.
Америка компаниялары құпия келіссөздерді бастап кеткен
WSJ журналистері көптеген америкалық жеке компаниялар Ресеймен санкциядан кейінгі нарықты бөлісу бойынша жасырын түрде келіссөздер жүргізіп жатқанын анықтаған:
- ExxonMobil мен «Роснефть» «Сахалин-1» жобасына америкалықтардың қайта оралуын Дохада талқылаған;
- Миллиардер Тодд Боэли (Eldridge Industries) «Лукойлдың» санкция салдарынан сатуға шығарылған шетелдік активтеріне қызығушылық білдірген;
- Трамптың жақтасының бірі, кәсіпкер Жентри Бич «Новатэкпен» «Арктик СПГ» жобасы бойынша келіссөз жүргізген;
- Elliott Investment Management Ресей газы өтетін құбырдың бір бөлігін сатып алуды қарастырған;
- Кремльге жақын олигархтар Юрий Ковальчук пен Ротенбергтер америкалықтарға Охота теңізіндегі газ жобалары мен Сібірдегі сирек металдарды игеру концессиясын ұсынған.
Уиткофф: «Бұл – болашақ қақтығыстардың алдын алу»
WSJ-мен сұхбатында Стив Уиткофф:
«Егер біз осының бәрін жүзеге асырып, барлық тарап пайда тапса, бұл болашақ соғыстардан сақтандыратын механизм болады. Себебі бәрі өркендейді», - деген.
Трамп жоспары және қысқартылған нұсқа
Қарашаның соңында Трамп-Путин Дмитриев арқылы әзірленген 28 тармақтан тұратын алғашқы бейбіт жоспар жария болған еді. Онда:
- Ресейдің мұздатылған 100 млрд доллар активін Украина қалпына келтіруге бағыттау;
- АҚШ-тың осы операциядан 50% пайда алуы;
- Ресейдің бірқатар талаптарын орындау қарастырылған.
Кейін Женевадағы келіссөздерден соң құжат 19 тармаққа дейін қысқарған.
Bloomberg дерегінше, жаңа нұсқадан – Украина аумағына қатысты ең даулы тармақтар, НАТО-мен байланысты шектеулер, АҚШ инвестициялары мен мұздатылған активтерді пайдалану туралы бөлімдер алынып тасталған.