Кремль: Путин мен Уиткофф Украина жөнінде ымыраға келе алмады
АҚШ пен Ресей Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі Вашингтон жоспарын талқылады.
Кремльде өткен Путин мен АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф арасындағы келіссөздер шамамен бес сағатқа созылды. Кремльдің хабарлауынша, тараптар әзірге ортақ шешімге келе алған жоқ.
Бес сағаттық жабық келіссөз
3 желтоқсанға қараған түні Мәскеуде Украинадағы соғысты бейбіт жолмен тоқтату мәселесі бойынша маңызды келіссөздер өтті.
Ресей тарапынан келіссөзге президент Владимир Путин, оның көмекшісі Юрий Ушаков және президенттің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев қатысты. АҚШ делегациясында – президент Дональд Трамптың арнайы өкілі Стивен Уиткофф және Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер болды.
Вашингтоннан бес құжат берілген
Кездесу қорытындысы бойынша түсініктеме берген Юрий Ушаковтың айтуынша, келіссөздер барысында Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі бірнеше нұсқа қаралған. АҚШ өздерінің бастапқы «бейбіт жоспарынан» бөлек, Ресейге тағы төрт құжат тапсырған.
Ушаков сөзінше, Владимир Путин Вашингтонның бірқатар ұсыныстарына «сыни, тіпті кей жерінде теріс көзқараста» болғанын жасырмаған. Келіссөзде «нақты аумақтық мәселелер» де талқыланған.
«Әзірге ыортақ шешім табылған жоқ. Дегенмен америкалықтар ұсынған кей ұсыныстарды мүлдем қабылдауға болмайды деуге келмейді – белгілі бір бөліктері талқылауға тұрарлық. Бірақ бізге сәйкес келмейтін тұстар да бар. Сондықтан жұмыс жалғасады», - деді Ушаков.
«Бейбітшілік жақындаған жоқ, бірақ алыстамады да»
Соған қарамастан, Ушаков келіссөзді «пайдалы, конструктивті және мазмұнды» деп атады. Журналистердің «осы кездесуден кейін бейбітшілік жақындады ма, әлде алыстады ма?» деген сұрағына ол былай жауап берді:
«Әлбетте, алыстамады. Бірақ әрі Вашингтонды, әрі Мәскеуді әлі үлкен жұмыс күтіп тұр»,- деді ол.
Ушаковтың айтуынша, кездесу толықтай жабық, құпия форматта өткен. Келіссөздердің нақты мазмұны жарияланбайды. АҚШ делегациясы нәтижелер туралы Дональд Трампқа жеке есеп береді, содан кейін тараптар телефон арқылы қайта байланысуы мүмкін.
Зеленский: «Жеңіл шешім күтіп отырғанымыз жоқ»
Кремльдегі келіссөздермен бір уақытта Украина президенті Владимир Зеленский Telegram-арнасында мәлімдеме жасады. Ол соғысты тоқтату шарттары бойынша «оңай шешімдер» болмайтынын айтып, АҚШ делегациясының Мәскеуден кейін қандай белгі беретінін күтіп отырғанын жеткізді.
«АҚШ делегациясы әуелі бізге есеп бермек. Келесі қадамдар осы сигналдарға байланысты болады», - деді Зеленский.
Ол сондай-ақ жақын уақытта АҚШ өкілдерімен, соның ішінде АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесу мүмкіндігін де жоққа шығармады.