Кремль Путин мен Зеленскийдің кездесуі қашан өтуі мүмкін екенін мәлімдеді

Мұндай кездесу тек делегациялар нақты келісімдерге қол жеткізгеннен кейін ғана жүзеге асуы мүмкін, дейді Мәскеу.
Ресей президенті Владимир Путин мен Украина президенті Владимир Зеленскийдің жеке кездесуі тек екі ел делегациялары нақты нәтижелерге қол жеткізгеннен кейін ғана мүмкін болады. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді.
«Біз мұндай кездесуді делегациялар арасында нақты нәтижеге қол жеткізілген сәтте ғана жүзеге асады деп есептейміз. Бұл кездесу – келіссөздер барысының нәтижесі болуы керек», – деді Песков.
Ресей оқ атуды тоқтату үшін шарттар дайындап жатыр
Песковтің айтуынша, Ресей тарапы атысты тоқтату үшін өз шарттарын әзірлеп жатыр және олар Украина жағына ұсынылатын болады. Бұған дейін ресейлік делегация жетекшісі Владимир Мединский де Мәскеу мен Киев алдағы келіссөзге дейін шарттарды нақты баяндауға келіскенін айтқан.
Украина келесі қадамды мемлекет басшыларының деңгейінде өткізуді қалайды
Стамбұлдағы келіссөздерден кейін Украина делегациясының жетекшісі Рустем Умеров баспасөз мәслихатында келесі қадам – президенттер деңгейіндегі кездесу болуы тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, Украина тарапы мұндай кездесуді ұсынған, ал ресейлік делегация бұл ұсынысты назарға алған.
Зеленский Путинді кездесуге бірнеше рет шақырды
Келіссөздер басталардан бірнеше күн бұрын Украина президенті Владимир Зеленский Түркияда жеке кездесу өткізу туралы ұсынысты бірнеше мәрте қайталаған. Келіссөз басталған күні ол Анкараға барып, тағы да Путинмен кездесуге дайын екенін жеткізді. Алайда Кремль бұл ұсынысқа әлі ресми жауап берген жоқ.