Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:15

Кремль: Үндістан Ресей мұнайын сатып алудан бас тартқаны туралы ресми хабарлаған жоқ

Мұнай Ресей
Фото: REUTERS/Dado Ruvic/Illustration

Кремль Үндістан тарапынан Ресей мұнайын сатып алудан бас тарту жөнінде ешқандай ресми мәлімдеме алмағанын хабарлады.

Бұл туралы 3 ақпан күні Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков АҚШ президентінің мәлімдемесіне қатысты пікір білдіре отырып айтты.

«Бұл мәселеге байланысты Делиден әзірге ешқандай ресми ақпарат түскен жоқ», - деді Песков.

Сонымен қатар, Moody’s рейтинг агенттігінің мәліметінше, соңғы айларда Ресейден Үндістанға жеткізілетін шикі мұнай көлемі азайғанымен, Нью-Делидің ресейлік мұнай импортынан біржола әрі бас тарту ықтималдығы төмен. Reuters келтірген есепте мұндай қадам «Үндістан экономикасының өсуіне кері әсер етуі мүмкін» екені атап өтілген.

Reuters агенттігіне сұхбат берген екі дереккөздің айтуынша, үнді мұнай өңдеу зауыттарына Ресейден келетін мұнай импортын тоқтату үшін өндірісті кезең-кезеңімен қысқартуға белгілі бір уақыт қажет. Қазіргі таңда Үндістан үкіметі мұндай нұсқау берген жоқ.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди онымен әңгіме барысында Ресей мұнайын сатып алуды тоқтатуға келіскенін мәлімдеген еді. Трамптың айтуынша, Үндістан АҚШ-тан және, мүмкін, Венесуэладан мұнай импортын арттыруға дайын.

 Нарендра Моди да X әлеуметтік желісінде АҚШ басшысымен өткен әңгімені «өте жақсы әрі нәтижелі» деп сипаттады. «Екі ірі экономика және әлемдегі ең үлкен демократиялар бірлесе әрекет етсе, бұл халықтарымызға пайда әкеліп, өзара тиімді серіктестікке зор мүмкіндіктер ашады», — деп жазды Моди.

Айта кетейік, өткен қазан айында АҚШ Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізген. Вашингтон бұл шешімді Мәскеудің Украинаға қарсы соғысты тоқтатуға бағытталған бейбіт келіссөздерге жеткілікті дәрежеде мүдделілік танытпағанымен түсіндірген. Санкциялар тізіміне Ресейдің ірі мұнай компаниялары – Роснефть пен Лукойл, сондай-ақ олардың Ресей аумағындағы еншілес кәсіпорындары енгізілген.