Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 09:40

Кремльдегі күтпеген кездесу

Назарбаев пен Путин
Фото: ашы0 дерекк-з

АЭС жобасын кімге беру мәселесі геосаяси маңыз алғаны соншалық, Ресей бұл бәсекеде өз мүмкіндігін жібермеуге барынша тырысып жатыр. 2025 жылғы мамыр айының соңында Ресей президенті Владимир Путин Мәскеуде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу өткізді.

 Кремльдің ресми өкілі Дмитрий Песков «бүгін президент Кремльде Қазақстанның бірінші президенті Н.Назарбаевпен кездесті» деп хабарлады, алайда кездесудің жай-жапсары туралы ақпарат беруден бас тартты. Кейін Кремль Назарбаев пен Путиннің құшақтасып, қол алысқан сәтін көрсететін қысқаша бейне жариялады. Мұндай бейресми жүздесу соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында болған, сондықтан алты айдан кейінгі кездесу сарапшылар арасында түрлі болжамдар туғызды.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, Путин-Назарбаев кездесуінің негізгі тақырыбы – осы АЭС болуы мүмкін. Өйткені «Росатом» қолдан шығып бара жатқан Қазақстан АЭС-і үшін барынша күресіп қалмақ. Ал Назарбаев Мәскеумен тығыз байланыста болған тәжірибелі саясаткер. Тіпті кей байламдарда «Мәскеу АЭС жобасы төңірегінде Нұрсұлтан Назарбаев арқылы Тоқаевқа қысым жасамақ» деген пікірлер айтылды. Әрине, бұл тек болжам. Дегенмен мамандар Кремльдің Астана таңдауының Қытайға қарай ауа бастағанын сезіп, алдын алу үшін осындай дипломатиялық қадамдарға баратынын жоққа шығармайды.

Азаматхан Әміртай
Азаматхан Әміртай. Фото: ашық дереккөз

Бірақ саясаткер Азаматхан Әміртай Назарбаевтың Кремльге баруын былай түсіндіреді:

«Путин оны қабылдау арқылы Қазақстан президентіне манипуляция жасап отыр. Сол арқылы психологиялық қысым көрсетпекші. Назарбаевтың кеңесшілері үлкен геосаяси келісімшарттар орнатылып жатқан кезде мұның соңы ойынға айналып кетпеуі үшін оған түсіндіруі қажет еді. Қазір Назарбаев жай ғана зейнеткер. Путин «пенсионерді» пайдаланып отыр. Бұл біздің ел үшін өте қауіпті. Қоғам Назарбаевта әлі билік бар екен деп ойлап қалады. Әртүрлі манипуляторлар оны жұрт ішінде пайдаланып кетуі мүмкін. Оның соңы іріткіге алып келеді. Бүгінгі таңда осындай үлкен ойын жүріп жатыр. Бірақ Қазақстан егемен ел ретінде көрші елдерге мұндай іріткі салдыруға жол бермеуі керек. Меніңше, Назарбаев АЭС мәселесінен гөрі өзінің туыстарын, байлығын қорғау мәселесімен ғана барды», – дейді саясаткер.

Қайткенде де, Назарбаевтың бұл кездесуі жұрт ішінде әртүрлі пікір тудырды. Қалай болса да, бұл күтпеген кездесу АЭС жобасының айналасындағы геосаяси күрестің көріністерінің бірі ретінде қабылданды. Алайда Назарбаев айналасында пікір көбейіп бара жатқасын 2 маусым күні оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Назарбаевтың Ресейге сапарына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, 29 мамырда өткен бұл сапар жеке әрі бейресми сипатта болған. Экс-президентті Путинмен көпжылдық достық қарым-қатынас байланыстырады. Бұл байланыс лауазымға тәуелді емес. Назарбаев Мәскеуге Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараларға шақырылғанымен, ресми шараларға қатыса алмаған. Сондықтан кейінірек жеке сапармен барған.