Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 28 Ақпан 2025

Криптонарық: Мәдиев заңды жетілдірем дегенше қара нарық 7 есе өсті

Жасұлан Мәдиев
Фото: Жас Алаш коллаж

Елімізде цифрлық активтер нарығын реттейтін арнайы заң 2023 жылы қабылданды. Оған дейін де құралақан емес едік, әуелде бұл мәселе «Ақпараттандыру туралы» заңның ішінде қамтылған.

 Алдыңғы жылы сол өз алдына бөлек сала ретінде қарастырылып, арнайы заң болып бөлініп шықты. Соның нәтижесінде күрделі сала реттеле бастауға тиіс болған. Құзырлы органдар жұмысын үдетіп, заңсыз істеп жатқан криптобиржалар тоқтатылып, қара нарықта айналып жатқан миллиардтаған долларға татитын қаражат ашық алаңға шығып, бүгінде солардың қыруар салығы ел қазынасына құйылып жатуы керек еді. Алайда осы қарапайым шаруа әлі орындалмай келеді.

Соның дәлелі, 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел нарығындағы криптоинвесторлардың 5%-ы ғана ресми сауда алаңдарын пайдаланатынын, қалғаны «сұр» нарықта саудаласып жүргенін айтты. Демек, құзырлы органдар елдегі жағдайды еш түсінбейді, әйтпесе, нарықтың анша-мұнша емес, 95%-ы көзден таса қалар ма еді?! Әлде осы былыққа ашықтан-ашық көз жұмып та отырғаны ма бұл...

Өзбекстан өз нарығын әлдеқашан реттеп қойды

Ең қиыны, бізге осының себебін түсіндіріп беретін біреу болмай тұр. Олай дейтініміз, мәселенің анық-қанығын білуге цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне бірнеше сауал жолдағанбыз. Алдымен, әлгі президент айтқан цифрлық активтер қара нарығының 95%-ға дейін дендеп кеткені қалай? Мемлекеттік осы саладағы саясатын қалыптастырып отырған білдей министрлік неше жылдан бері осыған қалай жол берді? Былайғы кезде қит етсе интернетті бұғаттап, өздері зиянды деп санаған сайт біткенді жауып тастауға шебер министрліктің осындайда ауыз буып қалатыны қалай? Мемлекеттік саясатты қалыптастырып, нарықты реттеуге міндетті басты мекеме, керісінше, тиісті жұмысын істемей, бюджетті талай пайдадан қағып отыр емес пе? Оның орнына не дейтінін қарайық.

«Сарапшылар жүргізген талдау нәтижелері бойынша Қазақстанда цифрлық активтердің астыртын айналымы шынымен де бар» деп бір қояды министрлік бізге берген жауабында. Бұған не дерсіз?! Осы тақырыпта неше мәрте мақала жазып, қоғамда қызу талқы жүріп, талай адам сотты болып, ең ақыры президент айтқаннан кейін ғана шынымен де елімізде криптоактивтердің астыртын айналымы бар екенін біліп, біліп қана қоймай, оны мойындағанының өзіне шүкір дейік!

Енді сол астыртын айналым үлесін азайту мақсатында цифрлық активтер нарығын халықаралық стандарттарға сәйкес реттейтін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіріп жатқандарын айтады. Бірақ қалай жетілдіріп жатыр? Нақты қандай құжат қабылданып, не қарастырылып жатыр? Ол қандай нәтиже береді? Біздің министрліктің оның бәрін ашып айтып беруге зауқы жоқ. Оның орнына стандартты, құр сөзден құралған жаттанды жауаппен қайырған әлдеқайда тиімді, арғы жағын өзің түсініп ал дегендей. «Құрғақ қасық ауыз жыртадының» кері.

Оның орнына АХҚО жағдайды біршама түсіндіріп көрген. Орталықтың жауабына қарағанда, қазіргі үлкен кедергі болып отырғаны, криптобиржалар тек банктермен онлайн жұмыс істейді, яғни қолма-қол ақшамен толтырып сауда жасау амалы әзірге мүмкін емес. Енді сол тұсын жетілдірсе, қара нарықтағылар бұйырса ресми сауда алаңына ағылар деген үміт бар.

Бірақ біз үшін бұл жауап та мардымсыз. Себебі жалпақ елге мәлім әрі көз алдымызда болып жатқан заңсыз биржалардың әрекеті тоқтамай, қара нарықтан құтылмайтынымыз анық. Осыны бізден бұрын Өзбекстан түсінгендей, 2022 жылы жаһандық Binance биржасын бұғаттап тастады. Ал тура бір жыл бұрын, қаңтарда Өзбекстан аумағында лицензиясыз жұмыс істегені үшін 8 мың доллар шамасында айыппұл салды. Тек биыл қаңтардан бастап қана ресми билік орындарымен келісімге келіп, барлық талабын орындап, криптобиржа жұмысын жергілікті заңнамаларымен үйлестіргеннен кейін ғана жұмыс істеуге рұқсат етілді.

Ал Қазақстанның жағдайында осының бірде-бірі орындалмады. Әлемнің әр түкпірінде аты дауға қалып жатқан Binance жаһандық биржасы бізде көрші елдегідей кедергіге ұшыраған жоқ. Тек осыны түсіну үшін биржаның ықпыл-жықпылын біршама түсінуге тура келеді. Мәселен, Binance жаһандық биржасы Қазақстан нарығында ресми жұмыс істеуі үшін АХҚО-дан жергілікті лицензиясын алған. Бізге берген жауабында Binance-тың жергілікті доменмен жұмыс істейтінін, қазір қазақстандық клиенттер үшін бөлінген арнайы секциясы бар екенін айтады. Алайда қазақстандық биржаға тіркеліп, сауда жасағысы келетін адам жаһандық биржаның да құрал-саймандарын қолдана алады. Себебі екі биржа бір платформада жұмыс істейді. Бұл сөзді осыдан біраз бұрын цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев те бізге айтқан болатын. Қарапайым тілмен, АХҚО жаһандық және жергілікті екі биржа үшін бір лицензия беріп отырған болып шығады.

Ал оның қандай зияны бар? Криптоактивтер өте құбылмалы әрі қаупі көп қаржы құралы болғандықтан, оған қатысты заң мен ресми құжаттар талаптарын барынша қатаң ұстануға тура келеді. Әйтпесе, есірткі саудасы, терроризмді қаржыландыру, шетелге қаражат шығару қаупі бар. Сыбайлас жемқорлық дерегі көп тіркелетін Қазақстан жемқорлары үшін бұл, әлбетте, таптырмас құрал екені сөзсіз.

Оның үстіне, криптоактивтердің өзі де бөлінеді. Қарапайым қағаз ақшаның Ұлттық банктен арнайы нөмірлер сериясымен шығып, нарықта сол арқылы қадағаланатыны секілді, криптоактивтер де блокчейн технологиясымен қайдан шығып, кімнің қолынан өткені түгел жазылып тұрады. Тек, осындай мәліметтері жасырын жүретін анонимді криптоактивтер де бар. Ал біз сөз етіп отырған Binance биржасында сондай анонимді криптовалюталар самсап тұр. Биржадағы заң талабы сақталмайтыны, тұтынушылардың жеке деректері мен әмияндарының қауіпсіздігіне кепілдік жоқ екені былай тұрсын, анонимді активтердің саудаланып жатқанының өзі неге тұрады? Сол арқылы түрлі қитұрқы әрекеттің жүріп жатпасына кім кепіл?

Біздің ойымызша, АХҚО басшылары да осыны жақсы түсінеді. Себебі бізге жазған жауабында глобалдық платформалардың өнімдері мен қызметтері, оның ішінде анонимді криптовалюталар Қазақстан аумағында техникалық тұрғыдан қолжетімді болуы мүмкін екенін мойындайды. Сол себепті сауда алаңын таңдағанда мұқият болуға, оның АХҚО-дағы лицензиялық мәртебесін тексеруге және криптовалюта сатып алу үшін лицензиясыз делдалдардың қызметтерін пайдаланбауға шақырады.

Сайып келгенде, біз сынап отырған олқылығын екі ауыз сөзбен растай салудың орнына, ұзын сөзбен шұбатып, бізді шатастыруға тырысқандай әсер қалдырады.

800 млн мен 15 млрд-тың арасы

Енді мына бір деректерге назар аударайық. Криптонарық сарапшысы Дәурен Қарашев Chainalysis халықаралық талдауының мәліметтерін былай келтіреді. Айталық, АХҚО мәліметінше, 2024 жылы цифрлық активтердің жалпы сауда көлемі 800 млн долларды құраған, яғни бұл қаржы орталығының лицензиясын алған ресми биржалардың жиынтық мәліметі.

Алайда блокчейн сараптамасымен айналысатын америкалық Chainalysis фирмасының деректеріне қарасақ, былтырғы ел нарығына сырттан кірген цифрлық активтердің көлемі 15 млрд долларға жеткен. Қайталап айтайық, бұл тек нарығымызға сырттан кірген активтер. Кіріс болған жерде шығыс та бар. Кірген активтер не ақша, не криптоактив түрінде кері қайтуы керек әрі оның да көлемі пара-пар болары сөзсіз. Демек, жалпы сауда көлемін 30 млрд долларға бағалай берсек болады. Естеріңізде болса, осы АҚШ компаниясы елдегі криптоактивтер айналымы 4 млрд доллардан асып түскенін мәлімдегенін бұдан бұрын жазған едік. Бұл жайында газетіміздің 2024 жылғы 1 тамыздағы жазған «Малахов іздеп жүрген құпия қаржы айналымын Мәдиев біледі» атты мақаламызда жазғанбыз.

Ең қызығы, америкалық компанияның мәліметінше, сол сауданың 83%-ы криптобиржалар арқылы жүзеге асқан. Енді есептеп қарасақ, елдегі ресми биржалардағы сауданың көлемі соның 3%-ына да жетпейді. Ал 29 млрд доллардан астам сауда айналымы ресми органдардың бақылауынсыз, ешқандай салықсыз өткен. Ендеше, елімізде осынша заңсыздықтың болғанына, орасан салықтың бюджетке түспеуіне кім кінәлі?

Ендеше, осынша қыруар қаражат қайда айналып жатыр? Кім ол сауданы жүргізіп жатқан? Олар қандай мақсатты көздейді? Оған еш жауап жоқ. Бұл мәселедегі Қаржылық мониторинг агенттігінің берер жауабы белгілі. Олар тек АХҚО қол астына кірген ресми биржаларда заңсыздықтың болмауын қадағалап отырады. Ал одан өзге жаһандық биржалардағы былыққа шамасы жетпейді, өйткені құзыры жетпейді.

Нарықтағы осынша былықты әлемдік компания әшкерелеп беріп отырғанда АХҚО мен Цифрландыру министрлігінің қамсыз отырғаны қалай? Бірақ оны түсіндіре алатын шамасы да жоқ сияқты. Талайдан бергі әбден жаттанды болған жауабын әлі қайталаумен келеді. Ақыры бүгінге дейін осынша заңсыздықтың бәрі жабулы қазан күйінде келген екен, енді президент айтқан сыннан кейін қалай құбыларын көрейік.

Ербол Тұрымбет