«Крышасы» жоқ қазақтар қайтеді?
Қазақстанда жұмысқа қалай орналасуға болады? Пара беріп, тамыр-танысты салып. Басқа жолы қиын.
Рас.
– Жуырда менің танысым АҚШ-тан келді, ол 12 жылдан бері сол жақта тұрады. Сонымен отырып сөйлестік, «сонау АҚШ-та қалай жұмысқа кірдің» деп. Ол 2013 жылы Барак Обама кезінде жұмысқа кірген екен. Ол кезде бір адамның орнына екі мың адам резюме тапсырған. Көп жылдан кейін ол «неге дәл мені жұмысқа алдыңдар» деп сұраса, сол кезде жазған қағаздарын көрсетіпті. Сен жұмысқа кіргенде мына қағазға былай жазыпсың: «тоғызда жұмыс басталса, тоғызға он минут қалғанда келемін, алтыда бітетін болса, алтыдан он минут өткенде жұмыстан кетемін. Жұмысқа жауапкершілікпен қараймын», деп жазғансың. Екіншіден, «бар ынта-ықыласымды, зерде-зейінімді тапсырылған тапсырманы бұлжытпай орындауға ант беремін деп жазған екенсіз. Американы ұстап тұрған осы екі ғана сөз. Жауапкершілік пен беріліп жұмыс істеу. Төрткүл дүниедегі ең білікті де білімді мамандарды біз бүкіл әлемнен ұлтына, түр-түсіне қарамай, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарын жұмысқа қабылдаймыз», депті. Міне, бұл Америка жұмысқа қабылдауда қабілет-қарымыңа, біліміңе, ақыл-парасатыңа қарайды екен. Тамыр-таныс деген әңгіме жоқ, – деп ағынан жарылады тарих ғылымының кандидаты Жұмамұрат Шәмші.
Ал біздің Қазақстанда кеше тағы бір танысымыз министрлікке жұмысқа кірген. Сонда қасына бір кісі келіп, айтады дейді. «Ей, айналайын, жұмысқа кіріпсің ғой, құтты болсын, крышаң кім?», деп сұрапты.
Не жыларыңды, не күлеріңді білмейсің. Әне, Қазақстанда «крышаң кім» дейді екен! Себебі, жайдан-жай бұл елде ешкім ешкімді жұмысқа алмайды!
Тіпті еден жуушы қылып жұмысқа алу үшін сен алдын ала бастығымен келісіп, ақша беріп, откат жасап, жұмысқа тұрасың. Онсыз жұмыс жоқ. Жұмысқа кірген соң бастықтың алдында құрдай жорғалап, айтқанын қылмасаң, тағы да майлы құйрықтан бір теуіп, жұмыстан шығарып жібереді. Міне, біздің отыз жылдағы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрған жүйесі осындай. Қай жерге барсаң да, алдыңнан «Ассалаумағалейкүм» деп, жемқорлық пен парақорлық шығады!
– Осындай жүйемен жүре берсек, біздің «дамыған отыз елдің қатарына кіреміз», «Жаңа Қазақстан», «еститін үкімет» дегеніміздің бәрі далбаса, бос сөз болып қалады. Ақ пен қараның, жақсы мен жаманның ара-жігін қазақ қай заманда болмасын, ажыратқан. Жұмысқа кіру үшін тиянақты, білімді, сенің қабілет-қарымыңды тексеретін комиссия жүйесі бізде мүлдем қалыптаспаған десек болады. Сол себептен өте білімді, ақылды, «Болашақпен» барып оқығандардың тоқсан пайызы сол мемлекеттерде қалып қалады. Мына Қазақстанға келгенімен, жоғарыда отырған «А» корпус, «Б» корпус, министрлік, сот, прокуратура, ұлттық қауіпсіздік қызметі, ішкі істер министрлігінде отырып алғандар жұмысқа алмайды. Ол көкелер отыз жылдан бері не өздері кетпейді, не өздері қатырып жұмыс істей алмайды, не жастарды қабылдамайды жұмысқа, – дейді ғалым.
Сондықтан болар, қазақтың білімді ұл-қыздары басы анау Америкада, соңы Еуропада, құрығанда Түркияда, жер-жерлерде біздің қазақтар шашылып кетті тарыдай. Сол мамандарды біз елге қалай қайтарамыз? Келмейді олар. Өйткені жалақы Қазақстанда мардымсыз, жұмыста құрдай жорғалап жүрмесең, сенің артыңнан адам салып қояды. Басқа да кедергілер тосып тастайды, сосын сені жұмысқа қабылдағаннан кейін сен мәймөңкелеп, бастығыңның алдында басыңды иіп тұрмасаң, жұмыстан шығарып жібереді. Соның барлығын білгеннен кейін қазақ жастары Қазақстанға үлес қосқысы, ат салысқысы келмейді.
«Әкімдерді алайық, ана жерден алып, мына жерге ауыстыра береді, шахмат тақтасындағы сол баяғы фигураларды. Қарағандының ту-талақайын шығарып кеткен әкімді Астанаға әкім қылып қойып жатыр. Астананың әкімі тағы бір жерге кетті. Бейшара Ерболат Досаев 350 миллион ақшаға мұз қалашық қойғалы жатыр екен. Оның қажеті не деп сұрасаң, балаларымыз ойнау керек дейді, қысқы демалыста. Осыдан бірнеше жыл бұрын Павлодар облысының әкімі, Ерлан Арын деген, бір шыршаға 40 миллион теңге жұмсап, оны антикоррупция қызметі ұстап алып, бір жарым жылға түрмеге отырғызды. Сол сияқты жіпке тізгендей тізе берсек, кеше Шымкенттегі әкім желтоқсан айында көшеге гүл егіп жатыр. Оған 25 миллион теңге ақша бөліпті. Ей, көкем-ау, желтоқсан айында гүл екпейді ғой, гүлдің бәрі солып қалмай ма? Әне, сайқымазақ. Қазақстанның «мазақстан» боп қалғанын көзбен көріп, құлағымызбен естідік», – дейді ол.
Тоқетері сол сұрақ, бізде неге жұмысқа тұрған адамның артында «крышасы» болу керек? Демократия қайда, сөз бостандығы қайда?
Кеше Түркияның парламентінде шу шығып, түріктің біреуіне екіншісі айтыпты, сен Американың тыңшысысың деп. Соған анау жұдырық ала жүгіріп, қырғын төбелес боп кетті сол жерде. «Талас-тартыссыз қоғам болмас» дейді. Дауылсыз жауын болмас. Жұмыс тауып беретін Халыққа қызмет көрсету орталығына барсаң, анда бар, мында бар деп ит қылады. Өйткені мардымды жұмыс жоқ. Ақыры қолыңды бір сілтейсің. Айналдырған 20 миллион адамға жұмыс жоқ. Жаман кеңес одағында бәріне жұмыс бар еді. Отыз жылда жеткеніміз – жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық, парақорлық. Оны бәріміз білеміз. Бірақ біреу айта алады, біреу айта алмайды. «Айтарыңды айтып кет, айта алмасаң қайтып кет» деп, қызылордалық ақын Асқар Тоқмағамбетов айтқан. «Айтпағаннан айтқан жақсы, білмегеннен білген жақсы».
– Кезінде бізде Романовская деген орыс әйел депутат болған. Сол кісі айтты: «Қазақстанда откатсыз, тамыр-таныссыз еш мәселе шешілмейді» деп. Тап осы сөзді ол кеңес одағында, 89-шы жылдары айтса, сотталып кететін еді. Жүйе қатал еді. Қазір «әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» жоқ. Біздің ел бетімен, кері кетіп жатыр. Азық-түлік удай қымбат, бағалар күн санап өсіп жатыр. Жанар-жағармай, көлік, баспана сияқты адамның бірінші тұтынатын ең керекті нәрселерінің бәрінің бағасы өсуде. Ал жұмысқа кіру жағы Қазақстанда мынау. Өркениетті елдердің қатарына кіру үшін бізде халықты жұмыспен қамтамасыз ету тетіктері жұмыс істеуі керек. Әйтпесе, біз көштің соңында қаламыз. Қазіргі «Жаңа Қазақстан» деген ұранда не айтылмай жатыр, бірақ іс жүзінде баяғы жартас – сол жартас. Тоқаев кеше үкіметте барлық министрін, әкімқараларын жинап алды, бірақ бәрі баяғы сарын, баяғы сөз. Әлиханға айтты, үкімет басшысына, ол аузы аңқиып отыр, жауап бере алмай. Жалпы, жұмыс істейтін адамдарды тарту керек қой, қабілеті мен қарымына қарап. Ал енді біздегі барлық салаға қарасаңыз, барлық салада жең ұшынан жалғасқан баяғы сыбайлас жемқорлық. Айтпасқа болмас. Ел болатын елдің тірлігі мұндай болмау керек. Ел болатын елде, мысалы, Жапонияда 10 жыл бойы ер балаға отбасында қандай әке болуды үйретеді екен. Қыз балаға қандай ана болу керектігін үйретеді. Ал біз мүлдем басқа сарынға кетіп бара жатырмыз.
Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс қажет. Жұмыспен қамтамасыз ету тетіктерін сөз жүзінде емес, іс жүзінде қалпына келтіруіміз керек. Осыны биліктен қатаң түрде талап етуіміз керек. Қазақстанда әркім, әр маман өз орнында отырғаны дұрыс. Қазақ бекер айтпаған, тауық сойса да қасапшы сойсын деп. Жан дүниемен беріліп, ынта-ықылас, зерде-зейін қойылмай, атқарылған жұмыстан түк шықпайды. Қазақстан дамымайды», – деп күрсінеді Жұмамұрат Шәмші.