Ксенофоб Путиннің дөрекілігі, Тоқаевтың қарымтасы
Украинаға соғыс ашып, бұрынғыдай жер жаһанды емін-еркін шарлаудан қалған Ресей президенті Владимир Путин 9 қараша күні Қазақстанға келіп кетті.
Биыл наурызда халықаралық Гаага соты Путинді тұтқындауға ордер берген соң қазір оның әр сапарына әлем баса назар аударады. Қазақстан Ресей президентінің өзіне қатысты сот шешімі шыққалы бері аяқ басқан үшінші мемлекеті. Бұған дейін Путин Қытайға және Қырғыз Республикасына барып қайтқан. Оның Астанаға сапары несімен есте қалды және Батыс баспасөзі не жазды? Алдымен соны шолып өтейік.
«BACKYARD OF PUTIN»
Қарашаның басында Астанаға Франция президенті Эманнюэль Макрон келіп кеткен кезде америкалық Bloomberg басылымы Қазақстанға қатысты дәл осы тіркесті пайдаланған. Совет Одағы құрамынан шыққан Орталық Азия елдері, соның ішінде, әсіресе Қазақстанды Батыстың беделді басылымдарының «Путиннің арт жақтағы ауласы» (немесе «Путиннің артқы есігі») деп атауға үйірсек болып бара жатса керек. Олай дейтініміз, Астанаға Макронның өкшесін баса бір аптадан соң Ресей президенті келгенде де АҚШ-тың CNBC телеарнасы ресми сайтында Қазақстанды «backyard of Putin» деп жазды. Нақтырақ айтқанда «Батыс Ресейдің көршілерін жағалай бастағанда Путин арт жақтағы ауласын шайқассыз бермейтінін көрсетті» дейді. Тақырыбының өзінен-ақ Қазақстанның өз еркі өзінде, тәуелсіз ел екенімен санаспайтындай сарын сезіле ме, қалай? Бақсақ, бұл тіркесті Батыс журналистерінің аузына Путиннің өзі салыпты. Мұның мәні BBC агенттігі биыл жариялаған «Путин мен Батыстың текетіресі» деректі фильмінде ашылды. 2014 жылы Ресей Қырымға әскер кіргізгенде «бұның халықаралық нормаларды бұзу ғой» деп қоңырау шалған Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронға Путин «Қырым менің арт жақтағы аулам» деп жауап беріпті. Содан бері америкалық, еуропалық басылымдар Совет Одағының құрамынан шыққан және Кремль әлі де күшті ықпалын сақтап отырған елдерге қатысты осы backyard сөзін жиі қолдана бастаған.
Мәселе тақырыбында ғана болса жарасы жеңіл еді. «Кім не жазбай жатыр» деп елеусіз өте шығатын нәрсе. Алайда бар гәп мазмұнында. CNBC мақаласының авторы Холли Эллиатт Орталық Азияға соңғы кезде Қытайдың, АҚШ пен Еуропа алпауыттарының қызығушылығы күрт өскенін, бұны Кремль де жіті бақылап, көріп отырғанын, сылбыр қимылдаса көршілерін өзгелер айналдырып әкетуі мүмкін екенін айтады. Күдіктенетіндей-ақ бар. Соңғы жарты жылда Орталық Азиядағы бес елдің президенттерін Қытайда Си Цзиньпин қонақ қылды, АҚШ-та Джо Байден қабылдады, Германияда канцлер Олаф Шольц пен президент Франк-Вальтер Штайнмайер шайға шақырды. Барғандар да, үйіне қондырып, күткендер де құшақ-құшақ құжаттарға қол қойды. Бесеудің ортасында көзге көбірек түскені Қазақстан. АҚШ пен Еуропа елдерімен, Қытаймен де экономикалық қарым-қатынас, сауда-саттық, тауар айналымы тұрғысынан өзге төрт елді біріктірсе де Қазақстанның бәсі жоғары. Мәселен, Еуропаның Орталық Азияға соңғы 30 жылда құйған инвестициясының 90 пайызы Қазақстанға арналған.
Voice of America («Америка даусы») басылымы Берлиндегі Карнеги орталығының сарапшысы Темур Омаровқа жүгініп, Путиннің Қазақстанға сапарының астарына үңіледі. Омаров та Украинадағы соғыс басталғалы Орталық Азия Батыстың саясаткерлерінің аузына жиі іліге бастағанын айтса да Астана мен Мәскеудің арасы ажырамайтынына тоқтайды. «Батыста – Беларусь, Шығыста – Қытай, Орталық Азияда – Қазақстан Ресейдің ең жақын серіктестері. Бірде бұлай, бірде алай бұрылатын сынды түр көрсеткенімен Қазақстан экономикасы Ресейге қатты тәуелді, сондықтан Астана Мәскеуге сырт қарай алмайды» дейді сарапшы.
Путин мен Тоқаевтың Ақордадағы кездесуін, Батыс елдерінің соңғы кезде Орталық Азияға «ынтызар боп қалғанын» америкалық Foreign Policy журналы австралиялық жазушы Линн О’Доннеллге талқылатады. Ол қазақстандық, шетелдік бірнеше сарапшымен сөйлесіп, мақала соңында «Еуропа Одағы мен Қазақстан визалық режимді жеңілдету мәселесін қарастыра бастады және өткен айда Люксембургте Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлері мен Еуропа Одағының өкілдері кездесіп, санкцияны айналып өту мәселесін пысықтады. Сондықтан Тоқаев Еуропа Одағы, АҚШ пен НАТО елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатам деп бірнеше ортада билесе де, Путиннің аяғын басып кетіп, Украинаның кебін киюі әбден мүмкін» деген қорытынды жасайды.
Путиннің Астанаға сапарын Жапонияның NHK телеарнасы да айналып өтпепті. Амма Хидео есімді шолушысы Орталық Азияны «Ұлы шахмат тақтасы» деп атайды және аймаққа әлемнің алып державалары үнемі көз алартып отыратынын айтады. Оның пікірінше, «Украина сияқты Қазақстанда да этникалық орыс көп әрі Ресеймен мыңдаған шақырымға созылған шекарасы бар. Осы фактордың өзі-ақ Ақорданы Кремльмен үнемі жақсы қарым-қатынаста болуға итермелейді».
Айтпақшы, «Путиннің арт жақтағы ауласы» деген батыс басылымдарының Қазақстанға таққан қоңырауын Кремльдің баспасөз хатшысы «ақымақтық» деп есептейтінін білдірді. Ақордада тұрып өздерінің «Россия» телеарнасына берген сұхбатында Дмитрий Песков екі елдің тең дәрежеде қарым-қатынас жасайтынын, біріне-бірі бұйырып сөйлемейтінін жеткізді.
ПУТИННІҢ КҮРМЕЛГЕН ТІЛІ ҺӘМ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕГЕН ТОҚАЕВ
Ақордадағы кездесуде қазақ президентінің есімін айта алмай, Путиннің тілі тағы күрмелді. Сөйлеп отырып біраз кідірді де «Кемел Жомартович» дегенді әрең айтты. Путиннің Қазақстан президентінің есім-сойын жаттай алмай жүргеніне біраз болған. 2019 жылдан бері кемі 4-5 рет жаңылды. «Ең маңызды стратегиялық серіктес ел» деп өзі жиі айтатын көрші мемлекетті басқарып отырған президенттің есімінен қайта-қайта шатысуы нені білдіреді? Айта кетейік, Путин бұған дейін Қазақстанмен қатар Қырғызстанның да бір емес, екі бірдей президенті Алмазбек Атамбаев пен Сауранбай Жиенбековтің аты-жөнін толық айта алмай, әлеуметтік желіде күлкіге, сынға қалған. Бұл тақырыпта ресейлік Meduza басылымына сұхбат берген орыс журналисі, Ресейдің құпия қызметтерін зерттеуші Андрей Солдатовтың сөзінше, Путиннің адам атынан жаңылуы кездейсоқ емес. Кремль қожасының Орталық Азия президенттері мен Ресей құрамындағы түркі тілді автономиялық республика басшыларының есімінен жиі шатысуын Солдатов «ксенофоб Путиннің дөрекілігі» деп біледі. Сондай-ақ адамның атын ұмытып қалғандай түр көрсету Путиннің сонау «КГБ қабырғасынан бері қолданатын тәсілі» екенін айтады.
Бұл жолы Путинді Қазақстан президенті де «құр қол» жібермеді. Ақордадағы шағын және кең құрамдағы кездесулерден соң екі жақтың делегациясы құжаттарға қол қоюы үшін «мәрмәр залда» (Ақордадағы залдардың бірі) қайта бас қосты. Бұл отырысты Тоқаев қазақша сөйлеп ашты. Көп емес, бірнеше сөйлем ғана айтты. Бұрынғы жүздесулерде тек орысша сөйлесіп еркінсіген орыстар бұндайды күтпесе керек, Путиннің өзі бастап министрлері, хатшылары қостап бәрі құлаққапқа (аудармаға) жүгінуге мәжбүр болды. Тоқаевтың бұл әрекетін сырт көз Ақордада аяқтарын айқастырып, кәстөмдерінің алдын ашып, орындықта шалқайып отырған Ресей билігінің адамдарын Қазақстан президенті бір сілкіп алғандай қабылдады. Әсіресе Путинді сынаушы орыс оппозициясының айызы қанды. Х (бұрынғы твиттер) әлеуметтік желісінде қысқа ғана видеоны бірінен-бірі алып қашып, өз парақтарында бөлісіп, кекетіп, пікір жазып, жырғап қалды. Ресейлік саясаттанушы Аркадий Дубнов телеграм арнасына «Дос саналатын ТМД елдеріне сапарлағанда Путин бұрын-соңды мұндайға кезікпеген. Бәрі үнемі «Үлкен ағаның» тілінде сөйлесетін және бұл «дәстүр» үзілмейтіндей көрінетін. Бірақ постсовет елдері протоколында жазылмаған бұл заңдылыққа жарықшақ түсті. Тоқаев өз сөзін Путин мен оның делегациясына аударма арқылы түсінуге мәжбүрледі» деп жазды. Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі Антон Геращенконың ойынша, «Тоқаевтың бұл әрекеті есімін дұрыс айтпаған Путинге қайтарған қарымтасы». Желідегі қарапайым жұрттың уәжі де осы Геращенко пікірімен үндес шықты.
«АЙ КӨРДІМ АМАН КӨРДІМ»
Ресей президенті Астанаға 9 қараша таң атпай тұрып жетті. Мәртебелі мейманын Нұрсұлтан Назарбаев әуежайында күтіп тұрғанда қазақ басшысы аспаннан айрықша жарқыраған ай мен жұлдыз көріпті. Оны Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордадағы кездесуде Владимир Путинге ежелгі қазақтың «ай көрдім аман көрдім, баяғыдай заман көрдім, ескі ай есірке, жаңа ай жарылқа» деген тәмсілі бойынша жақсылыққа балағанын жеткізді.
Путин Астанаға келердің алдында Қазақстан басшысы ресейлік «Известия», Ресей президенті қазақстандық «Казправдаға» сұхбат берген. Екі президенттің сұхбаттарда атап өткен мәселелері өзара қатты ұқсас шыққан. Көрші елдердің татулығы, сауда-саттық көлемін өсіру, мәдени-тарихи байланыс, орыс тілін дамыту және Қазақстанда АЭС салу. Ақордадағы кездесуде басым бағыттар да осы болды. Қазақстан мен Ресейдің арасындағы тауар айналымы жыл өткен сайын молайып келе жатқаны, мәдени қарым-қатынас та нығая түскені сөз болды. Екі ел аумағынан өткен көлік дәлізі, транзит мәселесі де кеңірек талқыланған. Қазақстанның мұнайы Ресей арқылы Еуропаға, Ресейдің газы мен мұнайы, өзге тауарлары Қазақстан арқылы Қытайға, Орталық Азияның басқа мемлекеттеріне, оның ар жағындағы Иран мен Ауғанстанға кететіні белгілі. Ақорда мәліметінше, Путиннің ресми сапары аясында президенттер екі, олардың жанындағы делегация мүшелері бес құжатқа қол қойған. Тоқаев пен Путин қолтаңба қалдырған ресми екі құжаттың бірі – Қазақстан мен Ресейдің 2024-2026 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары. Екіншісі – ХХІ ғасырдағы тату көршілік туралы құжаттың 10 жылдығына орай бірлескен мәлімдеме. Ал үкімет деңгейіндегі құжаттарда ақпарат алмасу, кеден қызметін жетілдіру, спорт саласындағы ынтымақтастық туралы қағаздар бар. Арасында АЭС туралы ештеңе жоқ. «АЭС керек пе, жоқ па, керек болса оны кім салады?» деп пікірталастырған Қазақстан қоғамында оның кілтін Ресейге тапсыруға қарсылар көп. Кездесуде Тоқаев атом электр станциясын салу мәселесі әлі біржақты шешімін таппағанын айтты, ал Путин шешім шыққан сәтте көмектесуге (станцияны салуға) әрқашан дайын екенін тағы қайталады. АЭС болмағанымен, Ресей үкіметі Қазақстанның Семей, Көкшетау, Өскемен қалаларында үш бірдей ЖЭС (жылу электр станциясы) салуға қол жеткізді. Жалпы, Қазақстан президенті елдегі ЖЭС жартысынан көбі әбден ескіргенін көптен бері айтып келеді. Былтыр Риддердегі апаттан соң жаңа станцияларды салуды жеделдету тапсырылған. Астанадағы келісімдерді Ақорда да, Кремль де жетістік ретінде бағалады.
Таңертеңнен кешке дейін бір күнге жоспарланған сапардан соң Путиннің Астанадан қалай ұшып кеткені белгісіз. Азанда жарқыраған ай мен жұлдыз көріп, ырым еткен қазақ президенті оны әуежайға шығарып салмаған сынды. Ондай ақпарат тарамады. Путиннің алдында ғана бір апта бұрын келіп-кеткен Франция мен Түркия президенттерін Тоқаев ұшаққа өзі апарып мінгізіп жіберген.
Айгүл Баба