«КСРО әлі де бар»: Путиннің кеңесшісі Совет одағы ыдырамады деп мәлімдеді

Ресей президенті Владимир Путиннің көмекшісі Антон Кобяков КСРО-ның ресми түрде тарамағанын, одақ әлі де заңды күшінде деп есептейтінін айтты.
Оның пікірінше, Кеңес Одағын тек оны құрған орган ғана тарата алады. Ал КСРО-ны құрушы орган – Халық депутаттарының съезі оны тарату туралы шешім қабылдамаған.
Кобяковтың бұл мәлімдемесі Ресейдің қазіргі ұстанымымен үндесіп отыр. Ол Украинадағы соғысты халықаралық емес, «ішкі саяси процесс» деп сипаттап, Мәскеудің басқыншылық әрекетін ақтауға тырысты.
Бұл пікір «Граждан СССР» қозғалысының идеясымен де ұқсас. Аталған қозғалыс мүшелері Ресейді мемлекет ретінде мойындамай, өздерін «КСРО азаматымыз» деп есептейді. Олар жеке төлқұжаттар жасап, қазіргі билік құрылымдарын заңсыз деп жариялаған.
Алайда 2022 жылы Ресейдің Әділет министрлігі бұл қозғалысты экстремистік ұйым деп танып, оның қызметіне ресми түрде тыйым салды. Қозғалыс жетекшісі Сергей Тараскин «экстремистік қауымдастық құрғаны» үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Кобяковтың мәлімдемесі әлеуметтік желілер мен саясаттанушылар арасында үлкен резонанс тудырды. Сарапшылардың бір бөлігі бұл пікір Ресей билігінің посткеңестік кеңістіктегі ықпалын күшейтуге бағытталған идеологиялық шабуылының бір бөлігі деп бағалап отыр.