КСРО-ның қолдан ұйымдастырған ашаршылығы

Елімізде 1920-1921 жылдары үлкен ашаршылық болды. «Сырдария облысында (Перовскіде) патша жендеті Гержот деген билік етуде.
Ол тұтас бір халықты – қазақтарды қырғынға ұшыратты. Соның кесірінен 1 миллиондай қазақ аштан өлді. Бұл жерде социалистік декреттер қабылданғанымен, олар іс жүзінде «национализациялау», «конфискелеу» деген сылтаумен жер-жерде малды халықтан зорлықпен тартып алу орын алған», – деп жазған ВЦИК-тің Түркістан істері жөніндегі арнаулы комиссия мүшесі Сафаров «Правда» газетіне («Правда», №133, 20 маусым, 1920 ж.). Бұл бір ғана Сырдария облысында 1920 жылы болған ашаршылық. Ал қалған жеті губерния мен бір уездегі қазақтың шығынын көзге елестетудің өзі жантүршігерлік оқиға.
1921 жылы ашаршылықты көзімен көрген Ахмет Байтұрсынов ұлтын аман сақтап қалудың жолын іздеп, қарсы шара таба алмаған. Өзі бір жыл бұрын мүше болып кірген коммунистік партия миллиондаған бейкүнә жанның қанын жүктегенін көріп, партия қатарынан өз еркімен шығып кеткен. Оны баспасөз бетінде жариялап, кеңестік әкімшілік-билік жүйесінің Қазақ еліндегі жүргізген әділетсіздігін әшкерелеп, дұрыс шешімін табудың жолдарын көрсетуден танбаған. Алашорда үкіметі осы жайлы жиын өткізген. Сонда сол ашаршылықта 1 700 мың қазақ қайтыс болғаны жайлы айтқан (С.Елубай. «Дат», №3, 24.01.2019 ж.).
Жалпы, 1921-22 жылдардағы аштықтың себебі – жаз өте қуаңшылық болып, астық шықпай қалды. Ал қыста малдың 80 пайызы қырылды. Астықты аймақтардан азық-түлік отрядтары құрылып, ауылшаруашылық өнімдерін (астық, мал, түрлі өнімдер) орталыққа зорлықпен әкетті. Ашығушылар 1921 қарашада 1 508 мың адам, 1922 жылғы наурызда 2 303 200 адамға жетті.
Аштыққа індет қосылып, 1922 жылғы маусымда Батыс Қазақстанда ашығушылар мен аурулар көрсеткіші 82 пайызға жетті. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде шекара асып, Қытайда аштықтан қырылғандар жайлы тарихта бар. Ол бөлек тақырып. Ашаршылық пен зорлап ұжымдастырудан қорыққан халық басқа аймақтарға үдере көшті. Демограф Тәтімовтің есебі бойынша 1916-21 жылдар аралығында аштықтан қырылған және оққа ұшқан қазақтардың саны 800 мыңға, ал атамекенінен біржолата көшіп кеткендердің саны 200 мыңға жеткен (М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков, «Тарих тағылымы», А., 1993 ж., 9-бет).
1921 жылдағы ашаршылық салдарынан Одақ бойынша 6 миллион адам өлген деген дерек бар. Мәселен, Башқұртстанда 1921-22 жылдары 421 352 адам және 368 330 бала аштық ауыртпалығынан өлім құшқан. Украина жеріндегі аштық халқының 11 пайызын қамтыған (Табыл Құлияс). Қазақстанда болған аштық мұнымен бітпейді. Қызыл коммунистер жоспарлаған ашаршылық 1931 жылы тағы басталған.
Өткен тарихқа көз жүгіртсек, көптеген келеңсіздіктерден көз сүрінеді. Патшалық Ресей мен Кеңес Одағы кезіндегі бассыздықтар, атап айтқанда қазақтың жерін өз білгендерінше басып алу, көрші мемлекеттерге беріп жіберу, ашаршылықтар, жаппай дайындықсыз коллективтендіру, жазықсыз жазалау, қаптаған «халық жауларын» сұрақсыз ату, Сібірге жер аудару дейсіз бе, әйтеуір, жазалау. Тіпті «халық жауларының әйелдері» деп, жазықсыз аналарды түрмеге отырғызу, сәбилерін жетімдер үйіне өткізіп жіберу, түрмелерді қазақ жеріне орналастырып, Ақмола облысынан АЛЖИР, Қарағанды облысынан КарЛАГ деп дардай ат қойып, қазақ жерін концлагерьге айналдырғанын қалай түсінуге болады?! Қайран қазағым көресіні бір кісідей-ақ көрген ғой, сөйтіп, сондай бассыздыққа амалсыз шыдамдылық танытқан. Шыдамның шегіне шыға бастағанда қолына айыры мен сойылын алып бас көтергені қаншама. Зеңбірек пен пулеметке қарсы келіп қаншама қазағым қырылды десеңші. Осы күнге дейін сол қырылған қазағымның есебін ешкім білмейді. Сондай-ақ қолдан жасалған ашаршылық, яғни геноцид (ұлттық, этникалық, нәсілдік немесе діни топтың өкілдерін қасақана қырып жою.) жылдары қырылған қазақтардың да саны анық емес. Білу мүмкін де емес еді. Ашаршылықтан көз жұмған балалар мен ата-аналарымыздың қолдан жасалған ашаршылық қырғынына және сол туралы Голощекинге 1932 жылы 4 шілдеде жазылған хатқа 89 жыл толады. Осы қырғынды ұйымдастырған және ол жөнінде шындықты тайсалмай ашық жазған бабаларымыз жайлы білуіміз керек және сол жайлы жазылуы тиіс.
Қазақстандағы ашаршылыққа байланысты тарихта әртүрлі көзқарастар бар. Шетелдік зерттеушілер ашаршылықтың басты себебі сол жылдардағы табиғи құрғақшылық пен қазақтардың отырықшы болмағанына меңзейді. Сол кездегі Қазақстанды басқарған Ф.Голощекин де осы пікірді айтып келді. Айта кетер бір нәрсе, осы жылдары егіннің шықпай қалуы және жұттың орын алуы туралы көзқарасты Ф.Голощекиннің өзін ақтау үшін ойлап тапқан сылтауы болатын.
1930-31 жылдардағы күштеп ұжымдастыру да ашаршылыққа өз дәрежесінде ықпалын тигізді. 1925 жылы республика халқының 25 пайызы мал шаруашылығымен айналысып, барлық өнімнің 50 пайызын беретін. 1926 жылы елде 25 миллион 729 мың бас мал болған. Алайда мал басы 1929 жылдан бастап азая бастады. 1929 жылы 39 миллион 394 мың мал болса, 1933 жылы 2 миллион 428 мың бас мал қалған. Мал басының қысқаруына 1929 жылдан бастап шамадан тыс ет дайындау науқаны әсер етті. Ет дайындау науқанының өршіп кетуіне 1929 жылғы 20 желтоқсанда Мәскеудегі орталық комитеттің «Ет проблемасын шешуге байланысты шаралар» атты қаулысы болды. Осы қаулыны басшылыққа алған Мәскеудегі басшылар Мәскеу мен Ленинградты, тағы басқа өндіріс орталықтарын етпен қамтамасыз етуді Қазақстанға тапсырды. 12 қыркүйек 1925 жылы Қазақстанға басшы болып келген Ф.Голощекин бұл тапсырманы шамадан тыс ынтамен орындады. Ол келе салып, екі жарым ай өтпей-ақ «… ауылда шын мәнінде Кеңес өкіметі жоқ, тек байлар мен рулар үстемдігі бар. Сондықтан «Кіші октябрьді жүргізуді қолға алу керек» деген қорытынды шығарды. Сондай-ақ қоғамдық-саяси өмірден қол үзбеген ұлттық интеллигенцияның алғашқы буын өкілдерін «буржуазиялық-ұлтшыл», «алаштық интеллигенция» деп жариялап, соңына түсіп, саяси қудалау және репрессиялық шараларды іске асырды. 1919 жылы Лениннің алаштықтарға амнистия жарияланғанына қарамай, Голощекин олардың артынан ерекше ынтамен қудалауды жалғастыра берді. Соның нәтижесінде 1929 жылғы партиялық тазалау барысында олардың біразы партия қатарынан шығарылып, елден кетуге мәжбүр болды. Олардың осы кезге дейінгі істеген еңбектері есепке алынған жоқ.
Мәселен, А.Кенжин Түрікменстан мен Ресейге, ал Ә.Әлібеков Ташкентке кетіп, ең соңында репрессия шеңгеліне ілікті. 1927-32 жылдары Алаш қозғалысына қатысқан немесе олармен байланысы болды деген 70-тен астам интеллигенция өкілдері сотқа тартылып, түрлі мерзімдерге сотталып, жер аударылды. Голощекиннің айтқанына көніп, айдауына көне бермейтін М.Қожановты орталықпен келісіп, Мәскеудегі коммунистік академия жанындағы марксизм курсына тыңдаушы етіп, өзін ұрып жыққан орталық атқару комитетінің басшысы Жалау Мыңбаевты және С.Сәдуақасов (Халық ағарту комиссары) пен Н.Нұрмақовты (ХКК төрағасы) Сталинге айтып, қызметтерінен біржолата аластатып тынды. Оларға «ауылдағы әлеуметтік-экономикалық қатынастарды өзгертудің революциялық» әдістерін және «жергіліктендіру ісін дұрыс түсінбеді» деп айып тақты. Осындай әрекеттердің нәтижесінде Голощекин өзіне қарсы келетін интеллегенттерден құтылып, ойына келгенін істеді.
Керісінше, Голощекинді қолдаушылар да болды. Мәселен, 1930 жылы маусымда өткен жетінші конференцияда сайлау аяқталған соң, О.Исаев сөз алып: «Мен бір топ жолдастар атынан сөйлеймін. Голощекин жолдастың біздің партия ұйымымыздағы атқарған зор еңбегі ешқандай күдік тудырмайды және оны жоққа шығаруға болмайды» (ду қол шапалақтау). Жолдас Голощекиннің сіңірген зор еңбегін атап өте келіп қаулы қабылдаған. «Барлық еңбектері орыс және қазақ тіліне басып шығарылсын» (қол шапалақтау). Алматы қаласында ұйымдастырылатын коммунистік университетке «Жолдас Голощекин атындағы Қазақ коммунистік университеті» деген атау берілсін (қол шапалақтау).
Конференциядағы осындай сөздерге қарап, жағымпаздар сол кезде де көп болғанын байқауға болады. Амал қанша… Халықтың тұрмысы нашарлап, солақай реформа жалғаса берді. Соның салдарынан халық аштықтан қырыла бастады. «Сол кездегі басшылар биліктің әрекетіне қарсы тұра алмай, Голощекиннің ыңғайына жығылып тұратын. Дегенмен 1932 жылы тамыз айында республика халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Ораз Исаев жағдайдың түзелмей тұрғанын көріп, Сталинге ашыққан халыққа көмек көрсету жайында екінші хатын (бірінші хатты 1932 жылы 11 мамырда жолдаған) жолдайды. Мәселе шешімін таппаған соң, 1933 жылы Сталинге үшінші рет хат жолдап, елімізде орын алған ахуалды толық баяндаған. Хатында Голощекинді кері шақырып алуын талап етеді. Сталин жағдайды толық тексеріп білуге А.Сольц бастаған комиссия жіберген. Қазақстанда асыра сілтеудің анық болғанына көзі жеткен Сталин Голощекинді орнынан алуға мәжбүр болған» (Б.Қойшыбаев, Abaі.kz).
Оған дейін 1932 жылы 7 тамыздағы «социалистік меншікті ұрлағаны» үшін өлім жазасын беру жарлығы (жеңілдетілген жағдайда 10 жыл түрме) пайда болды. Шаруалар атап көрсеткендей, «бес масақ туралы» жарлық бойынша 1932 жылдың тамызынан 1933 жылдың қаңтарына дейін 56 мың адам сотталған. Оның 2000-нан астамы атылған. 1932 жылғы астық дайындау науқаны ауылдардағы астықты толығымен сыпырып алу жолымен өтті. Соның өзінде де жоспар орындалмады. Сол жылы 180 миллион центнер астық дайындалды.
Шетке «небәрі» 18 миллион центнер астық жөнелтті. Енді астықты сығып алу үшін ең жабайы әкімшілік қуғын-сүргін әдістерін қолданып, қисынсыз жоспар тағайындады. Оған мысал – 1932 жылы Сарқант станциясының азаматшасы Мелания Дворникованың М.Калининге жазған хаты. Хатта «… Бізде «Тарас» ұжымында барлық егістік ортақтастырылған. Жиналған ортақ астық жоспар үшін өткізілді. Енді әркімге тағы 15-20 пұтқа дейін салық салады. Жаз бойы колхозда жұмыс істеген адам мұны қайдан алады? Маған әйел ретінде соны түсіндіруіңізді сізден басымды иіп өтінемін. Енді, міне, аш тобыр өздеріне қорек іздеп тентіреп кетті». Еттің жоспарын орындау үшін ақылға сыймайтын жоспар берілді. Сол кезде мемлекеттік жоспарлау мекемесінде қызмет істеген Нұрмұқанбетов: «Менің туған бауырым 12 жыл батырақ болған. Бір сиыры болып, ешқашан егін екпеген. Соған қарамастан, оған бес пұт астық салық салды. Ол сол бес пұт астықты өтеу үшін сиырын сатып, бала-шағасымен мүлде аш қалған. Жоспарды күштеп орындату салдарынан Әулиеата ауданында 1929 жылы болған 500 мың бас малдан 1933 жылы 37 мың бас, Шұбартау ауданында 473 мың бас малдан 783 бас, Павлодар ауданында 330 мың бас малдан 30 мың ғана мал қалған. Ал Сарысу ауданындағы Сарымбаевтың үйіндегі төрт жанда екі түйе, бес қойы болды. Оған өткізуге 80 қой және төрт сиыр міндеттеме берген. Мұндай жағдайлар өте көп болды», – дейді. Көріп отырғанымыздай, мұндай ақылға сыймайтын салық салу жүйесі арнайы тапсырма бойынша қазақтарды аштықтан қыру үшін ұйымдастырылған. Сөйтіп, осылайша ажал оғын сепкен аштық басталды. Ашаршылық екі түрлі болады. Оның біріншісі – стихиялы, қатты құрғақшылық, шегірткеге қарсы дәрменсіз күрес және жойқын су тасқынының болуынан. Ал екіншісі – жоспарлы, қолдан ұйымдастырылып жасалған ашаршылық. Қазақстанда болған ашаршылық осы жоспарлы түрде ұйымдастырылған түріне жатады.
Ұжымдастыру дайындықсыз жүргізілді, халықтан жинап алған малға азық дайындалмай, аштан қырылды, халыққа жейтін астығын қалдырмай, түгелдей жинап алды. Масақ тергендердің алды атылып, арты он жылға сотталды. Осындай қолдан жасалған геноцид 1985 жылға дейін айтылмай, оған тыйым салынды. Ғалым Ахметов айтқандай, «Голощекин енді бір жыл тұрғанда қазақ түгелдей қырылатын еді». Қырылғандар жөнінде деректер көп. Бірақ цифрлар әртүрлі. Мәселен, Қазақстанның санақ басқармасының орынбасары Николай Мацкеевичтің мәліметіне қарасақ, 1933 жылы қысқарған ауыл халқы 1 миллион 70,5 мың адамды құрайды.
Қазақстанның егіншілік халық комиссариатының мәліметтері бойынша 1930-32 жылдары ауыл халқының кемуі 1 миллион 831 441 адам деп көрсетеді. М.Тәтімов пен Ж.Әбілхожин 1 миллион 700 мың десе, Б.Төлепбаев пен В.Осипов 1 миллион 100 мың қазақ өлген дейді.
Енді бір сенімді дерек – М.Саматовтың 1937 жылдың 5 наурызында Л.Мирзоян мен Мәскеудегі өзінің бастығы Кравальға берген мәліметі. Онда әр жылдың 1 маусымындағы салық есептері негізінде Қазақстандағы ауыл халқы санының өзгерістері жөнінде берілген мәлімет еді. Ол мәліметте «1930 жылы 5 873 мың; 1931 жлы 5 114,5 мың; 1933 жылы 2 493,5 мың; 1934 жылы 2 681,8 мың; 1935 жылы 2 926 мың; 1936 жылы 3 287 мың адам болды» деп көрсетілген.
Ашаршылық 1933 жылы да жалғасып, бір жылдың ішінде ауыл халқының кемуі осы мәлімет бойынша 735 500 адамды, ал Н.Мацкеевич көрсеткен мәлімет бойынша 1 070,5 адамды құраған. Сонда 1930-33 жылдардағы аштан қырылу көрсеткіші 2 миллион 200 мың адамнан асып отыр. Ал осы тақырып жайлы жазған Мұхтар Мағауин: «… империя шегіндегі қазақ 1897 жылғы Бүкілресейлік санақ бойынша – 4 миллион 84 мың. Бұдан соңғы 1916 жыл дүрбелеңі, азамат соғысына жалғас қиындықтар бар. Десе де, Алаш жұртының ортасы ойылмаған. Отыз бес жыл орайында екі есе өспегеннің өзінде, кемітіп айтқанда, 5-6 миллионды еркін еңсеруі анық. Осыған орай, мен ғаламат ашаршылық кезінде – 3, әйтпесе 4 миллион халық қазаға ұшырады деп білемін», – деген.
1930-31 жылдар аралығында 1 миллион 70 мың адам Қытай, Иран, Ауғанстан, тағы басқа жаққа көшіп кетті. Солардың 616 мыңы қайтып оралған жоқ.
Аштық кеңінен қамтыған 1932 жылы 4 шілдеде «Бесеудің хаты» болып тарихта қалған хат жазылды. Хат жазушылар Ғ.Мүсірепов, М.Ғатауин, Е.Алтынбеков, М.Дәулетқалиев және Қ.Қуанышевтар жағдайды толық баяндап, Голощекинге хат жазғанымен, олардың өздерін Голощекин «жағдайды асырып айтты» деп қуғынға алады. Хатта асыра сілтеу мен көзбояушылық бар екенін мал басының азайып, ашаршылықтан адамдар өлген фактілердің орын алғанын ашық жазып, тоталитарлық тәртіпке наразылық білдірді. Хат жазуға Ораз Жандосов түрткі болған. Хат мәтінін жазған Ғ.Мүсірепов пен Мұташ Дәулетқалиев болатын. Хатты талқылау Әзімбай Лекеровтың үйінде болды. Онда он екі адам қатысқан. Түрлі және белгісіз себептермен хатқа бесеуі ғана қол қойған.
Осыншама халықты жоспарлы қырғынға ұшыратқан Голощекин кім еді? Ол 1876 жылы 26 ақпанда Куйбышев облысында еврей семьясында туған. Шын аты-жөні – Шая Ицович Исакович. Мамандығы – тіс салушы. Қазақстанға келгенге дейін, 1922 жылғы 23 қазаннан 1925 жылдың қыркүйек айына дейін Самар губернясында істеген. 1918 жылы 16 шілдеде Екатеринбургтегі инженер Ипатовтың үйінде патша ІІ Николайды, әйелі Александра Федоровнаны, 22 жастағы қызы Ольганы, 20 жасар Татьянаны, 18 жасар Марияны, 16 жасар Анастасияны және науқас мұрагер ұлы Алексейді, сонымен бірге күтушілері Боткин, Демидова, Трупп пен аспазшы Харитоновты атуды сот үкімінсіз атуды ұйымдастырған. Оларды атуға дейін Голощекин 4 шілдеде патша мен оның отбасына қатысты арнаулы нұсқау алу үшін Мәскеуге барып, Свердловпен (ол да еврей) кездеседі.
14 шілдеде Екатеринбургке патша отбасын атардың алдында оралады.
Шілденің 16-сы күні кешкі сағат алтыда оларды (барлығы 11 адам) атуға бұйрық беріп орындатады. Мәйіттердің барлық әшекей бұйымдарын шешіп, тонаған. Сонымен, 1618 жылы патшалық тәжін Ипатьевск монастырында киген Романовтар әулетінің Ипатьев үйінде, Ипатьев қақпасында 300 жылдан соң үзілуі кездейсоқтық па? Жоқ. Бұл жаза қай жерде болуы керек екені алдын ала ойластырылған және орталықтан белгіленген. Ең сорақысы – олардың мәйітін Төрт ағайынды шатқалына апарып, ашық шахтаға лақтыра салған. 17 шілде күні таңертең Голощекин оны білген кезде ашуға булығып, «Мәйіттер тек көмілген, бірақ жойылмаған, тез арада жойылуы керек», – деп, күкірт қышқылы мен спирт тапқызады да, өзі барып мәйіттерді шахтадан шығарып, бастарын денелерінен бөліп алған. Денелерін күкірт қышқылымен күйдіріп, спиртпен өртеткен. Бастарын жәшікке салып, бұлтартпас айғақ ретінде Мәскеуге жеткізген. Олар өздерінің істерін жасыру мақсатында 1919 жылдың қыркүйегінде «Патша отбасын өлтіруге қатысты» деген жалған айыппен Пермьде 28 адамды тұтқындап, соттаған. Олардың бесеуі өлім жазасына кесіліп, атылған. Бұл масқара комедия тарихтағы ең үлкен қылмыстан жалтару мақсатында кінәсіз адамдарды өлімге итеріп тастаудан шімірікпейтін большевиктердің шектен тыс арсыздығының тағы бір дәлелі.
1929 жылы желтоқсанда Сталиннің нұсқауымен БК(б) П ОК комиссиясы ұжымдастыру (коллективтендіру) туралы шешімді дайындады. Ол кезде Т.Рысқұловтың тікелей бастығы РСФСР Халком кеңесінің төрағасы С.Сырцов болатын. Сталин мен Сырцовтың нұсқауына сай, Т.Рысқұлов осы дайындалған шешімге түзету енгізді. Онда колхозшының колхоздан шығу құқығы сақталатын ережені ұжымға енген шаруаның ұсақ мүліктері мен сиырларын өзінде қалдыруына рұқсат етілетін ережені алып тастауды ұсынады. Сондай-ақ техникалық дақылдар мен мал шаруашылығы аудандарында коллективтендіру қарқынын күшейтуді тездетуді ұсынып, саяси бюроға хат жолдайды. Түзетудегі асыра сілтеу жағдайлары тікелей басшыларының тапсырмасы екені айтпаса да түсінікті. Хат толығымен мақұлданып, қаулы 1930 жылы 5 қаңтар күні қабылданды. Бұл қаулы Голощекин сияқты Сталиннің қолшоқпарларына іздегенге сұраған болды. Осы жылдары ашаршылық пен зорлап ұжымдастырудан қысым көрген қазақтар басқа жаққа көптеп көше бастады. Мәселен, 1930 жылы 121,2 мың адам, 1931 жылы 1 миллион 74 мың адам көрші елдерге қотарыла көшкен. Ал Қытайға 1929 жылы шекаралық аудандардан 416 қожалық,1930 жылы 3478 қожалық,1931 жылы 2009 қожалық көшкені жөнінде ОГПУ басшылары өлкелік партия комитетіне берген құпия мәліметінде көрсеткен (Алматы басқару институтының партия мұражайы., 5192-іс.,1-п.).
Жағдайдың қиындап кеткеніне көзі жеткен Т.Рысқұлов қазақтардың апаттық жағдайын жеңілдету үшін Сталинге үш рет хат жазады. Оның алғашқы екі хаты аштық өз құрбандарының көп бөлігін алып кеткен кезге – 1932 жылдың соңында, ал соңғы хаты 1933 жылы 11 наурызда жазылған. Хатта аштықтан өлген, басқа жаққа қоныс аударған және мал шығыны туралы нақты мысалдарды ашып көрсетеді. Сонымен қатар бес нақты ұсынысты да жазады. Өз ұсынысында ашыққандарға шұғыл көмек көрсетуді, осы тұрғыда 400 мың пұт астық бөлгізуді, отырықшылдыққа өткендерге тұрғын үй тұрғызуды және шаруашылықтарға мал сатып алуды ұсынады. Сол жылы қазан айында елден ауа көшкен қазақтардың барған жерлерімен байланыс ұстап, оларға қамқорлық жасау жөнінде арнайы хат жазып, жауап алып отырған.
Сондай хаттың бірінде БК(б)П Башқұрт облыстық комитеті 14 қазан 1933 жылы Ресей ХКК төрағасының орынбасары Рысқұловқа: «Сіздің қазақ босқындарды орналастыру туралы хатыңызға байланысты арнайы шешімді ұсына отырып, қазақтарды жұмысқа орналастыру, оған жауапты адамдар бөлу, тапсырманы орындамаған адамдарды жауапқа тарту шараларын қолданатынын мәлімдеймін», – деген Башқұрт обкомының хатшысы Быкиннен жауап хат алған. Тапсырма бақылауда тұрғандықтан, Башком секретариаты шұғыл шаралар қолданған. Сондай шаралардың бірінде Зилаир ағаш өнеркәсібі шаруашылығына байланысты қаулыда мынандай жолдар бар: «...2.За безобразно-бездушное отношение к благоустройству и культурно-бытовому обслуживанию завербованных рабочих казахов в Зилаирском леспромхозе, за необеспечение снабжением директора леспромхоза-Жаворонкова снять с работы и дело передать прокуратуре для привлечения к уголовной ответственности» («Тарих тағылымы», А., 1993., 191-192 бб.). Осы 1933 жылы 21 қаңтарда орталық комитет Голощекинді орнынан алып, Л.Мирзоянды Қазақстанға жіберген еді.
1930 жылдары Қазақстанға жер аударылып, Іле Алатауының баурайындағы Шымдәулет ауылында қоныстанған профессор Невадовскийдің қызы Татьяна Невадовская ашаршылықты былай еске түсіреді: «1932-33 жылдары жергілікті тұрғындар аса күйзелісті жағдайда болды. Қазақтар ауылдарын тастап жатты, аштықтан отбасымен түгел қырыла бастады. Қыста үсікке ұшырады, ауруға шалдығып өліп жатқандардың есебі жоқ. Қазақтардың қазіргі ұрпақтары аштықтан өлген адамдарды, балаларды, қарттарды және адамдары кетіп, құлазып бос қалған қыстақтар мен ауылдарды, далада үсікке ұшырағандар мен ауруға шалдыққандарды ұмытпаса екен деп тілеймін». 1980 жылы «Қазақстандағы қасірет» деген тақырып қойылған күнделігін мен сол жылдардағы түсірген суреттерін Орталық мұрағатқа өткізгенін айтады (В.Михайлов. «Ғаламат жұт шежіресі», А., 2013 ж., 248-б).
Ескерте кетер бір мәселе – Қазақстанда тұрған басқа ұлт өкілдерінен қазақтан басқа аштықтан өлді деген деректі дәлелдеп беретін ресми құжаттарды кездестіре алмадым. «Қазақстанда ашаршылық болғанына қарамастан, орыстардан басқа да кейбір халықтардың сандары өсе түскен.
Мәселен, ашаршылық жылдары немістердің саны 29 466, ал татарлардың саны 11 369 адамға өскен. Осындай мысалдарға қарап алапат аштықтың басты құрбандары көшпелі және жартылай көшпелі аудандардағы қазақтар болғанын дәлелдей түседі» (Т.Омарбеков, «Тарих тағылымы не дейді?», А., 1993 ж., 206-бет.).
Аталған жылдары аштық бола қалған жағдайда оның алдын алуға толық мүмкіндік болған. Алайда орталық ашаршылықтан құтқару жұмыстарын ұйымдастырмады. Бұл нағыз жоспарлы түрде ұйымдастырылған геноцид еді. Жоспарлы түрде ұйымдастырылған аштық өз ісін істеді. Осыншама бейбіт халықты қырып тастағаны үшін ешкім де жазаға тартылмады. Өкінішке қарай, сол кезде Қазақстан өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы Ізмұқан Құрамысов пен Өлкелік халық комиссарлар советінің төрағасы Ораз Исаев және Атқару комитетінің басшысы Елтай Ерназаров бас шұлғумен болған.
Кинорежиссер Еркін Рақышев жасаған «Ашаршылық» атты деректі фильм ашаршылық болған жылдарды тарихи деректермен, нақты мысалдармен түсірген. Бұл фильмді әр қазақ міндетті түрде көрулері керек. Аштықтың құрбаны болғандардың иманы жолдас болсын… 1921 жылы болған ашаршылыққа биыл – 100 жыл, ал қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтың болғанына осы 31 мамырда 90 жыл болады. Еліміздегі ашаршылық әлі күнге дейін нақты деректермен дәлелденген жоқ. Ашаршылық жайлы әлі де болса тексеруді жүргізе отырып, геноцид екенін дәлелдеуіміз керек. Ашаршылық жайлы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде ғана еске алып отырмай, баспасөзде жиі-жиі жазып, құрбандарға құран бағыштап отыру қажет және бұл елдігіміздің белгісі болмақ.