Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:00, 13 Қыркүйек 2024

Кітап иллюстрациясы: бейне мен бояу

1
Фото: Суретті түсірген Ернар Алмабек

Әуелі сөз болған дейді. Әсілі бұл адамның сәулелі жады мен санасына ой мен мазасыз түйсік боп бітсе керек.

Кейін сөзден – тілге, тілден – бәдіз тас пен балдыр шөпке, балдырдан былғары кітапқа көшкен деседі. Ақырында кітап арасынан мәңгілік жұмағынан тауыпты. Ежелгі заманда Мысыр мен Шығыс елдерінде, Греция мен Римде кітап қыш тақталарға балшықтан арнайы тақтайшалар құйыла отырып, үшкір қаламшалармен жазылды. Осылайша, қыш кітаптар дүниеге келді. Кітап тас бетіне де қашалып жазылды, кейін кітап үшін папирус қолданды. Осынша тарих пен тағылымды артқа қалдырған кітап басу өндірісі қазіргі әлемде әлдеқайда алға жылжығаны анық. Кітап дайындау процесі еңбек пен уақыттан бөлек, қиял мен талантты қажет ететін шығармашылық жұмыс екені анық. Кітапты жазу ғана емес, дайын шығарманың мұқабасын дайындап, дизайнмен келістіру де – өнердің бір түрі. Десек те, қазір дәл осы шығармашылықты талап ететін «өнер түрінің» қадірі қашып бара жатқан сынды. Бүгін осы тақырып аясында «Жас Алаштың» сауалына суретші, кітап иллюстраторы Санжар Сырғабаев, Alqa баспасының жетекшісі Бану Дәулетбаева және графикалық дизайнер Ұлжан Молдашева пікір білдірді. 

Санжар Сырғабаев

Санжар Сырғабаев: Кітап безендіру – кітапты қайта жазумен тең интеллектуалды жұмыс

Кітап безендіру – шығармашылықтың ең жоғары формаларының бірі. Себебі ол тек техникалық шешім ғана емес, идея мен сезімнің көркемдік бейнесін талап етеді. Жазушы мәтінді сөзбен бейнелесе, иллюстратор сол ойды визуалды түрде жеткізеді. «Қара жұмыс» деген сөзді де екі арнада қарастыруға болады. Біріншіден, шынында да иллюстрация өте көп еңбектенуді және кино тілімен айтқанда, көптеген кадрларды салып шыққандай. Яғни бір ғана жұмысты аяқтау емес, бір-бірімен жарасымды «кадрлар» топтамасын жасау. Сондықтан да суретшілер арасында бұл шынымен-ақ «қара жұмыс». Екіншіден, жалпы график-суретшілер интеллектуалды жұмыс атқарады. Соншама ақпаратты бірнеше суретке сыйдыру үлкен шеберлікті талап етеді. Ал шебер адамды қара жұмысшы деген дұрыс болмайды-ау. Бұл – кітапты қайта жазумен тең интеллектуалды жұмыс. Сондықтан кітаптың иллюстрациясы мен беттелуі ешқашан қара жұмыс деңгейіне дейін түсірілмеуі тиіс.

Алайда бұл процесс тек кітапқа байланысты емес. Бұл жалпы бейнелеу өнерінің кешіп жатқан күйі. Суретшілерді қорғайтын мәдени институттың болмауы бұл өнер салаларын біртіндеп өлтіруде.

Иллюстрация жасау тенденциясы да жоқ қазір. Менің байқайтыным, қазіргі кітаптардың көбінде сурет тіптен жоқ. Баспагерлер де суретшілерге жақсы қаламақы төлегісі келмейді, сондықтан болар, жақсы иллюстратор мамандар бұл мамандықты тастап, дизайнға көшті, тағы басқасы керегелерге мурал салып жүр, мектептерді безендіріп жүр. Менің өзім де бірнеше баспада жұмыс істеп, уақытымның бәрін кітап безендіруге жұмсадым, алайда жұмыс ақысы мардымсыз болғандықтан, бұл саланы тастадым. Бұл баспагерлердің де тікелей суретшімен дұрыс жұмыс жасай алмауын көрсетеді. Маған графиканың көптеген қыр-сырын үйреткен атақты график суретші Темірхан Ордабеков бұрын жұмыс қалай істелетінін жиі айтып отыратын: олар кезінде бір кітапты безендіруге алса, сол кітаппен бір-екі жыл жұмыс істейтін және сол уақытта төленетін қаламақыңа ешбір уайымсыз, бірнеше жыл жұмыс істеуге жеткен екен. Өкінішке қарай, бұндай қазір жоқ...

Шынымды айтсам, кітап жинағанды ұнатамын, сол себепті кітап дүкендерін жиі аралаймын, сол кезде ерекше суретші безендірген кітап бірден көзге түседі. Кітаптың эстетикасын ұстап тұратын иллюстрацияны мен өнердің жоғарғы формасына жатқызамын.

Кітаптың мұқабасы адамның үстіндегі киімі іспетті. Себебі белгісіз автор немесе шығарманы кезіктірсек, біріншіден, мұқабасындағы бейнелерге немесе дизайнға көзіміз түсіп, көңіліміз кітапқа ауады. Жалпы адам айналаны алдымен бейнелер мен бояулар арқылы қабылдайды, бұл түсінікті де. Кітап мұқабасының заңдылықтары, әрине, болады. Бірақ оның нақты ережесі жоқ. Алайда кез келген баспаның ұстанатын ең негізгі ұстанымдарының бірі – кітаптың атының түсінікті қаріпте, оңтайлы оқылуы, қоғамдық көзқарасқа қарсы келмеу. Бұған мысал ретінде жақында шыққан «Как управлять казахами» кітабын айтсақ болады. Соған қарамастан, ойымша, кез келген шығармашылық процестер секілді кітап мұқабасын жасауға да заңдылық қойған қате. Жеке басым мұқаба жасағанда қарама-қайшылыққа, күрделілікке ұмтыламын, бірақ та бұл тапсырыс берушілерге ұнамайды және суретшілік стилизацияны көп баспалар түсіне бермейді, сондықтан қарапайым әрі минимализм жасауға тырысамын. Бүгінгі таңда кітаптармен жұмысты уақытша тоқтатып, тек «Ақ желкен» журналының мұқабасын жасаймын.

Басқа суретшілерді білмеймін, алайда мен жұмысқа кіріссем, кітапты толық оқып шығамын. Себебі алдымен шығарма туралы толық ақпарат пен кітаптың рухын сезінесің. Сол ерекше әсерді суретке де кейін енгізгің келеді. Ал тағы бір мәселе, кейде бәрі біле бермейтін детальдар болады кітапта, соны мұқабаға, болмаса иллюстрацияға қосып жіберсең, бұл оқырман үшін де өте қызықты болады. Кітапты оқығандар бірден түсінсе, оқымағандар неге бұл бейнеленген деген сұрақтарға тап болып, шығармаға қызыға түседі. Дидахмет Әшімханұлының «Жынды жел» кітабына мұқаба жасау барысында оның басқа да шығармаларымен танысып шықтым. Себебі бір кітапқа оның бірнеше еңбектері енді, сол шығармаларды бір «әсерге» сыйдырғым келді.

Әрине, қазіргі қоғам айналаға басқаша көзқараспен қарайды. Бүгінгі оқырман технология мен ғаламтордың дамуымен қатар, бейне мен бояудың сан түрлі үлгісін тамашалайды. Бұдан шығатыны – сұраныс та, талап та жоғары. Сол себепті міндетті түрде бірінші кезекте мұқабаны жақсарту керек. Осы бағытта тырысып жатқандарды да байқаймыз. Кей баспалар жасанды интеллектіні қолданса, басқа баспалар жас суретшілермен, дизайнерлермен өз кітаптарын жандандыруда. Мысалға, «Мазмұндама» баспасы 2022-2023 көптеген жас суретшілермен әлем және қазақ әдебиетін иллюстрацияларымен бірге шығарды. Мұқабаға да жоғарғы талап қойды.

Мұқабаның маңызы жайлы кітап графикасымен айналысқан белгілі суретшілер де үнемі айтады. Мысалға, «Жазушы» және «Жалын» баспаларында жұмыс жасаған Исатай Исабаев, Әділ Рахманов сынды суретшілердің жасаған жұмыстарын көрсеңіз, кітапқа бірден қызыға кетесіз. Тағы да айтарым, бүгінгі таңда ұлттық код, ұлттық белгі деген сияқты ойлар айтылып жүр. Менің ойымша, кітап бұл халықты тәрбиелейтін құрал болса, ол қазақ дүниетанымының, рухының және өнерінің эстетикасын көрсетіп тұру керек. Қазіргі шығып жатқан кітаптардың едәуірі сәтті шығып жүр деп айта аламын. Тек суретшілерді ұмытпаса болғаны...

Бану Дәулетбаева

Бану Дәулетбаева: Суретшілердің қызметі қымбат

Кітап дайындау шығармашылық жұмыс екені анық. Қазір технологиялардың дамыған заманы дегенімізбен, әлемдік тәжірибеде кітап басу ісі де біршама алға озып отыр. Бізде де мұның алғышарттары бар. Бірақ көбіне бұл жұмыс материалдық жағынан жоғары бағаланбағандықтан, дизайнерлер де аз қаржыға татитын деңгейде ғана ізденіске баратыны түсінікті ғой. Кітаптың мұқабасына кейде суретті қолдан салу керек болады, ал суретшілердің қызметі әлдеқайда қымбат. Сондықтан қай тұрғыдан да жеңілдеу болатын дизайнды қарастыруға болады. Жалпы өнер атаулы баршаға, қалың бұқараға түсінікті бола бермейді, ол да заңдылық. Десек те біз әдебиетте болсын, өнерде болсын, қалың оқырманға түсінікті боламыз деп, деңгейді түсіретін емес, керісінше, олардың талғамын жоғарылатуға, деңгейін көтеруге тырысуымыз қажет. Ал иллюстрация, тіпті бөлек әлем. Иллюстраторлардың еңбегін бағалауды үйренуіміз керек және оның кітап басу ісінде өте маңызды орны бар екенін мойындайтын уақыт жетті. Қазіргі кезде баспалар формадан ақша үнемдеп, мазмұнға басымдық бергіміз келеді. Ал мемлекет қаржы есебін жүргізуге ыңғайлы болу үшін қағаздың сапасына ғана ақша бөлетін болған. Тексеру келсе, «міне, қымбат кітап» деп көрсетуге ыңғайлы. Ал негізінде мазмұн мен формаға тең назар бөліп, интеллектуал еңбек пен техникалық еңбекті қатар бағалайтын деңгейге жетуіміз керек еді.

Кітап басу, сату барысында мұқабаның оқырман тарту үшін маңызы зор. Кітап дизайнының өзінің заңдылықтары болады. Бірақ қазіргі кезде басқа өнер түрлеріндегі жанрлардың араласып жатқаны сияқты, кітап дизайнында да экспериментке барып жатқан дизайнерлер аз емес. Ал уақытына келсек, ол қандай дүние жасап жатқаныңызға байланысты. Кейде қаржы мен уақыт тапшылығына қарай «халтураға» баратын да кездер болады, оның несін жасырамыз. Ал ақысы жақсы төленген, маңызы жоғары дүниелер болса, дедлайндар қыспайтын болса, салмақты дүние жасалады. Осы процестің бәріне кітап редакторы қатысады. Бұрын кітаптың техникалық редакторы деген болатын. Ол – кітапты қалай беттеу керек, қандай суреттер салғызу керек, мұқабасы қандай болады деген мәселелерді шешетін. Ол үшін ол техникалық редактор екеніне қарамастан, шығарманы оқып шығатын. Ал қазір осының бәріне кітаптың редакторы немесе шығарушы редакторы араласа беретін болды. Дизайнер мен иллюстратордың уақытын алмау үшін оларға қай тұсына қандай сурет, қандай қалыпта салу керек екенін айтып береді. Мұқабасы қандай болатынын айтады. Дизайнер соның үш нұсқасын дайындайды. Беттеушіге де мынадай шрифт, мынадай кегельмен бересің деп алдын ала айтады. Кітап ғылыми кітап па, көркем әдебиет пе, балаларға арналған ба, балаларға арналса, қай жастағы балаларға арналған деген сияқты мәселелерді ескере отырып, өзі таңдайды. Тіпті қандай қағазға басылатынына дейін редактор шешетін болды. Бұрындары ол ұжымдық жұмыс болған деседі.

Кейде әдемі мұқабалар трендке айналып, жастар арасындағы әлеуметтік желінің эстетикасы үшін ғана алатын да кітаптар болады. Мен одан еш қорықпаймын. Нарық заманында қандай кітап болса да назар аудартып жатқанына қуана беретін болдық қой. Өзіңіз айтқандай, мұқабасы нашар болып, жақсы шығармалар жатып қалуы да мүмкін. Ондай шығармаларды оқитын адамдар да мұқабасына қарамай-ақ алады, бірақ олар да эстетикалық ләззатты тек шығармадан емес, ұстап отырған кітабының әдемілігінен де алуға қақылы деп ойлаймын. Мұқаба туралы автор емес, редактор мен дизайнерлер ойлануы керек.

Ұлжан Молдашева

Ұлжан Молдашева: Оқырман кітапты «мұқабасы ұнады» деген қағидамен де сатып алады

Соңғы бірнеше жылда дизайнердің кітап индустриясындағы рөлі едәуір өсті. Адамның бір нәрсе туралы алғашқы әсері оның сыртқы түріне байланысты болатынын бәрі біледі, бұл кітап өнімдеріне де қатысты. Сарапшы мамандардың пікірінше, дүкенге келетін оқырмандардың да әртүрлі санаты бар, бірақ кітаптардың көптігі де ойды шашыратады, сондықтан оқырмандар кітапты «мұқабасы ұнады» деген қағидамен сатып алады. Кітап мазмұнымен ғана емес, дизайнымен де қызықты болса, жүз есе жағымды болады дегенге көпшілік келіседі. Демек, кітап мұқабасының дизайны ең маңызды болып табылады және тіпті кітап шығарудың қызықты кезеңдерінің бірі деп айтуға болады. Кітап мұқабасы дизайнерлерінің алдында тұрған мәселе – кітаптың рухын жеткізу және оны тұтынушыларға тартымды ету. Қаншалықты таңғаларлық болып көрінгенімен, әртүрлі елдерде түпкілікті нәтиже мүлдем басқаша көрінуі мүмкін. Сонымен қатар кейде тіпті әр мемлекетте кітаптың атауы да өзгеріске ұшырайды, себебі сол елде түпнұсқадағы атауы ұнамай қалуы, кейде ол мүлдем теріс мағынаға ие болуы да мүмкін.

Мәселен, біз кейде фильм постерлері мен бейне мұқабаларды әртүрлі нұсқада көруге үйренгенбіз. Студиялар әртүрлі нұсқалар әзірлеп және сынап қана қоймай, кейде басқа елдердегі нарықтарға әртүрлі таңдау жасайды. Бірақ көбінесе белгілі бір фильмге арналған афиша көптеген елдерде өте ұқсас болады. Себебі әлемдік маркетинг дәуірінде бір студия фильмді барлық аумақтарда, көбіне бір уақытта шығарады. Дегенмен бұл кітаптарға қатысты емес. Көп жағдайда баспагерлер бір елге немесе тілге арналған кітапқа құқықты ғана сатып алады, ал кітап өзінің түпнұсқасындағы дебюттен бірнеше ай өткен соң шығады. Нақтырақ айтсақ, автордың бір елдегі баспагері болады, бірақ оның басқа кітабын басқа тілдерде шығаратын бірнеше баспагерлері бола алады. Бұл баспагерлер кітапты сатып алғанда тек мәтінді сатып алады, яғни кітаптың мазмұнын. Бұл – халықаралық баспагерлерге таңдау мүмкіндігі бар дегенді білдіреді. Мұқабаны лицензиялауды ұйымдастыру және өз дизайнындағы мұқаба жасау. Баспагерлер әдетте екінші нұсқаны таңдайды. Бұл оларға кітапты өз нарығына қарай ыңғайластырып келтіруге және осы туралы өзіндік шығармашылық таңдау жасауға мүмкіндік береді. Француз баспагерлері француз қыздары мұқабасында қыз бейнесі жоқ кітапты теріс қабылдайды деген теорияны ұстануы мүмкін. Неміс баспагері неміс балалары кітаптарының комикске ұқсауын қалайды деген мәліметтерге сүйенуі мүмкін. Бағалар әртүрлі болғанымен, мұқабалар соншалықты қымбат емес. Сондықтан баспагерлер өз дизайнерлерін жалдауы ақылға қонымды шешім болып көрінеді. Әдетте, кітап мұқабалары екі мақсатты көздейді. Біріншісі – тартымдылық. Дизайн сізді кітапты алуға «мәжбүрлей» ала ма? Мұқаба дизайнының екінші функциясы – оқу, әсер алуға ықпал ету.

Қазақстандық басылым кітаптарының мұқаба дизайны минимализмге көбірек ден қояды және дизайн элементтері барынша жинақы, түсінікті, қарапайым келеді. Кітап мазмұны мен тематикасына толыққанды келетін дизайн жасауға тырысады. Тұлғаттық (портреттік) суретпен берілетін мұқабалар өте жиі кездеседі.

Кітап та жарнама тұрғысынан жеке көзқарасты қажет ететін белгілі бір өнім. Сарапшылар мынадай қорытынды айтады: «Кітаптың тауар ретіндегі ерекшелігі, көбінесе формасы бірдей, бірақ мазмұны әртүрлі, іс жүзінде әрбір нақты кітаппен жұмыс істеуді қажет етеді». Бірақ егер баспагерлер кітап санының үнемі өсіп келе жатқанымен жұмыс істеуге бейім және жарнама үшін қаржылық ресурстар шектеулі болса, бұл іс жүзінде мүмкін бе? Кітап дизайнындағы соңғы үрдістер бұл мәселені шешудің ішінара табылғандығын көрсетеді. Нәтижесінде, жарнама кітап дизайнының көркемдік және техникалық функцияларына қосылып отыр.

Дайындаған

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Тегтер: