Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Кітап оқымайтын қоғам: жалған статистикаға жасырынған шындық

кітап
Фото: ЖИ /Жас Алаш

Орыс ақыны Бродский: «Адам қандай кітап оқыса, соған айналады» дейді. Кітап – адамзаттың сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, рухани мәйегі. Ақпараттар тасқынының ағыны күшейген заманда жақсы кітаптың құндылығы одан сайын артса керек.

 Дегенмен қазір кітапқа қызығатындардың саны азайғаны да рас. Шетел статистикасына сүйенсек, қазақстандықтар жылына орта есеппен небәрі 2-3 кітап оқиды екен. Бұрынғыдай кітап іздеп, түнді таңға ұрып, майшаммен кітап кемірген, басқосқан дос-құрбылар оқыған шығармасын айтып талқылаған қоғам келмеске кеткендей. Бұл кітап оқымау ғадеті қазақ қауымында ғана емес, барша әлемде белең алып отыр. Кітап оқуға толық мүмкіндігі бар адамдардың көркем әдебиетке қызықпауының себебі көп. Ең басты дәуірлік себеп, әрине, «сананы тұрмыс билеуінде» дейміз. Бұл өзі рас сөз бе, ол белгісіз. Әлем халқының 77 пайызы кітап оқиды екен. Шетел статистикасының мәліметінше, Қазақ­стан азаматына «Хәрри Потер» шығармасының жеті бөлімін толық оқып шығу үшін бақандай екі жарым жыл қажет. Жыл сайын елде кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жобалар үнемі қолға алынып жатады, сонда да сандар көңіл көншітпей тұрғаны өкінішті-ақ. Қалай десек те, кітап оқымау деген әдеттің себебі де, сәйкесінше қасіреті мен салдары да жетеді. Бүгін «Жас Алаш» осы тақырып аясында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Біздің сауалымызға баспагер Шыңғыс Мұқан, жазушы, баспагер Арман Әлменбет және кітапхана қызметкері Айдос Бектұрсын қатысты. 

Ж.А: Ranking-порталы жариялаған жаһандық рейтинг деректері Қазақстан халқының аз кітап оқитынын, шымбайыңызға батыра айтсақ, кітап оқымайтынын алға тартып отыр. 6,5 млн адамды қамтыған сауалнама нәтижесінде Қазақстан 2024 жылы 102 елдің ішінде 95-орынға тұрақтаған. Әрбір қазақстандық жылына орта есеппен небәрі 2,77 кітап оқиды екен. Сіздің ойыңызша, бұл қаншалықты рас? Осы статистикаға келісер ме едіңіз?

Шыңғыс Мұқан
Фото: ашық дереккөз

Ш.М: Бұл статистиканың қаншалықты рас немесе шындыққа жанасатынын дөп басып айту қиын. Себебі мұндай өлшемдер мен статистикалар ара-тұра жарияланып тұрады, дегенмен қай-қайсысында да Қазақстан алдыңғы қатарда табыла қоймайды. Статистиканы рас не өтірік деп дөп басып айта алмайтын себебім де түсінікті. Қанша адам сауалнамаға қатысып, қандай әдіспен анықтағанын білмейміз. Жарияланған ақпаратта бұл туралы мәліметтер кездеспейді. Кез келген әлеуметтік сауалнама қаншалықты рас, дұрыс деген сауалға жауап беру үшін сол әлеуметтік сауалнамаға қатысқан адамдардың саны көбірек болу керек. Екі мың адамның арасында сауалнама жүргізіп, 20 млн халықтың әлеуеті мен қызығушылығын анықтай алмасың анық. Кез келген сауалнама ықтималдыққа құрылады, сондықтан мұны абсолютті шындық деп қабылдаудың да қажеті жоқ.

Дегенмен мұндай сауалнамалардың ауылы шындықтан алыс та емес. Қазақстан кітапты таласа әлде іздеп жүріп оқитын ұлт деп айта алмаймыз. Бұған екі себебім бар. Біріншіден, біздің қоғам кітапты көп оқыса, сәйкесінше кітапқа сұраныс та көп болуы керек. Ал сұраныс көп болса, кітапты шығаратын, оқырманға ұсынатын баспалардың да саны көбейеді деген сөз. Қазір елдегі баспалар саны ауылдың бір көшесінде орналасқан дүкендердің санынан аз. Саусақпен санарлық қана. Жалпы оқырманға арнап кітап шығарып жатқан баспалардың саны тіпті аз. Екіншіден, біздің мұндай статистикаға назар аудармасқа да амалымыз қалмады. Себебі өзіміздің үкімет тарапынан нақты ақпарат айтып жатқан жоқ. Жылына қанша кітап шығып, қаншасы оқылады деген сұрақтарға жауап алмағандықтан, өзімізде аналитика не талдау болмайды. Әрине, сол үшін де шындыққа жанассын, жанаспасын, шетелдің талдауына қарай ойысуға тура келеді.

А.Ә: Бұл статистиканы жоққа шығаратындай, я растайтындай менде дерек жоқ. Бірақ рас боп шықса, таңғалмаймын. Кітапты аз оқитынымыз рас қой.

А.Б: Ең алдымен, статистиканың өзіне тоқталсақ. Бір қазақстандық жылына орта есеппен 2,77 кітап оқиды деген тұжырым тым үстірт сияқты. Неге дейсіз ғой? Өйткені мұндай халықаралық рейтингтер көбіне халықтың өз-өзіне берген жауабына, субъективті пікірге, «оқыдым» немесе «оқымадым» деген жалпылама пайымға сүйенеді. Қазақстан қоғамында «кітап оқу» сөзі көбіне баспадан шыққан қағаз кітаппен ғана байланыстырылатынын да ескеру керек. Алайда соңғы онжылдықта біздің оқырмандардың айтарлықтай бөлігі электронды кітаптар мен аудиокітаптарды көбірек тұтына бастады. National Digital Library, kitap.kz секілді платформаларда тіркелу саны мен жүктелген контент көлемі жыл сайын артып келеді. Бұл ресми статистикада көрінбей қалатын «жасырын оқырман» тобы екенін ескерген жөн. Дегенмен мұның бәріне қарамастан, елдегі жалпы кітап оқу деңгейінің төмен екендігі жасырын нәрсе емес, тосын жаңалық та емес. Қалалық орталық кітапханалардың өзінде оқырман саны соңғы он жылда орта есеппен 30-40 пайызға төмендеген. Ауылдық жерлерде жағдай бұдан да мүшкіл боп тұр. Ол жақтағы кітапханалардың әбден тозуы, қордың толықтырылмауы, интернет пен мәдени кеңістіктің тапшылығы кітапхананы тек ресми мекеме ретінде қарауға мәжбүр етіп отыр. Мәселен, Қазақстан бойынша 4 000-нан астам кітапхана бар болғанымен, олардың жартысына жуығында 1990-2000 жылдардан бері қор жүйелі жаңартылмаған. Ал жаңа кітап келмеген жерде жаңа оқырманды ұстап қалу мүмкін емес. Статистиканың рас екендігін меңзейтін тағы бір фактор – қоғамдағы ақпарат тұтыну формасының түбегейлі өзгеруі. Біз бүгінде кітаппен бәсекеге түсетін алаңның өте кеңейгенін көріп жүрміз. TikTok-тағы қысқа видеолар, Instagram-дағы жылтыр контент, уақытты жұтып қоятын ойындар, жаңалық тасқыны және сананы үгіттейтін шексіз ақпарат ағыны оқырман назарын бөлшектеп жіберді. Кітапханаларға келетін студенттер бұрынғыдай ұзақ ізденіп, бірнеше кітапты салыстырып оқудың орнына, бір бетке де жетпейтін конспект не интернеттен табылған жылдам жауаппен шектелетінін өздері де онша жасырмайды.

Ж.А: ⁠Кітап оқымау ғадеті қазақ қауымында ғана емес, барша әлемде белең алып отыр. Жаһандану, цифрлық технология деп қанша ақтап алсақ та, шет елдер де мұндай құбылысқа жұтылып кетпей, кітап оқу дағдысын қалыптастыра алды ғой. Біздің қоғамда неге кітапқа қызығатындардың саны аз?

Ш.М: Өте орынды сұрақ. Ең алғашқы ақпарат тасқа қашалғаннан бері адамзат тарихында сан мың ғасырлар өтті. Алдымен қағаз, кейін кітап пайда болды. Одан соң мерзімді басылым, беріректе радио мен телеарна жарыққа шықты. Сол кездің өзінде қағазға басылған дүние ұмытылады, қолданыстан қалады деп айтыла бастады. Өткен ғасырдың соңында әлеуметтік желілер пайда болды. Қазір бір адам тұтас бір редакцияның жұмысын атқара алады. Адамның назарына талас әуелден болып жатыр, қазір тіпті күшейіп кетті. Кітап оқу дағдысы өткен ғасырмен салыстырғанда төмендеп кетуі әбден мүмкін. Ол кездің студенттері мен жастары негізгі ақпаратты кітаптан алатын. Технологиялық прогресс артқан сайын адамның әдеті де өзгереді. Соған бола біз адамзат кітап оқымай кетті деп шағымдана алмаймыз. Не біреудің қолынан смартфонын тартып ала алмайтының не әлеуметтік желілерді жауып тастай алмасың анық. Дегенмен қазір ғалымдар сол цифрлық прогрестің зейінді тарылтатынын алға тартып жүр. Ағылшын тілінде attention span дейді, адамның назарын шыңдайтын құрал – кітап десек, оны зейінді тұрақтандырып, ойлауды үйрететін ұстазға балаймыз.

Америкада екі жыл тұрдым. Ол жақта кітап оқу дағдысын оқушы кезде қалыптастырады. Өз пәніңнен, міндетті сабақтардан бөлек, қосымша көркем не танымдық кітаптарды оқу, кітап күнделігін жүргізу арқылы дағды қалыптастырады. Бұл дағдының пайдасын ұлттық деңгейде көріп отыр. Өмір бойы оқуды, дамуды мақсат еткен ұлттың өресі биік болады. Яғни, экономикасы, саясаты бір табан алда, халық жағдайы жақсы болатыны рас. Бүгінгің ертең ескіріп үлгеретін заманда адамдар оқу мен білуді дағдыға айналдыруға ұмтылғаны абзал. Life of learning дейді мұндайды, оқуды дағдыға айналдырмаған адам ертең технология алмасып, заман ауысқанда дымға жарамай қалады. Сондықтан бұл жеке шаруа ғана емес, жалпы ұлттық деңгейде әсер ететін фактор.

Арман Әлменбет жазушы
Фото: из открытых источников

А.Ә: Дамыған елдер интернет қазіргідей дамымай тұрып ол әдетті қалыптастырып алған ғой. Сол жіп үзілген жоқ. Бізде үзіліп қалды. Совет кезінде идеологияның күшімен болса да кітап оқу болған көрінеді. Кейін кітап шықпай қалды. Мәселен, қайта құру кезінде алғашқы кітабы шығып, одан кейін ұмытылған жазушылар бар (Мәселен, Қаржаубай Омарұлы, Қази Данабаев). Ал тырнақалды шығармаларын тоқсаныншы жылдары жазған жазушылардың кітабы сол күйі шықпай қалған (Мәселен, Сейітқұл Оспанов). Оларды газет-журналдардан ғана жинап алуға болады. Мінеки, осы жазушы мен оқырманның арасындағы байланысты біз жалғаймыз дегенше әлем өзгеріп, елдің бәрі телефонға үңіліп кетті.

А.Б: Еуропа елдерінде бала кітаппен өте ерте танысады. Кешке отбасы боп кітап оқу, ата-ананың дауыстап оқуы, кітапханамен ерте байланыс бәрі бір дәстүрге айналған дүниелер. Қазақстанда да мұндай дәстүр болған, бірақ ол бір буыннан екінші буын алмасып жатқан кезде әлсіреп қалды. Кеңес кезіндегі кітапқұмар қоғамның инерциясы 1990 жылдар дағдарысынан кейін тоқтады, экономика құлдырап, отбасылардың басым көпшілігі тіршілік қамымен айналысуға көшті. Баланың әдеби кеңістікке енуі ата-ана арқылы емес, мектеп арқылы ғана жүретін күйге түсті, ал бұл жеткіліксіз. Оның үстіне мектептегі әдебиетті оқыту моделі әлі де ескірген. Көп елдерде әдебиет сабағы жеке тұлғаның сезіну қабілетін, шығармашылық ойлауын дамытатын пән ретінде қарастырылса, бізде ол әлі күнге дейін жаттауға, автор өмірбаянын есте сақтауға, «дұрыс жауапқа» сүйенетін ескі модельге байланған. Баланың кітаппен жеке эмоционалдық байланыс орнатуының орнына, әдебиет «баға алу пәніне» айналады. Оқушыда басынан бастап шынайы мотивация тумайды. Бізде кітап оқу бір жаза сияқты дүниеге айналып кеткен. Бұл да әсер етпей қоймайды.

Ж.А: ⁠Қазіргі жастар қандай кітапқа қызығады? Салыстырмалы түрде алып қарасақ, қазір әдеби кітаптардың тұсаукесерінен гөрі мотивациялық, іскерлік, ғұмырбаяндық кітаптардың тұсаукесері жиілеп кетті. Бұл туралы не айтар едіңіз?

Ш.М: Көркем әдебиетті адам эстетикалық ләззат алу үшін оқиды. Өткен мен болашақтан бір сәт алыстап, назарың осы шаққа шоғырланады. Ал танымдық кітаптар адамға керегін береді, сұранысын өтейді. Әдетте мұндай кітаптар нақты кеңес беріп, мәселесін шешуде көп көмектеседі. Дегенмен, менің ойымша, көркем әдебиеттің бәсі бәрібір биік. Оның үстіне танымдық әдебиет мәселесі бізде әлдеқайда кенжелеу қалған. Сол себепті біз осы танымдық әдебиетке басымдық бердік. Баспагер ретінде айтарым, жетпіс пайыз оқырман көркем әдебиетке қызықса, қалған отыз пайызы танымдық әдебиетті сұрайды.

А.Ә: Бірнеше жыл бұрын тек сондай кітаптар болған. Тіпті сондай ашыла сайрағыш, ақыл айтқыш кітаптарды жазған кісілерді жазушы деп атау да қалыпты жағдайға айналып бара жатқан.

Қазір көркем әдебиетті де оқу жастар арасында сәнге айналды. Бірақ көбіне жылауық дүниелер оқылады. Театрларда әні мен биі көп қойылымдар, одан соң публицистикалық мақала іспетті айтар ойын ашық айтатын қойылымдарға сұраныс жақсы секілді сезіледі өзіме. Бұл енді көпшіліктің бетін бұру үшін қазір керек те шығар, бірақ ақырындап сапаны көтере беруіміз керек деп ойлаймын.

Ж.А: Осы орайда мемлекет үнемі «кітап оқитын ұлтқа айналамыз» деп әйтеуір бір жобаларды жүзеге асырып жатады. Дегенмен процесс пен нәтиже дабыралы науқаннан ары аса алмай қалатындай көрінеді. Шын оқырман, «кітап оқитын ұлт» қалыптастыру үшін не істемек керек?

Ш.М: Мемлекет деген үлкен механизм. Сол механизм жүріп-тұруы үшін жылда миллиардтаған ақша, қаржы құйылады. Ақшаны ақтау үшін жобалар жүзеге асырып, іс-шаралар өткізу керек. Сол қаржыны іске асыру үшін жаңа идеялар ойлап табады. Мұны мемлекеттік интервенсия деп атайды. Әдетте мемлекеттік интервенсияның басым бөлігі нағыз қажеттілікті шешпейді. Нарықта жүрген біз кітап оқу, шығару ісімен 24/7 айналысамыз. Көбіне-көп жобалар ақшаны игеру төңірегінде қалады. Мемлекеттің атқарған жобасы мәселені шынымен шешетін болса, «Меломан» сияқты дүкендерде қазақша кітап самсап тұрар еді. Қазір мемлекеттің кітапқа байланысты жүргізіп отырған саясаты үдеден шығып жатыр деп айта алмаймын.

А.Ә: Мемлекет, алдымен, талғамды дүниелерді ғана марапаттауы керек. Тек орден, медаль беру кезінде ғана емес, телеарналардан көрсету, газеттерден айту, әртүрлі жиындарға шақыру кезінде де керемет сапалы таңдау болуы керек.

Екінші президентіміз алғашқы жылдары өзі оқитын кітаптарды көпшілікке көрсетіп жүрді. Осы жақсы үрдіс еді. Ол кісі ағылшын тіліндегі мықты кітаптарды шыға сала оқып отыратынына күмәніміз жоқ. Дегенмен қазақтың ішінен шығып жатқан кітаптарға да назар салып, оны оқып жатқанын ара-тұра әлеуметтік желісі арқылы көрсетіп отырса, бұл да жақсы дүниені қолдаудың бір жолы болар еді. Оған қарап, басқа да ықпалды азаматтар ішінде жасырынып жатқан кітапқұмарлықты шығарар ма еді.

Адамзат баласы қазір смартфонның қаупі туралы айта бастады. Бұл жөнінде «Жаһан» деген журнал үш-төрт жыл бұрын жазып еді. Кітапты аңсау, телефонды сынау – зар заман ақындарының өткенді аңсауы емес, бұл шынында да зардабы қорқынышты болатын құбылыс. Бейнелеп айтқанда, «Көксеректі» оқыған адамның баласы «Көксеректің» киносын көрсе, оның үлкен баласы «Қошқар мен текені» көрді, ал кіші баласы тек тик-ток көреді. Тик-токтағы ұсақ-ұсақ видеоларды көріп отыратын бала үшін «Қошқар мен текенің» өзі ұзақ, қызықсыз дүние. Оны көрген бала «Көксеректің» киносын көре алмайды дегендей.

Бұрын адамдар кітап оқымаса да, өмірдің өзінен үйренетін. Шал-кемпірдің айтатын әңгімесі бір-бір кітап еді. Осылай деп алсақ, баяғыда кітап оқымайтын адам өте аз болатын. Бертінде, мүмкін, оқитындар мен оқымайтындардың үлесі елу де елуге жеткен шығар. Өйткені шал-кемпірдің өзі кітап болудан қалды. Енді кітап оқитын, яғни, ойланатын, ең болмаса кино көріп, іштей толғанатын адамның өзі болмауға айналып барады. Осылай кете берсе, өмір сүруге бейімі жоқ миллиардтаған адам жердің жүзін басып жүрмек. Менің ойымша, өте қызық уақыт келе жатыр.

1

А.Б: Мемлекет «кітап оқитын ұлт» қалыптастыру үшін үздіксіз жобалар ұсынып жатқаны рас, алайда олардың басым көпшілігі ұраншылдық пен уақытша науқанның көлеңкесінде қалып қояды. Ал шын мәніндегі оқырманды, тұрақты оқу мәдениетін бір реттік акция арқылы қалыптастыра алмайтының анық. Мұндай мәселе қоғамның оқуға қатынасын қалыптастыратын мәдени орта мен жүйелі әдістемелік саясаттың жеткіліксіздігінен туындайды. Мәселен, UNESCO-ның 2023 жылғы Reading the Future баяндамасында бірқатар елдердің кітап оқу деңгейін арттырған әдістерді атап өткен еді. Финляндияда балалардың 80%-ы мектепке дейінгі жаста-ақ кітапханамен танысады екен, ал Кореяда ата-ана мен баланың бірге кітап оқуы міндеттеледі екен. Сингапурда кітап сатып алу шығынына салықтық жеңілдіктер берілген.

Шынайы оқырманды тәрбиелеу – мектеп қабырғасынан басталатын процесс. Бізде оқу көбіне-көп кітап оқу «бағасын алу үшін оқитын міндет» кейпінде қалып отыр. Мұғалімдер мен мектеп кітапханалары оқуды жазалау үшін емес, шабыт беретін құралға айналдыруы керек. Балаға «осыны оқы» деп бұйырудан гөрі, оны түрлі жанрлармен, әлем әдебиетінің әртүрлі қауымдастықтарымен таныстыру маңызды. Әр баланың өз әдеби талғамы болуы тиіс. Біреуі фантастиканы, біреу поэзияны, енді біреу графикалық романдарды ұнатады. Осы айырмашылықты қабылдап, құрметтегенде ғана шынайы оқырман қалыптасады. Оқығаныңды талқылау мәдениеті де ақсап тұр.

Ж.А: Сөз соңында, сүйікті 3 авторыңызды әлде кітабыңызды атай аласыз ба?

Ш.М: Нақты үш автор әлде кітап дегенді басып айтуға келмес. Өте аз. Сүйікті кітап пен автордың жүзін түнді таңға жалғап атауға болады. Қазір кітап туралы сөз қозғасақ, таусылмайтын әңгімеге сіңіп кетеміз. Дегенмен соңғы оқыған, ерекше әсер еткен үш кітапты атайын. Біріншісі – Нәсім Тәліптің «Антиосалдық» кітабы. Бұл жолы танымдық кітаптарға басымдық берсем деп тұрмын. Екіншісі – Махатма Гандидің «Менің өмірім» шығармасы. Адамның соншалықты жанкешті болатынына осы кітапты оқып отырып, сонша таңғалдым. Ал үшіншісі – Уолтер Айзексонның «Илон Маск» кітабы дер едім.

А.Ә: Көркем емес әдебиеттің шебері Уолтер Айзексон деген кісі. Сондай-ақ қазір қазақ тіліне қатысты ғылыми, публицистикалық кітаптарды, мақалаларды көбірек оқып жүрмін. Бір байқағаным, біздің қазіргі публицистикалық тілімізді қалыптастырған адам – Жүсіпбек Аймауытов екен. Осыдан тура жүз жыл бұрынғы мақалаларын оқысаңыз, ғажап қаласыз.

Жазушылардан Юрий Казаковты жақсы көріп оқимын. Бірақ қолыма алмағалы көп болды. Сүйікті деуге келетін бір жазушым – Тынымбай Нұрмағамбетов. Әбіш Кекілбаевтың «Ең бақытты күн» деген әңгімесін ерекше бағалаймын. Бұларды айтқан соң, Бейімбет пен Сайынды тастап кете алмаймын. Сосын қыста соғымның етімен керемет үйлесетін кітап – «Абай жолы».

А.Б: Нақты үшеуін атау қиынға соғары анық. Одан да әлемнің үш түкпірінен сүйікті жазушыларымды атайын. Батыс әдебиетінен сүйікті авторым – Джек Лондон. Шығыс әдебиетінен Юкио Мисиманы сүйіп оқимын. Ал қазақ әдебиетінен Бердібек Соқпақбаевты қайталап оқыған ұнайды.

Дайындаған

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Тегтер: