Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 05 Шілде 2024

ҚТЖ-ға кеткен зейнетақының болашағы жоқ

БЖЗК ЕНПФ
Фото: Аружан Махсотова/kursiv.media

2021 жылдан бастап жұрт зейнетақы жинағындағы белгіленген шектен асқан қаражатты шешіп ала бастады.

Алғашында зейнетақы шегін алуға рұқсат беру үкімет тарапынан бұқараға берілген «олжа», «жомарттық» тәрізді көрінген. Жеткілікті шектен асқан қаражатты ұқсатуды мақсат тұтқан елдің біразы ол қаржыны алып, алғашқы жарнасын төлеп, ипотекалық баспана алды. Енді бірі толық жаппаса да, ипотекасының қарызын төледі. Емделді, тісін жөндетті...

Ал келесі 2022 жылы «халыққа тым тиімді болып кетті» деді ме, атқарушы билік зейнетақы шегін бірден көтере қойды. Мысалы, 2021 жылы 20 жастағы салымшы үшін жеткілікті шек мөлшері 1 710 000 теңге болса, 2022 жылдан бастап ол 3 140 000 теңге болды. 30 жастағыларға 2,5 млн болған шек 2022 жылы бірден 4,37 млн теңгеге өсті. Ал бұрын 40 жастағылар үшін 3,42 млн болса, қазір бұл сома 5,79 млн теңгеге өскен. Сөйтіп, жеткілікті шек жас ерекшеліктеріне қарай 3 млн 140 мың теңгеден басталып, 10 млн теңгеге дейін шарықтап сала берді. 

Сарапшылар тиісті ведомстволардың бұл әрекетін халыққа беретін кезде «қалтырауық» бола қалатын үйреншікті әдеті деп бағалады. Бұл ештеңе емес, болашақта жеткілікті зейнетақы шегін пайдалану үрдісі түбегейлі тоқтауы да мүмкін. Бұл жайында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді. Оның айтуынша, зейнетақы қорындағы ақшаны мерзімінен бұрын пайдалану бастамасы тоқтатылуы мүмкін. Ведомство басшысы министрлік базалық зейнетақы төлемін басқаша тәсілмен есептеуді қолдайтынын жеткізді. Жуырда үкіметке өз ұсыныстарымен барған ол: «Біздің ұсынысымыз, біріншіден, зейнетақы ең төменгі еңбекақының 60 пайызына тең болуы керек. Екіншіден, зейнетақы қорынан жинақты ерте шешіп алуды тоқтату. Біз мұнымен де келісеміз. Себебі қазір ерте шешіп алғандардың зейнетақысы 34 мың теңгеден аспайды. Сондықтан оны доғару керек», – деді. 

Министр ел алдында «сүйкімін кетіріп алмайын» деді ме, мұндай ұсынысты өздерінен бұрын сарапшылар ұсынып отырғанын құлаққағыс жасауды да ұмытпады. Айтпақшы, қазір елдің зейнетақысы азайып кететінін «уайымдап» жүрген Жақыпова 2019 жылы да аталмыш министрлікте вице-министр болған. 

Қазақстанда нақ осы министрліктің жұмысын түсінбейтін бұқара көп. Мысалы, бізде көпбалалы аналар үшін әр баланың күтіміне ай сайын 14 мың теңге төленеді. Ал енді түрмедегі қылмыскерлерді асырап-бағуға ай сайын 80 мың теңгеден 180 мың теңгеге дейін бөлінеді. Ең қызығы, бұралқы иттерді бағуға 60 мың теңгеден, 90 мың теңгеге дейін қаражат бөлінеді екен. Мұндай деректерге қарап, «ит құрлы қадіріміз жоқ» деп күйініп жүргендер де баршылық. Мәселен, көпбалалы аналарға әр бала үшін берілетін 14 мың теңгені бір айға бөлсек, әр балаға күніне 466 теңгеден шығады екен. Сонда бұл ақшаға күн көру мүмкін бе?! Аталмыш мәселені мәжіліс қабырғасында депутаттар да қаузап жүр. Алайда министр Светлана Жақыпова көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақыны көбейту жайында жақ ашпайды. 

Қазір зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын шешіп алуды доғару туралы министр Жақыпова ғана емес, вице-премьер Тамара Дүйсенова да қаузай бастады. «Сарапшылар мен қаржыгерлерден ұсыныс түсіп жатқанын алға тартқан премьердің орынбасары «Уәкілетті орган жұмыс тобын құрды. Менің ойымша, 2-3 айда мәселе қаралады» деп мәлімдеді. Сөйтіп желеулетіп жүріп, зейнетақының жеткілікті шегін мерзімінен бұрын алуды тоқтатып тынатын түрі бар. 
Деректерге жүгінсек, күні бүгінге дейін 1,5 млн адам зейнетақы төлемдерімен қамтылып, 3 трлн теңгеден аса қаражат зейнетақы қорынан шығарылған.

Қаржы, экономика және банк ісі саласының маманы Дәурен Арынның айтуынша, болашақта зейнетақы жинағын алуға тоқтам салудан гөрі, БЖЗҚ-ны ұқсатып жұмсауға мән бергеніміз абзал. 
Мысалы, жуырда ғана «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ облигацияларына БЖЗҚ-дан тағы 105 млрд теңге салынды. Сондай-ақ зейнетақы қорының 113 млрд теңгесіне қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары сатып алынды. Бұл әрекет қордағы инвестициялық кірісті ұлғайтады дегенмен де, негізінен салымшылардың қаражатын құнсыздандырмаудың, жалпы қордағы қаражатты көбейтудің өзгеше тетіктерін қарастырған жөн.

«БЖЗҚ-ға жыл басынан бері есептелген инвестициялық кірістің мөлшері 647,07 млрд теңгені құрады. Ал сол инвестициялық табыстың салымшыларға – 3 пайызы ғана беріліпті. Біздің тиісті ведомстволар осылайша салымшылардың қаражатын құнсыздандырмаудың тетігін қарастырып жатырмыз дейді. Бірақ түскен кірістің аз ғана бөлігін бөлу арқылы елді алдап отырмыз. Инфляция болып, доллар қымбаттаған сайын қордағы халықтың да қаражаты құнсызданады. Білесіздер, үкімет әр жаңа жыл сайын жәрдемақы мен зейнетақыға болмашы үстемақы қосады. Бұл индексацияға жатпайды. Қаржы заңдылығы бойынша салымшылар тапқан табысының 10 пайызын зейнетақы қорына өздері құйып жатса, бұдан бөлек, қымбатшылық пен теңгенің құнсыздануын есепке ала отырып, үкімет мемлекеттік индексация жасап, салымшыларға мемлекет есебінен тағы жыл сайын 10 пайыз құйып беріп отыруы қажет. Кезінде Ұлттық банк пен үкімет ақылдасып, алуға болатын жеткілікті шекті күрт өсірген кезде «қордағы қаржының құнсыздануына қатысты жеткілікті шекті де өсіруге мәжбүр болдық» деген уәждер айтылды. Ал қарапайым салымшылардың қаражатын мемлекеттік индекстеуге келгенде мұндай әрекеттер жасалмайды. Мұны әділетті деп атай алмаймын. Қорға түскен инвестициялық табыстан салымшыларға кем дегенде 5 пайыз беріліп отыруы керек», – дейді Дәурен Арын. 

Маманның сөзінше, зейнетақының жеткілікті шегін алуға тыйым салған дұрыс емес. Керісінше, жеткілікті шекті халыққа қолжетімді етіп түсіріп, осы арқылы елдің мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысуына, арзан ипотекаға қол жеткізуіне мүмкіндік берген дұрыс. 

«Өткенде президент халықты баспанамен қамтудың жаңаша тетігін қарастыруы керектігін айтты. Зейнетақы қоры – халықтың өзінің жинаған ақшасы. Табан ақы, маңдай тері. Сондықтан үкімет жеткілікті шектен асқан қаражатты беруге тыйым салмауы керек. Шекті алуға рұқсат берсек, зейнетақы аз шығады деу сылтау. Бұл үрдіс халықтың баспанаға қолжетімділігін арттырар еді. Біз қазір инвестициялық кіріс арқылы қордағы қаражатты көбейту бағытына ғана басымдық беріп жатырмыз. Мысалы, бізге келетін сұрақтардың ішінде бір апта ішінде «зейнетақы жинағым 100 мың теңгеге азайып қалған. Түсіндіріп беруіңізді сұраймын» деген сауалдар болады. Қазақстандағы және шетелдегі зейнетақы активтері әртүрлі валюталарда орналастырады. Рас, белгілі бір уақыттарда мұндай әртараптандыру зейнетақы жинақтарының сақталуын және тұрақты табысты болуын қамтамасыз етеді. Бірақ валюта бағамы өзгерген сайын инвестициялық кірістің мөлшері әртүрлі болады. Валюта бағамы өссе өседі, түссе түседі. Сондықтан өз басым қазіргі ұстанып отырған бағытты өзгерту керек дер едім. Зейнетақы қаражатын облигациялар сатып алуға жұмсағаннан гөрі отандық өндірісті дамытуға, экономикаға нақты кіріс беріп тұрған салаларға жұмсаған жөн», – дейді Д.Арын. 

Экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков те әріптесінің сөзін қуаттайды. Оның айтуынша, осыдан 15 жыл бұрын «инвестициялық кіріске қарық боламыз» деп шетелдік бес компанияға басқаруға берген қаржының әзірге 15 пайызы ғана қайтқан. Ғалым сол кездің өзінде «Зейнетақы қорының қаржысын шетелдік компанияларға басқаруға беруге мүлде болмайды. Қор қаржысы отандық өндірісті дамытуға салынса сенімдірек болар еді» деп дабыл қаққандардың бірі. 
Маманның пайымынша, өркениетті елдерде қордағы қаражатты ғылымға, инновацияға, инфрақұрылымды дамытуға, елді арзан баспанамен қамтуға жұмсайды. Мұндай қаражат әсіресе нанотехнология, биотехнологияны, күн-жел энергиясын ұтымды етуге бағытталады.

Биыл зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 17 триллион 832 миллиард 900 миллион теңгеге жетті. Әрине, шоттағы қаражаттың бос жатпайтыны түсінікті. Қаржы әр салаға бағытталып та жатыр. Бұған дейін зейнетақы қорындағы қаражат теміржол, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, энергетика, екінші деңгейлі банктерді қолдауға беріліп келді. Алайда аталған салалардың жұлдызды сәті туып, жарқырап, дамып кете қоймағаны бәрімізге белгілі. Керісінше, зейнетақы қорының қаражатымен қоректенген салалардың қайсыбірі дефолтқа кетудің алдында тұр. Өткенде ғана Жоғары есеп палатасын басқарып отырған Әлихан Смайылов: «Қазақстан теміржолы компаниясы дефолт болудың алдында тұр» деп дабыл қақты. Кезінде 2017 жылдары ҚТЖ-ның жұмысын жандандыру мақсатында зейнетақы қорынан қаражат алынған. Биылдың өзінде ҚТЖ-ға жаңа вагондар сатып алуға БЖЗҚ-ның 184 млрд теңгесі бөлінді. Сол тәрізді ауыл шаруашылығын өркендету мақсатында кезінде «ҚазАгро-ға» қордан 400 млрд теңгедей қаражат берілген. Бірақ қазір «ҚазАгроның» елесі де жоқ. «ҚазАгро» батпандай қарызымен «Бәйтерек» холдингіне қосылып кете барды. Енді оның қордан алған трансферттерін «Бәйтерек» қайтаруы тиіс. Осындай деректерді біле тұра жұрт уайымсыз жүре алмайды.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: