КТЖ Қарағанды облысында төрт жұмысшы қаза тапқан оқиғадан кейін арнайы комиссия құрды
Қарағанды облысындағы теміржол учаскесінде болған қайғылы оқиға салдарынан жол монтерлерінің төрт қызметкері қаза тапты.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының хабарлауынша, трагедия 10 желтоқсанда «Мойынты — Шығанақ» учаскесінде, «Шешенқара — Қаражангүл» аралығында болған. Жүк пойызының машинисті теміржол бойында жұмысшыларды байқап қалып, шұғыл тежегішті іске қосқанымен, үлгермеген.
«Теміржол аймағында Сарышаған станциясының жол бригадасы жоспарлы түрде рельс ауыстыру жұмыстарын жүргізіп жатқан. Барлық қажетті сақтық шаралары қабылданғанына қарамастан, қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болмады», - деп хабарлады КТЖ баспасөз қызметі.
Оқиғадан кейін КТЖ арнайы комиссия құрғанын, оны компанияның бас инженері басқаратынын мәлімдеді. Комиссия мүшелері апат орнында тергеу жұмыстарын бастап кетті.
Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі де оқиғаға қатысты барлық мән-жайды анықтау мақсатында тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады.
Айта кетейік, былтыр қаңтарда да осындай жағдай тіркелген еді. Жамбыл облысындағы Жиделі — Берлік аралығында екі қызметкер Астанадан Шымкентке бағыт алған жолаушылар пойызының астында қалып, қаза тапқан. Ол кезде де машинист экстренді тежегіш қолданғанымен үлгермеген.