Қуандық Бишімбаевтың інісі амнистияға ілігуге өтініш берді

Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Салтанат Нүкенованың қазасынан кейін сотталған Бақытжан Байжанов амнистияға ілігуге өтініш білдірген.
«Степногор аудандық сотының мәліметінше, 9 шілдеде Бақытжан Байжанов рақымшылық туралы заңға сәйкес, жазаның мерзімін қысқарту жөнінде өтінішпен жүгінген. Тиісті өтінішті қарау күні әлі белгіленбеді», - делінген ақпаратта.
Еске салайық, Бақытжан Байжанов экс-министр Қуандық Бишімбаевтың азаматтық некедегі жұбайы Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты қылмысты жасыру бойынша айыпталып, 2024 жылдың мамырында 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Астана полициясының мәліметінше, Бақытжан Байжанов 2023 жылдың 12 қарашасында ұсталып, содан бері тергеу изоляторында отырған. 2024 жылдың шілдесіне дейін тергеу изоляторында болған оның әр күні заң бойынша 1,5 күнге тең есептеледі. Егер амнистия қолданылса, жаза мерзімі шамамен 8 айға қысқаруы мүмкін. Осылайша, Байжанов 2026 жылдың қазан айында бостандыққа шығуы ықтимал.
Адвокаттың айтуынша, 2025 жылдың жазынан бастап Байжанов шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуға өтініш бере алады. Сонымен қатар ол жарияланған амнистияға ілінуі мүмкін. Дегенмен, бұл оны қылмыстық жауапкершіліктен толық босатады дегенді білдірмейді.
Айта кетейік, 23 маусымда Тоқаев Конституцияның 30 жылдығына орай амнистия жариялаған болатын. Бұл рақымшылық 15 мыңнан астам сотталған азаматқа қатысты қолданылмақ.