Қуандық ТҮМЕНБАЙ. Жер-бесікке таласу (әңгіме)
«Ертең мәйітті жерге тапсырамыз. Имам табылды, енді жер-бесік табуымыз керек». Марқұмның туған інісі Әлімбек іштей жеңілдеп қалғанмен тағы бір зілдей міндетті оң иығына салды. «Жер-бесік» бес шақырым жердегі «Ай-Абылай» мешітінде бар, сонан алыңыздар», – деп ауыл имамы ақыл айтты. – Жаназа намазда мәйіттің жер-бесікте жайлы жатқаны дұрыс қой, – деп өзіне тән мәнермен тағы бір сөзді қосып қойды.
– Сол жер дұрыс. Бір түнетіп ап, Құдай қаласа, жамбасын жерге тигіземіз», – дегесін Әлімбек алыс жолды жақын ғып бес шақырым жердегі мешітке тартып кетті. Кеңестен қалған ескі «Волга» қазіргі сәйгүліктерден қалысар емес, төрт дөңгелегі шыр айналып, қытай мен жапонның таңбасы басылған сұлу көліктерден шақырымды артық алмаса кем алмай жүйткіп келеді. Сүйегі ауыр, сыртқы сүйкімі шамалы осы автокөлікке қарасаң көз тояды, кемелденген социализмнің тоқшылық көрінісі секілді.
Әлімбек алты ай обырмен ауырып, бұ дүниені тастап кете берген ағасын ойлады, өзіне жасаған жақсылығы көз алдынан тізбектеліп өтіп жатыр. Оқуға да түсірді, бірақ құжынаған адамы көп Алматыда оқи алмады. Машина-трактор инженерінің сабағы сондай қиын екен, шимай-шимай есеп, тіп-тік боп тартылған түзу сызықтар, әр санның шекесіне шоқиған тағы бір «квадрат» деген сан миына кірмей-ақ қойды. «Онсыз да мәшине айдап, нанымды табармын» деп қайтып кеп, ауылдағы жалғыз самосвал-төңкергіштің тізгінін ұстады. Колхоз тарап, «екі қолға бір жұмыс» табыла қоймағасын осы сүйегі ауыр «Волгамен» таксилетіп жүр. Қалта телефон деген Құдайдың берген құты екен, керек адам шыр еткізсе болғаны, бағасына келісіп, жетіп барады. Жаңалық пен Алматы, Қайназар мен Қапшағайдың арасы қырқасы мен бұтасына көз тойдырып, жолаушының келіскен бағасына көңіл толқытқан арман жолға айналды. Қалта телефонын «рада» деген билікке қосып қойып, бұрылыс пен бағдаршамға дейін айтып отырған «рада-билікке» бағынып ап таппайтын тесігі, ашпайтын есігі қалмады.
Қазір де «радасын» қосып қойып, жүйткіп келеді. «Солға бұрылыңыз да, 150 метр жүрсеңіз сіздің жүру бағытыңыз аяқталады» деп орысшаның қазақша аудармасымен сөйлеген қыздың тұйық даусы саңқ еткенде әудем жерден «Ай -Абылай» мешіті» деген бадырайған жазу көзге шалынып, үйіріліп тұрған көп мәшиненің қасына тоқтап, моторын өшірді. Іле дыбыс күшейткіштен ғыр-ғыр еткен дыбыс шығып, бір қақырынып алған ер адамның «Аллауакбар!» деген тұнық дауысы естілді. Әлімбек мешіт табалдырығының алдында шүпірлеп жатқан аяқкиімді көрді, іле «Аллауакбар!» деген дауыс азан шақыруға ұласты. «Дәл жұма намаздың үстінен түсіппін-ау» дей бергенде, мешіт қабырғасына сүйеулі жер-бесіктің бір қырына отырып ап шылым шеккен үсті-басы кіршеңдеу жігітке сұрау салды.
– Имам қайда?
– Азан шақырып тұр ғой.
– Сен кімсің, неге жер-бесіктің үстінде отырсың?
– Осы жердің жұмыскерімін.
– Мына жер-бесікті қалай алып кетеміз?
– Имамның рұқсаты керек. Қазір жұма намаз бітсін. Көлігіңіз бар ма? – деп темекісін құшырлана сорды. «Ай-Абылай» мешітін ұстап тұрған өзі секілді, жер-бесіктен жамбасын көтерер емес.
– Көлік бар... «Волга». Соның артына саламыз.
– Артына сия қойса... – деп дүдәмал сөз айтты.
– Сыйғызамыз! – деді Әлімбек нық сөйлеп.
Осы сәт мешітке тақау тұрған маңдайшасында «Медресе» деген бадырайған жазуы бар тапал тамнан бастарына тақия киген бір топ бүлдіршін-бала атырылып шықты да, бірі доп лақтырып, қалғандары қуалай жөнелді. Екі жақ боп допқа таласып, дауыстап сөйлеп, кейде ауыздарынан орыстың боқтық аралас белгілі сөздері де лықсып шығып жатыр. Бір сәт ұшқан доп темекісін түбіне дейін сорып бітпеген жұмыскердің басына сарт еткенде ол жамбас тигізіп отырған жер-бесіктің қырынан ұшып тұрып, бүлдіршіндерді жеті атасынан түк қалдырмай сыбай жөнелді, арасында орысша боқтық та өріп жүр.
– Намаз біткенше шыдай тұрмайсыңдар ма, шешеңнің... – дегенде, тақия киген тарамыс бала қарсы дау айтты.
– Намаз біткенше ойнай тұрайық та. Ұстаз шыққасын бізге рұқсат етпейді, шешеңнің... Сіз де бір аяқ астынан бастық боп шыға келесіз.
Жұмыскер жым болды. Жер-бесік қабырғаға сүйеулі күйі қалды.
Бір сәт намазға жығылғандар лақ етіп сыртқа шықты да, шүпірлеген аяқкиімдер біртіндеп азая бастады. Әркім көлігінің есігін ашып, мешіттің алды лезде оталған мәшиненің гүріліне толып кетті. Бөтен аяқкиім киіп кетіп, ақсаңдай басып, орысшалап боқтап оралып жатқандар да жоқ емес.
Бір сәт сұңғақ бойлы ашаң жүзді, өңінен нұр төгілген тақиялы жігіт сұқ саусағымен дәсбі тасын біртіндеп санап, мешіттен шықты да, әлгі шалқайған жұмыскерге тап берді.
– Сен, ит, анау сынық терезені қашан саласың?! Өзің бір ақпақұлақ екенсің. «Ақпақұлаққа айтсаң ағып кетеді, құйма құлаққа айтсаң құйып алады» деп мақалдап жібергенде жұмыскер дәлел айтты.
– Әйнек болмаса атамның басын салам ба, имеке! Әуелі әйнек тауып беріңіз.
– Әйнектің ақшасын бергеніме неше күн болды? Терезеден жел улеп, жамбасым сыздап тұр, – деп бөксе тұсын ұстады.
– Оны жаратып қойғам, тағы да беріңіз. «Әзір күн жылы, асықпа» деген өзіңіз емес пе, шешеңнің...
– Сен маскүнемнен қалай құтылсам екен, а? Нағашым айтқасын алып ем. Сіздерде жұмыс іздеп жүрген тамыр-таныстарыңыз жоқ па? – деп Әлімбекке бұрылғанда ол шаруасын айтты.
– Мен жер-бесікке келдім, имеке, – деп қабырғаға қырынан сүйеулі тұрған төрт құлақ жұқа тақтайға мойнын бұрды.
– Жаназа қашан еді?
– Бүгін таң ата үзілді, ертең шығарамыз.
– Алыңыз. Анау тұр ғой. Көлігіңіз бар ма?
– «Волгам» бар, артына салам.
– Оған сияр ма екен?
– Сыйғызамыз.
– Көрерсің, – деді салқын ғана.
Осы сәт алды «Джип», арты арбаның қорабындай кеп-кең жеңіл мәшине қатты қарқынмен үйіріліп кеп мешіт алдына тоқтай қалды. Есіктен шыққан жігіт ағасы шалт басып келді де, имамға қос қолдап сәлем берді.
– Сіз бе, имам, бізге жер-бесік керек еді.
– Қашанға?
– Осы қазір шығарамыз. Анау тұр ғой, – деп сүйеулі тақтайға ұмсынды. – Қанша сұрасаңыз да берем.
– Жер-бесікті бір күн бұрын дайындап қоймай ма? Мына кісі ертеңге сұрап тұр.
– Имеке, ел-жұрт жиналып қалды. Екі бағасын төлейін, тіпті үш бағасын... Сосын осы жігіттің үйіне апарып берейін, – деп қалтасына қол салып, теңге шығара бастады.
– Жер-бесік тегін емес пе? Мен бұрын келдім, алып кетем. – Әлімбек төрт қол төрт құлағынан ұстап, мәйітті соңғы сапарға аттандырар ортасы шүңет тақтайды жамбас қырына салып, мәшинеге қарай бет алды.
– Осындай да адам болады екен-ау... – Өтініш айтқан жігіт күбірлеп қала берді.
Сөз естіп қалған Әлімбек те қалыспады.
– Өзіңді жөндеп ал, шешеңнің...
«Волганың» жүк салғыш қақпағын ашып, кісі бойындай тақтайды бір қырынан төңкеріп салғанмен жер-бесіктің жартысы сорайып сыртта қалды. Дегбірі кетіп, боқтау естіп, қобалжып қарап тұрған жігіт қасына кеп сөйлеп кетті.
– Оу, жігітім, артына сыймайды дедім ғой. Бұны дәл осылай жеткізе алмайсың. Мен марқұмды жөнелтіп болғасын үйіңе апарып тастайын. Әдірісіңді берші, – деп еді, жүк салғыштағы бұрыш-бұрышқа тығылған майда-шүйде мен томат толтырылған топ-томпақ екі банкіні артқы орындыққа еппен қойып, тар дүниені кеңіте алмай зығырданы қайнаған Әлімбек шырт ете қалды.
– Басымды ауыртпа дедім ғой, шешеңнің...
– Сізге дауа жоқ екен... – Әлгі жігіт жүк салғышы кең даладай далиған мәшинесін гүр еткізіп, басқа мешітке жер-бесік іздеп жөнеп кетті.
Әлімбек енді «Волганың» төбесінде қатар тартылып, тарбиып тұрған темірдің үстіне тақтай жер-бесікті қойды да, байлайтын жіп таппай әбігерге түсті. Көз алмай қарап тұрған имам:
– Дайындықсыз келіпсіз-ау, бәтшағар, – деп еді, тіліне үйірілген ыза боқтық аралас сөз боп аузынан шықты.
– Жер-бесікті байлайтын бір метр жіп тауып бере алмай тұрып, ақыл айтасың. Сендей имамды ұрғаным бар ма, – деп жүк салғышта шырматылып жатқан майға бөккен кіршең сымды салбыратып алып шығып, тақтайды ортан белінен бір тартып байлады да, «қош» деместен жөнеп кетті.
Әлімбек ақсұр «Волгамен» жүйткіп келеді. Көз алдында түнде бақилық болған ағасының кескін-кейпі бұлдырап, Алматыға оқуға апарғаны, онан оқи алмай қайтып келгені, алғаш аузына арам ас – жүз грамм алып, масаң күйде үйге кеп әйеліне тиіскенде күректей алақанымен сарт еткізіп жағына бір салғаны есіне түсіп, оң қолын рөлден босатып, жағын сипады.
Ақсұр «Волга» жүйткіп келеді. Бір сәт төбесі шайқатылып, тық-тық дыбыс шыққандай болды. «Қазір-ақ жетеміз, енді үш шақырым қалды». «Рада, рада» деп саңқылдай берген дауысты дөңгелек нүктені шырт басып, өшіріп тастады. «Мені адасып кетеді деп саңқылдап тұр ма?» Рөлден қолын босатып, күректей алақанымен тағы да оң жағын сипады. «Ішсем өз арағым, ұрсам өз қатыным, сенің шаруаң қанша?!» деп бақилық болған бір туғанына кінә арта бастады. – Жатасың енді жер-бесігіңде. Жайлы төсегіңді қазір-ақ жеткізіп беремін?!».
Осы жаз келсе болды, жол жөндеу деген қарбалас басталады екен. Қарашы, жолдың бір шеті ыңыранған көлік, бір шеті қызыл жалау байлап қойып асфальт төсеп, оны тасбақа жүріспен басып-жаншып таптаған зілмауыр піл-трактор. Мына бір алысқа жүк таситын ирелеңдеген «дальнобойщик» сәл ығысып, жол берсе қайтер еді? Құдай біледі, Қытайдан қайтқан мәшине, осылар-ақ тегіс жолды шұңқыр ғып бітірді. Ирелеңдеген төртбұрыш «контейнер» мәшине қарқынға қарқын қосып, басып оза бергенде көлігі шайқалақтап, төбесінен адам даусы естілгендей болды. «Мынау ағамның даусы, түнде ғана көз жұмған Қайырбектің үні ғой. Оу, ол түнде жан тапсырған жоқ па еді? Мынау жер-бесікті сен үшін әбігерге түсіп әкеле жатқан жоқпын ба? Қиылып тұрып сұраған жігітке бере салғанымда...» деп қылаң ой қылт еткенде дәл төбесі найзағай ойнағандай шатыр ете қалды. Кілт тоқтағанда машина тұмсығы тасбақадай тырбаңдап, асфальт тегістеп келе жатқан піл-тракторға тиіп кетіп, екпінмен алға итініп, топ-томпақ маңдайы терезе әйнегіне соғылып, қып-қызыл қанға малынды. Маңдай-пешенеге қан шылаған әйнек сынықтары жабысып, қос жанарын көмескі дүние жаулап алды. Есеңгіреген күйі есікті ашып, төбеге қарай бергенде алты дөңгелекті алып мәшине көне «Волгаға» жамбас тигізіп, сүйкеніп өтті. Ортасы шүңет тақтайды ортан белінен бір тартқан кіршең сым шорт үзіліп, есеңгіреп тұрған Әлімбектің қақ маңдайына жер-бесіктің қыры тиіп, қара жерге сылқ түсті.
Алты дөңгелек ауыр мәшине ауыр аяңмен жөнеп кете берді.
Піл-трактор буы бұрқырап, қолқаны атқан қара асфальтті зілмауыр салмақпен арлы-берлі таптап жүр.
Адамзаттың жамбас тигізер ең соңғы көлігі – жер-бесік төңкеріліп түсіп, Әлімбектің үстіне құлапты. Жалғыз аяқ соқпақта дір-дір етіп бара жатқан үсті-басы алба-жұлба бір қаңғыбас жер-бесік денесін жапқан өлімші жігітке қарап тұрып: «Бүгін астындасың, ертең намаздыгер-намазшамда үстінде жатасың», – деп күбір етті.
Жол шетінде таяққа ілулі қара май жұққан қызыл жалауша көрінер-көрінбестей боп қылтиып тұр.