Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:17, 13 Қазан 2025

Куба Украинадағы соғыста Ресейді қолдап жатыр деген айыптауларды жоққа шығарды

Куба Сарбаздары
Фото: Reuters

Куба билігі өз азаматтарының Украинаға қарсы соғыста Ресей жағында соғысып жатыр деген АҚШ тарабының айыптауларын жоққа шығарды.

Бұл туралы Куба Сыртқы істер министрлігі арнайы мәлімдеме таратты.

«Куба АҚШ әкімшілігінің Украинадағы әскери қақтығысқа Куба қатысып жатыр деген жалған айыптауларын түбегейлі жоққа шығарады», — делінген Гаванада жарияланған ресми мәлімдемеде.

АҚШ Кубаны азаматтарын қорғауға қабілетсіз деп сынға алды

АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Куба билігі өз азаматтарын Ресей мен Украина арасындағы соғысқа тартылудан қорғай алмады деп мәлімдеді.

«Біз Куба азаматтарының Ресейдің Украинаға қарсы соғысында ресейлік күштер жағында соғысып жатқаны туралы ақпаратқа иеміз. Куба режимі өз халқын бұл соғыста пайдаланудан қорғауға қауқарсыз болып отыр», — деді АҚШ өкілі.

Куба: жалдамалылар сотталды

Куба СІМ мәліметінше, 2023 жылдың қыркүйегінен бастап ел азаматтарының Ресей арқылы майданға аттанғаны туралы хабарлар жиілеген. Сол кезден бері 26 кубалық азамат жалдамалылық үшін 5 жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айырылған.

Билік бұл істі Куба заңнамасын бұзған «жеке тұлғалардың әрекеті» деп атап, елдің ресми саясатына қатысы жоқ екенін айтты.

Украина дерегі: мыңнан астам кубалық Ресей жағында

Украина тарапынан жұмыс істейтін «Хочу жить» бастамасы (ресейлік сарбаздарға берілуді ұсынатын бағдарлама) бұған дейін 2023 жылдың басынан бері Ресей жағында кемінде 1000 кубалық жалдамалының соғысып жүргенін мәлімдеген.

Алайда Гавана бұл деректі жоққа шығарып, Куба ешбір елге қарсы соғысқа адам, техника немесе ресурспен қатыспайтынын қадап айтты.

Тегтер: